ЭКОНОМИКАДА ӨСІМ БАР Бірақ, көмір өндірісі азайған

Жыл басынан өнеркәсіп саласында оң серпін қалыптасқанымен, өткен аймен салыстырғанда қарқыны төмен. Жалпы, облыстың өндіріс көлемі жайлы айтқанда, оның өңірдегі алпауыт компанияларға тәуелді екені айтпаса да түсінікті. Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті көмір өндіруді 30-35 пайызға төмендеткен. Нәтижесінде, облыс шахталарында көмір аз шығарылатын болғандықтан, бірқатар электр станцияларының да жүктемесі азайған. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ басшылығымен өткен аппарат жиналысында белгілі болды.

Шахтинск қаласының әкімі Әскербек Халтонов ай сайынғы өндіріс көлемінің орындалмай отырғанын қынжыла мойындады. Оның үстіне былтырдан бері «Тентек» шахтасының жұмысын тоқтатқанын тағы қосыңыз. Шахтинск қаласы бойынша жұмыс істеп тұрған 3 шахта 1-тоқсанда уәделі межеге жете алмайды.

– Жоспар жоспармен. Бірақ, 92%-ға жету қиын болып тұр. Оның үстіне «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір өндірісін бәсеңдетіп отыр. Өндірістің 80%-ы осы кәсіпорынға тиесілі болғандықтан, жыл бойы көрсеткішті орындай алмаймыз, – дейді Әскербек Ибрагимұлы.

Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов та өндіріс көлемінің азайғанын айтады. Яғни, физикалық көлем индексі 69%-ға төмендеген. Себеп – «Абай» шахтасында көмір өндіру тоқтатылуында. Биылғы қыркүйекте ғана жұмысын бастайды деген болжам бар. Одан бөлек, «Восточный» кен байыту фабрикасында да көмір концентратын өндіру 65%-ға төмендеген. Айналып келгенде барлығы көмір өндірісін төмендеткен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға келіп тіреледі. Оның үстіне, әлемдегі ахуалдың да салқыны тимей қойған жоқ. Себебі, наурыздан бері Украина мен Ресейге экспорт тоқтаған. Көмірден бөлек, аталған ауданда электр энергиясын өндіру де айтарлықтай төмендеген. Себеп – көмір тапшылығы.

– «Топар бас энергия тарату станциясы» ЖШС-де энергия өндіру 80%-ға төмендеген. Себебі – станция жүктемесі аз. Оған да көмір жетіспеушілігі себеп болды. Ауа-райының күрт бұзылуы тағы бар. Жыл қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 85-90%-ға орындалуы мүмкін, – дейді Бауыржан Қоңырұлы.

Жезқазғанның да жағдайы да мәз емес. «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС тазартылған мыс өндірісі көлемін төмендеткен.

Соған қарамастан, «облыста экономиканың барлық көрсеткіштерінде оң динамика бар» дейді облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов. Бірақ, кері тартқан өңірлер де жоқ емес.

Өңдеу және тау-кен өнеркәсібі өндірісінің көлемін ұлғайту есебінен өнеркәсіпте күтілетін өсім – 3%. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінде болат пен шойын прокаты өндірісінің өсуі есебінен 4%-ға өсім күтілуде. Тау-кен өнеркәсібінде көмір, мыс және темір кендерін өндіруді де арта түседі. Бірақ, Жезқазған, Приозерск, Шахтинск қалалары, Абай ауданы оң динамиканы қамтамасыз ете алмай отыр, – дейді Азамат Мұқанов.

Облыс капиталына салынған инвестицияларға келетін болсақ, мұнда 92 миллиард теңгеден астам қаражат игеріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, инвестициялық белсенділіктің артуы азық-түлік өндірісі, құрылыс, көлік, қаржы, сақтандыру қызметі, кәсіби-ғылыми және техникалық қызмет сияқты салаларда күтіледі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 1,6%-ға артып, мал шаруашылығы өнімдерін шығарудың өсуі есебінен 9,2 миллиард теңгені құрайды. Ет өнімдерінің өндірісі 1,4%-ға, сүт өндірісі 3,3%-ға өседі деп күтілуде, – дейді Азамат Мұқанов.

Құрылыс секторында 43 миллиард теңгеден астам сомаға жұмыстар орындалады. Бұдан басқа, 152 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4%-ға артық. Бірақ, Балқаш, Саран, Сәтпаев, Теміртау, Шахтинск қалалары, Абай, Ақтоғай, Осакаров және Шет аудандарында көрсеткіш орындалмай отыр.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны да артып, 96 252-ге жеткен. Ал, ішкі тауар айналымының көлемі – 530,7 миллиард теңге. Азамат Мұқановтың айтуынша, сыртқы сауданың даму серпіні де өсіп келеді, өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. Көлік саласында 1,6%-ға немесе 87,7 миллиард теңге көлемімен өсу күтілуде, ал жолаушылар легі өткен жылмен салыстырғанда 10,5%-ға, жүк айналымы 7,1%-ға артады.

Ал, қарағандылық диқандар мамыр айында егіс жұмыстарына кіріседі. Әзірге облыста көктемгі дала жұмыстарына дайындық жалғасуда. Егін егу ауа-райына байланысты сәуір айының соңында немесе мамырдың басында басталады, бірақ дән себудің оңтайлы мерзімі – 10-28 мамыр аралығында.

– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жаздық егістігі – 1 999 000 гектар. Дәнді дақылдар 977,5 мың гектарға, майлы дақылдар 28 мың гектарға, жемшөп дақылдары 81,5 мың гектарға себіледі. 11,4 мың гектарға – картоп, 1800 гектарға көкөніс отырғызылады, – деді облыстық ауыылшаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров.

Салтанат ІЛИЯШ.