Абай

Шағын қаланың шырайы

Алдыңғы сәрсенбіде өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры Абай қаласына ат басын бұрды. Журналистер моноқаланың тамырына қан жүгірткен кәсіпорындарға бас сұғып, Абай қаласының әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Ат басын тіреген ең алғашқы нысан – Абай тігін фабрикасы болды. Жеке инвестордың қаражатына қалпына келтірілген фабрика бүгінде өндіріске қажетті арнайы киім, күртеше, төсек-орын жабдықтарын тігеді. Цехтан шыққан өнімдерді өңірдің және елдің ірі өнеркәсіп орындары тапсырыспен алдырады. 80 қызметкер, 60 тігінші жұмыс істейтін кәсіпорынға әлі де мамандар керек. Тігін фабрикасының директоры Нұрхан Жұмабеков тігіншілер аз болғандықтан, көп тапсырыстан бас тартуға тура келеді дейді:

Біздің фабрикадан шыққан өнімдерді түрлі кәсіпорындар, логистикадағы кәсіпкерлер, құрылыс компаниялары, автобус зауыттары алады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар да жұмыс істейді. Бізге тапсырыс көп түссе де, біз оның барлығын ала алмаймыз. Себебі, тігіншілер жетіспейді.

Қазірдің өзінде білікті тігіншілер 250 мың теңге жалақы алады. Абай қаласында тігіншілерді оқытатын колледж ашқымыз келеді. Сонда ғана өндірісті одан әрі дамыта аламыз, – дейді фабрика директоры.Одан кейінгі сапар Абай қаласының орталық ауруханасында жалғасты. 2 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен аурухана бүгінде тұрғындар үшін сапалы қызмет атқаруда. Аурухананың қабылдау бөлімшесінде шұғыл медициналық көмек көрсетуді көздейтін 3Н жүйесі енгізілген. Жаңа қондырғылар мен жабдықтар әкелінген.

Науқастарға ыңғайлы болуы үшін қабылдау бөлмесі 3Н жүйесіне сай жабдықталды. Бүгінде бізде 500 персонал бар. Стационар 87 орынға лайықталған, жалпы аурухана күніне 325 адам қабылдауға ыңғайланған. Абай қаласының, Горный, Қарабас кентінің, Дубовка ауылының тұрғындары осында келіп емделеді. Ауруханаға тіркелген адам саны – 37 мың. Емхана 2 жыл бұрын күрделі жөндеуден өтті. Заманауи жаңа қондырғылар әкелінді. Оның ішінде мамограф, 5 тыныс алу аппараты, рентген, ЭКГ аппараты бар, – деп таныстырды аурухана директоры Маратбек Жұмақаев.

Қалаішілік жол жөнделуде. Қала әкімі Медеу Ахметовтың айтуынша, биыл 4,5 шақырымды құрайтын көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жасалады.

– Биыл Абай қаласы бойынша бірқатар жұмыс жоспары алға қойылды. Қаладағы 3-шағынауданда асфальт төсеніштерін төсеу жұмысы басталып кетті. Жаяу жүргіншілер жолы, яғни тротуар 3 көшеге салынып, тұрғындар игіліне берілді. Абай ауданында 40 км қалаішілік жолы бар, биыл 4,5 км көшелердің жолы орташа жөндеуден өтеді. 7-8 км қалаішілік жолдарға жөндеу жұмыстары жасалады. Кәріз жүйесі 64 шақырымдай жерге қайтадан алмастырылып, қалпына келтіріледі, – қала әкімі Медеу Ахметов.

Шаһар басшысының айтуынша, қалада ауданы 16 мың шаршы метр болатын ірі сауда, ойын-сауық орталығының құрылысы басталған. «Бұл бірінші кезекте жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қаланы көгалдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 200-ге жуық көшет пен 2,5 мың бұта отырғызылған. Бұл жұмыс күзде де жалғасын табады», – дейді қала әкімі.

Абай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақниет Абжатов қалада абаттандыру, көшені жарықтандыру, асфальт салу бойынша жұмыстардың жасалып жатқанын айтты. Сондай-ақ, тек қаланың өзінде ғана емес, аудан құрамындағы кейбір елді мекендерде жол жөнделіп жатқанын тілге тиек етті.

Абай қаласында өз кәсібін табыспен дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлер жетерлік. Солардың бірі – Дана Аманбаева «Kids time» деп аталатын балаларды дамыту орталығын ашқан. Ол 2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, сертификатқа ие болған. Кейін 2020 жылы осы орталықты ашу үшін 555200 теңге көлемінде грант ұтып алып, жұмысын бастап кеткен. Бүгінде қажетті жабдықтар мен жиһаз сатып алынып, 2 жұмыс орны құрылған. Орталықта 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Дамыту орталығының ерекшелігі – мұнда кешенді оқытумен қатар, әр баланың жеке ерекшелігіне сай оқытуға баса назар аударады. Балалар мұнда ойнап жүріп оқиды. Олар сурет салады, ән айтады, ойнайды, бояйды, сонымен қоса, шет тілдерін үйренеді.

Бұл – Абай қаласындағы бүлдіршіндерге арналған алғашқы дамыту орталығы. Біздің орталықта оқыту әдістемелерінің кешені жұмыс істейді, бірақ негізі – Монтессори әдістемесіне сүйенеміз. Орталықта 40-қа жуық бала, 8 топ бар. Балаларды 4 оқытушы оқытады. Алдағы уақытта орталықты кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бірақ, Қарағанды секілді үлкен қалаларда орын жалға алу қиын. Болашақта актерлік шеберлік сабағын оқытуға Қарағандыдан педагогтерді тарту ойда бар, – дейді Дана Аманбаева.

Биыл Абай ауданында кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлік субъектілері санының өсуі күтілуде. 100-ден аса жұмыс орнын құрып, 30 жаңа нысан ашу жоспарланған. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдау үшін ауданнан 50 грант бөлінеді.

Аймақтың әлеуметтік және экономикалық жағдайын айқындайтын моноқалаларға ерекше көңіл бөлінуде. Шағын шаһардың толассыз тыныс-тіршілігі осыны айғақтайды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button