Экомәдениет қоқыс қалдырмаудан басталады

Қала мен ауыл сыртындағы бос жатқан жерлердің әп-сәтте қоқысқа толып кетуі өзекті мәселеге айналғалы қашан. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою облыстың 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасына да енген. Сәрсенбіде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыс бойынша Экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков қоршаған ортаға қамқорлық жайына тоқталды.

Экомәдениет қоқыс қалдырмаудан басталады

Спикердің мәлімдеуінше, биыл облыста 745 заңсыз қоқыс орындары анықталып, оның 725-і жойылған. Қарағанды, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау, Осакаров аудандарында қоқыс орындарының азайғаны аңғарылады. Бұл бағыттағы жұмысқа жергілікті әкімдіктер тарапынан рұқсат етілмеген қоқыс, үйінділерін тазалауға 500 млн. теңге көлемінде ақшалай қаражат бөлінді.

Қарағанды облысында 202 қатты тұрмыстық қалдық полигоны орналасқан. Бүгінгі таңда 54 полигон бойынша рұқсат құжаттама бар. Қалған 148 полигонды барлық экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келтіру қоқыс үйінділерінің санын азайтуға ықпал етеді.

2022 жылы Департамент прокуратураның заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысы негізінде аталған полигондарға қатысты кент пен ауылдық округтер аумағында жоспардан тыс 12 тексеру жүргізген. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 332-бабы бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында қамтылған талаптарды орындамағаны үшін 12 әкімге 76 575 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Жалпы сомасы 918 900 теңгені құраған айыппұлдар толығымен өндірілген.

Дерек пен дәйектен соң Қанат Жантұяқұлы, БАҚ өкілдеріне экологиялық тәрбие мен мәдениеттің маңызын атап өтті. «Айналамызды абат ету – әр азаматтың қастерлі борышы. Қалған қоқысты сұрыптау – өркениетті елдердің ежелгі машығы. Біз де бұған даяр болуымыз – уақыт талабы. Көп жағдайда қоршаған ортаға немкетті қарап жатамыз. Құдық құрғамайынша, судың құнын білмейміз. Сайып келгенде экология – ел тағдыры», – деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Ortalyq.kz