Қарағанды

Қарағанды қаласында 400 студентке арналған заманауи жатақхана салынуда

Негізі Қарағанды аймағы өзге өңірлер секілді, жатақханаға тапшылық алқымнан алып тұрған жоқ. Ашық ресурстағы деректер өңірдегі орын тапшылығы 1200-1500 шамасында деседі. Студенттердің табанынан тозып, жатақханаға жете алмай, тапшылықтан тауы шағылғанын әзірге ешкім көрген жоқ. Десек те, әр оқу ордасы бірінші кезекте студентіне жылы орын ұсынуы тиіс. Осыған қатысты мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әлеуетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында тағы бір мәрте атап айтылып, арнайы тапсырмалар берілген. Қазіргі уақытта жер-жерде жатақханалар құрылысы жүріп жатыр. Қарағандының қақ ортасында да сондай жаңа жатақхана құрылысы қолға алынғалы бірер жыл. Тағы бір жатақхана желтоқсанда есігін айқара ашпақ. Бұл – Қарағанды медицина университетінің жатақханасы.

Президент Қазақстан халқына Жолдауында: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн», – деді.

Қарағанды медицина университеті 9 қабатты жатақхананы өз қаражатына тұрғызуда. Онда 400 орын бар. Қарағанды қаласының орталығында орналасқан жатақханаға жер телімі берілген.

Студенттердің үйі заманауи болады деп күтілуде. Бір бөлмеде екі орын. Әр бөлменің жуынатын орны-жеке. Бұрынғы жатақханалардай ортақ емес.

Бұл жобаның басқалардан ауыз толтырып айтарлық артықшылығы жоқ емес. Мәселен, толықтай жарықтандырылған жатақхана ауласы. Бұған дейін жатақханаларда аула атымен ойластырылмағанын ескерсек, бұл да жаңалық.

Жатақхана аумағында жаттығу құрал-жабдықтарымен спорт алаңы да жасақталады. Ғимарат ішіндегі кең спорт залы бұқаралық спортқа ықпал ете түсері хақ. Бұдан бөлек студенттердің түрлі шара өткізуіне арналған акт залы жобада ескеріліпті. Оқу залы, компьютерлік сынып та студенттер игілігіне қызмет етеді.

Құрылыс мердігері «Казстройподряд» ЖШС компаниясы жатақхананың қабырғасын қалаудан бастап, табалдырығына төселер кілемшеге дейін жауапты. Яғни, бұл компания құрылысты салып, содан соң жайына кете бармайды. Түгелдей жиһазбен жабдықтауға дейінгі міндетті мойнына алған. Жалпы, жатақхана құрылысының құны – 2 млрд.теңге.

«Жатақхана іске қосылғанда оқу орнының тұрғын үй қоры 3000-нан аспақшы. Жалпы, университетте 7 мыңнан астам студент білім алса, олардың жайлы да алаңсыз тұрмысын оқу орнының 6 жатақханасы қамтамасыз етеді. Бұл жатақханалардағы орын саны – 2761», – дейді Қарағанды медицина университетінің баспасөз қызметі.

Қызғалдақ АЙТЖАН. 

Басқа материалдар

Back to top button