Қарағандылық Таңат Оспанқұл құсбегіліктен халықаралық чемпионатта жүлдегер атанды

Абай облысында құсбегіліктен І Халықаралық чемпионат өтіп, жерлесіміз Таңат Оспанқұл баптаған ителгі бірінші орыннан көрінді.

ТАҢАТ ОСПАНҚҰЛ

Чемпионат Үржар ауданында ұйымдастырылған. Оған алты шет мемлекет пен еліміздің түпкір-түпкірінен 100-ге тарта құсбегі қатысты. Олар Бүркіт, Қаршыға, Ителгі құстарын жарысқа қосты.

Таңат Талғатұлының айтуынша, чемпионат жоғары деңгейде өткен. Ителгі жарысы бойынша баптап-бәпестеген Самал атты сұңқар қолға қондыру кезеңінде үздік танылған. Келесі кезең – шырға тебу. Тепсінісі тегеурінді сұңқар ақтық сын қоянға салуда да қара үзіп, иесі арнайы диплом мен 700 000 теңгені қанжығалапты.

«Құсбегілік кейінгі кезде кенжелеп қалған ұлттық спорт түрі. Өз басым жүлдегер атанғаныма бек ризамын. Дегенмен, құсбегілікке мемлекет тарапынан жіті мән берілсе екен», – деген тілегін білдірді жеңімпаз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

ORTALYQ.KZ