Жаңалықтар

Эльвира САҒЫМБАЕВА: «Есірткіге тәуелділік – санадан»

Есірткі – адам психикасын, көңіл-күйін, санасы мен тәртібін өзгертетін зат. Оны қабылдаған адамның бойында қандай өзгеріс болады, жалпы, ол адамды анықтап білу мүмкін бе? Нашақорлармен тікелей жұмыс істейтін облыстық психикалық денсаулық орталығының медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесінің психологі Эльвира САҒЫМБАЕВА біздің сұрақтарымызға жауап берді.

– Адам баласы, оның ішінде, жастар есірткінің зиянды екенін білсе де неліктен үйір?

– Есірткі – тікелей санаға, миға әсер ететін зат. Әдетте, оны пайдалану қызығушылықтан басталады. Жастар арасында нашақорлықтың тез таралуы содан деп ойлаймын. Бірінші рет қолданып көргенде ләззат алып, кейін соған тәуелді болып қалады, оны іздеумен болады. Солайша, қас-қағым сәтте нашақорға айналып шыға келеді. Екінші жағынан, отбасындағы ата-ана мен баланың арасында өзара түсініспеушілік, немқұрайлылық немесе ата-ана арасындағы жиі ұрыс-керіс жастардың есірткіге бой ұруына себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ, жасөспірімдік кезеңнің психологиялық ерекшелігі, атап айтқанда, өзін-өзі бағалау, құрбыларының ықпалына көну, психикалық ауру-депрессиялық синдром есірткі қолдануға алып келуі мүмкін.

– Есірткіге тәуелділік қандай болады?

– Есірткілер әртүрлі дәрежеде физиологиялық және психологиялық тәуелділік тудыруы мүмкін. Әдетте, психологиялық тәуелділік физиологиялық тәуелділікпен байланысты. Жағымды бауыр басу – есірткіні жағымды әсерге (эйфория, сергектік сезімі, күш-қуат) жету үшін қабылдаса, жағымсыз бауыр басу кезінде мақсат күйзеліс пен нашар көңіл-күйден құтылу болады. Физиологиялық тәуелділік – ауыр, тіпті, азап сезімдерімен байланысты. Мұндайда есірткіні тұрақты қабылдаушы үзіліс кезінде ауыр жағдайға, яғни, абстинентті синдромға, «сынуға» тап болады.

– Есірткі қабылдайтын адамдарды сыртқы келбетінен, жүріс-тұрысынан танып білу мүмкін бе?

– Әрине, бала бойындағы әдеттен тыс өзгерістер қайтсе де назар аудартады. Мінез-құлықтағы ерекшеліктерден бөлек, бозғылт тері, кеңейген немесе тарылған қарашықтар, баяу сөйлеу, қозғалыстың нашар координациясы сияқты сыртқы белгілерден адамның есірткі қабылдайтынын байқауға болады. Ұйқының бұзылуы, бұлшық ет және буын аурулары, тұрақсыз қан қысымы, ауыздың құрғауы, ағзаның қорғаныс қасиеттерінің әлсіреуі де белгілерге жатады. Одан бөлек, ақша сұрау, жиілеген телефон қоңыраулары ата-ананы алаңдатуы тиіс. Екпе іздері, тілік, көгерген жер, түтікке оралған қағаз, кішкентай қасықтар, капсулалар, бөтелкелер мен құтылар сияқты заттар байқаған жағдайда дереу маманға жүгіну қажет.

– Орталықта нашақорларды қалай емдейді? Психологиялық қандай жұмыс жүргізіледі?

– Орталыққа келген емделушінің ағзасы әуелі дәрі-дәрмектің көмегімен есірткі мен улы заттардан тазартылады. Бір-екі апта науқастың физикалық жағдайын қалыпқа келтіреді, әрі қарай психологиялық жұмыстар атқарылады. Ең бастысы да осы. Себебі, адам «есірткіні қоямын» деп өзі шешім қабылдамайынша, жұмыс нәтижесіз. Яғни, бастысы – емделушінің есірткіден бас тартамын деген құлшынысы. Психологтар, туыстары осы шешімінен ауытқымауға көмектеседі.

Психологиялық жұмыс барысында психотерапиялық бағыттағы түрлі тәсілдер қолданылады. Мәселен, когнитивті мінез-құлық терапиясы, гештальт терапиясы, жүйелі отбасылық терапия және басқасы. Біздің психолог мамандар науқастың өз-өзін түсінуіне, алаңдаушылық, қорқыныш, паникалық шабуылдардан арылуға, отбасылық қарым-қатынастарды жақсартуға және жеке өмірдегі мәселелерді шешуге көмектеседі. Есірткі қолдануға себеп болған проблемаларды шешуге әсер етеді.

– Есірткімен күрес қарқынды болса да, жастар есірткіге оңай қол жеткізетін сияқты. Оның себебі неде деп ойлайсыз?

– Кез келген ақпарат, оның ішінде есірткіге байланысты мағлұмат та интернетте, әсіресе, әлеуметтік желілерде айтылады. Тіпті, қазіргі уақытта есірткі заттарын айналадан іздеудің немесе оны қалай пайдаланамын деп бас қатырудың қажеті жоқ секілді. Өйткені, ғаламторды ашып қалсаң, есірткіні қайда сататыны және оны үй жағдайында қалай жасауға болатыны туралы ақпарат тізбектеліп шыға келеді. Өкінішке қарай, ондай контентке толық тыйым сала алмай отырмыз. Сондықтан, бұл ретте басты жауапкершілік ата-анада болады. Баласының интернеттен не көріп, қандай сұраулар жасатқанын қадағалау керек. Жалпы, ата-аналарға «балаларыңызбен көбірек уақыт өткізуге тырысыңыздар» дегім келеді. Олардың қызығушылықтарымен санасып, үнемі тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысыңыздар. Себебі, өз отбасынан жылулық таппаған бала сыртқы ортаның ықпалына тез бейімделгіш келеді. Жасөспірім шақта балаңыздың өзін-өзі жетілдіруіне, дамуына, тұлғалық қалыптасуына мән беріңіздер. Нашақорлықпен күресуге жалғыз маман немесе бір органның шамасы келмейді. Бұл – әрбір ата-ананың, қоғамның ортақ ісі.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button