«Қызыл» аймақта талап қандай?

26 шілдеде 2 684 жағдай анықталды. Коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметінше, Нұр-Сұлтанда – 864, Алматыда – 505 жағдай тіркелген. Қарағанды облысында 379 адамнан КВИ анықталғанын айта кетуіміз керек. Бұл өткен тәулікпен салыстырғанда екі есе артық. Алдында 170 адамда анықталған еді. Дегенмен, өңір «жасыл» аймақта.

Облыста кешегі күнге дейін COVID-19-дың расталған 153 659 жағдайы тіркелді. Осыған қарамастан аймақта вакцинация қарқыны төмен. 27 шілдедегі мәлімет бойынша бірінші компонентпен 675 432 адам егілген, бұл вакцинациялауға жататын халықтың 75,3%-ы. Ал, жалпы халық санының 47,3%- ы. Вакцинацияның толық курсын аяқтағандар саны – 633 316. Вакцинациялауға жататын контингенттің 70,6%-ын білдіреді. Ұжымдық иммунитет әлі де қалыптасқан жоқ. Былтыр басталған ревакцинация аясында 249 223 адам бустерлік доза алса, 25 мамырда қайта басталған ревакцинация бойынша 20 915 адам егілді.

Жалпы, Алматы қаласынан басқа барлық өңірлерде эпидемиологиялық ахуал қалыпты саналады. Десе де, Денсаулық сақтау министрлігі кәсіпкерлермен бірлесіп, эпидемиологиялық жағдайға байланысты «қызыл» аймаққа өткен өңірлерге жоспарланған шектеулерді талқылауда. Ұлттық палата өкілдері, кәсіпкерлер былтырғыдай қатаң шаралардың болмауын сұрады.

Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған шаралардың ішінде Ashyq бағдарламасын пайдалану, бұқаралық іс-шараларды 50%-ға дейін шектеу, қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру, сондай-ақ, вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге әлеуметтік қашықтық, маска режимі және жедел тестілеуді қолдану бар. «Сары» аймақтағы шектеу шаралары ұсынымдық сипатта. Ал, «қызыл» аймақ кезінде былтырғымен салыстырғанда жеңіл нұсқа ұсынылады.

Ashyq платформасы аруханалардағы төсек-орын қорының 50%- дан астамы толған кезде қолданылады. Егер денсаулық сақтау жүйесі үлгермей қалса, онда 2020 жылдағы жағдай қайталанады, сонда Ashyq енгізіледі. Қазіргі кезде Ashyq ақпараттық қауіпсіздікке сынақтан өтіп жатыр. Бағдарлама жақын арада өнеркәсіптік пайдалануға беріледі. Жыл бойы ол тәжірибелік пайдаланудан өтті. Яғни, тәжірибелік пайдаланудан кейін ол өнеркәсіпке енгізіледі, – деп түсіндірді министрліктің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Сәуле Ахметова. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты шектеулерді Коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдайды. Бұл әзірге талқылау. Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігі алдында қатаң шектеу шараларының болмайтындығын мәлімдеген еді.

Жансая ОМАРБЕК.