Руханият

«Лирика сағаты» басталады

Республика күні мерекесі қарсаңында Қарағанды қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы бірлесіп, алғаш рет «Лирика сағатын» ұйымдастыруды қолға алды, деп хабарлайды Ortalyq.kz

Лирика сағаты аясында Қарағанды қаласының сауда үйлерінде апта сайын жұма, сенбі және жексенбі күндері есімі елге белгілі қарағандылық ақындардың өлеңдері аудиотаспа арқылы ел назарына ұсынылады.

– Мұндағы басты мақсат – жерлес ақындарды, шығармашылық иелерін қолдау және туындыларын насихаттау. Оларды ел танып, білуі, шығармаларын жатқа айтуы маңызды. Сонда рухани құндылықтар алға шығып, кітап оқуға деген елдің құлшынысы артады деп ойлаймыз. Алдағы уақытта насихаты кемшін түсіп тұрған дәстүрлі әншілердің шығармашылығын да осылай насихаттау ойда бар, – дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ілияш.

14 қазан сағат 12.00-де «Таир» сауда үйінде аталған шараның тұсауы кесіледі. Алғашқы бестікке Серік Сағынтай, Жанат Жаңқашұлы, Қайрат Асқар, Әділет Шопен, Ерік Нарын сияқты жерлес ақындар еніп отыр. Әрқайсының 10 шығармасы оқылады. Ақындардың жырлары алдын ала арнайы студияда жазылып, өңделген. Осылай әр апта сайын бес ақынның жырлары Арқа аспанын рухқа бөлемек.

Сонымен қатар, «Лирика сағатын», «Абзал», «CITY MALL», «ЦУМ», «Умай», «Корзина», «NormaN», «Галерия», «Global city» сауда үйлерінде де жұртшылықтың назарына ұсыну жоспарланған.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button