Бас тақырып

«Әке, біз сізді үйде күтеміз!»

«Әке! Өзіңді сақта», «Әке, біз сізді үйде күтеміз!». Осылай деп жазылып, баланың күлімсіреген суреті салынған плакат шахтаға түсер есік алдында ілініп тұрғанын көріп, жүрек елжірегені бар еді. Ол – сақтық. Яғни, жұмыста абай бол дегенді білдірсе керек. Дегенмен, облыс бойынша 2021 жылы 199 жазатайым оқиға тіркеліп, 238 адам зардап шегіп, 37 адам қайтыс болған екен. Олар енді бұл жазуды оқымайды. Ауыр сөз. Бірақ, ақиқат. Жоғарыда айтылғандай плакатты әр өндіріс, құрылыс алаңдарына да іліп қояр ма еді?! Мүмкін сонда «сақтықта қорлық жоқ» дегенді түсінер ме едік? Өйткені, жазатайым оқиғаның көбі жұмысшының салғырттығынан болады екен…

Жақында Елордада KIOSH-2022 X Қазақстандық еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференция өтті. Жиында Қазақстанда өндірістік жарақат 2 пайызға төмендегені туралы айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ахмади Сарбасов: «Үкімет пен әлеуметтік серіктестер қабылдаған іс-шаралардың арқасында өндірістік жарақаттың төмендеу динамикасы бар. 2020 және 2021 жылдармен салыстырғанда өндірістік жарақаттың 2 пайызға төмендеуі байқалады. Егер соңғы 10 жылды алсақ, онда 10 пайызға төмендеп отыр», – деді. Дегенмен, ол өндірістік жарақаттану проблемасының әлі де сақталып отырғанын жасырған жоқ. «Бірақ, бұл проблема азайды дегенді білдірмейді. Өкінішке орай, өндірістік жарақаттану сақталып отырған экономика салалары әлі де бар. Олар – Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы тау-кен металлургия кешендері, құрылыс секторы», – деді Ақмади Сарбасов.

Өздеріңіз көріп отырғандай, өндірістік жарақат тау-кен металлургия кешендері, құрылыс орындарында көп болады екен. Ол бірінші кезекте қарағандылықтарды да алаңдатса керек.

Осы мәселе бойынша талдау жүргізген Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Ирина Любарская:

Жүргізілген талдау өндірістік жарақаттанудың себептері, әдетте, ұйымдастырушылық сипатқа ие екенін көрсетеді. Атап айтқанда, бұл жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру, еңбек және өндірістік тәртіпті бұзу, еңбектің қауіпсіз әдістері мен тәсілдерін оқытудағы кемшіліктер, жұмыс орындарын қанағаттанарлықсыз ұстау және оларды ұйымдастырудағы кемшіліктер және басқалары.

Өндірістік жарақаттанудың жасырын фактілерін болдырмау мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасымен, полиция департаментімен бірлесіп ай сайын өндірісте зардап шеккендер бойынша жұмыс жүргізіледі.

Өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жұмыс ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы және Қарағанды облысында 2021- 2023 жылдарға арналған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы, «Өндірістік жарақаттану – ЖОЛ ЖОҚ» жоспары шеңберінде құрылады. Барлық аудандар мен қалаларда прокуратура қызметкерлерінің төрағалығымен жұмыс топтары құрылды, олардың құрамына қалалардың, аудандардың әкімдері, мемлекеттік еңбек инспекторлары және барлық мүдделі мемлекеттік органдар, кәсіподақ ұйымдары кірді. Онда жұмыскерлердің қатысуымен тікелей кәсіпорындарда алдын алу жұмыстарын жүргізу арқылы өндірістік жарақаттануды төмендету мәселелері қаралады, – дейді.

Өткен 2021 жылы алғашқы 9 айында еліміз бойынша өндіріс орындарында 140 адам қаза болған, мыңнан астам адам жарақаттанған. Еңбек және әлеуметтік қорғау Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев осылай деп мәлімдеген болатын.

Комитет жетекшісінің сөзіне қарағанда, өндіріс орындарында негізінен төмендегідей заңбұзушылықтар жиі кездеседі: еңбек қауіпсіздігін толық қамтамасыз етпеу, жұмысшыларға техника ережелерін ескертіп, нұсқаулық бермеу, арнайы киім сияқты жеке қорғаныс заттарымен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етпеу, еңбек қауіпсіздігі бойынша жауапты қызмет немесе тұлғалардың болмауы.

«Биыл 9 ай ішінде мемлекеттік еңбек инспекторлары 8 мың заңбұзушылықты анықтаған. Жұмыс берушілерге 2700 ұйғарым берілді. Жалпы сомасы 189 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды, құқық қорғау органдарына 777 материал жіберілді. 102 қылмыстық іс қозғалды», деді Нұрғалиев.

8 мың заңбұзушылық аз ба, көп пе?! Өзіңіз сараласаңыз да болады. Дегенмен, бұл сан біздің қоғамдағы басты ауыртар басты мәселе болса керек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button