Бас тақырып

Ұлы Даладағы ұлық кеңес

Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫ өңір орталығы – Жезқазған қаласында Ұлытау және Қарағанды облыстарының әкімдері Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ мен Жеңіс ҚАСЫМБЕК күтіп алды.

Президентке Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жаңа облыстың әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласының және өңірдің қазіргі жағдайы мен оны дамыту жөніндегі жоспарды таныстырады. Мемлекет басшысы Үкіметке және облыс әкіміне бизнес өкілдерімен бірлесіп атқарылуы тиіс бірнеше маңызды мәселеге қатысты нақты тапсырма берді.

Жошы хан кесенесіне зиярат еткен Мемлекет басшысы түстен кейін Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысты.

Жаңа облысқа – соны серпіліс

Аймақ жұртшылығын алаңдатарлық мәселе баршылық: экологиялық ахуал, өңір арқылы өтетін республикалық жолдардың күйі, экономиканың әртараптандырылмауы, инженерлік-коммуникациялық жүйелердің тозуы және әлеуметтік саладағы түйткілдер. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы республикалық дәрежедегі жолдардың нашарлығы өңір экономикасының дамуын тежеп тұрғанын, соның салдарынан бағаның бой бермей, іскерлік белсенділік пен бизнестің кенжелеп қалғанын тілге тиек етті. Экономиканы әртараптандыруды жеделдету үшін арнайы экономикалық аймақ құру қажет екенін алға тартты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай Жезқазған қаласына Есқұла құбырымен су тарту 2023 жылы басталады, Үйтас-Айдос су құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталады. Қолдағы дерекке қарағанда, жаңа облыс орталығындағы тұрғын үй қорының үштен бір бөлігі (33%) көнерген. Бүгінде оларды жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру басталып та кетті. Сондай-ақ, биыл және келесі жылы қаланың жаңа ауданында көпқабатты 20 тұрғын үй салынады. Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, әлеуметтік салада қордаланған мәселелерді шешу үшін мемлекеттік университет, қосымша білім беру орталығын, сапалы мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерін және филармония залын салу қажет.

Ұлытау облысы мен Жезқазған қаласында қалыптасқан ахуалмен танысқан Мемлекет басшысы өңірді өркендету бағытындағы ұсыныстарды қолдады. Бәрінен бұрын жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажет екенін қадап айтты. Үкімет пен облыс басшылығына жол мәселесіне, экологияға, білім саласын дамытуға күш салуды тапсырды. «Қала барлық жағынан тартымды болуы керек. Жұмыс өте көп. Мен Жезқазғанның, облыстың ең көрікті өңір болатынына сенемін», – деді Президент.

«Қазақмыс» компаниясы басқармасының төрағасы Эдуард Огай кәсіпорынды және өңірді дамытуға қатысты белгіленген жоспар жөнінде баяндады. Компания жаңа стандарттарға сәйкес тұрғын үйлер салуды жоспарлап отыр. Қанаттас қоныстанған қос қала – Жезқазған мен Сәтбаевтың инфрақұрылымын дамытуға атсалысады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең түсінген компания басшылығы биыл 25,4 млрд. теңге қаражат бөліп отыр. Бұл – былтырғыдан екі есе көп.

Облыс әкімі өңірді дамыту туралы жоспарын айтты. Әлеуметтік мәселелер шешімін табуға тиіс. «Қазақмыс» компаниясын бұл іске белсенді атсалысуға шақырамын. 25,4 млрд. теңге мұндай ауқымды жұмыстарға жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандар құрылысына көмектесу керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы жағдайды жақсартқан жөн. Әрине, мәдени нысандарға да ерекше көңіл бөлінуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Қазақмыс» компаниясының басшылығы денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларына ерекше көңіл бөлінетінін баяндады. Мәселен, келесі жылы Жезқазғанда балаларға арналған спорт академиясы мен 200 балаға арналған интернат салу мәселесі қарастырылған. Мемлекет басшысы спорт нысанын салғанда әртүрлі спортты қамтитын көпфункциялды болуын ескеру қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының кенді өңірге сапары кезіндегі әңгіме ауаны жаңадан құрылған облысқа соны серпіліс беретінін аңғартты.

Құрылтайдан құт қалады

Қазақтың тамыры тереңге тартқан тағылымды тарихында ел билеген хан мен билік айтқан би, көш бастаған көсем мен сөз бастаған шешен небір тағдыршешті кезеңде Ұлытауға жиналып, ортақ мәмілеге келгені мәлім. Жарты жаһанды жаулаған Жошы хан осы қасиетті Ұлытауда бата алып, жорыққа аттанған. Берісі – Ресейде, арысы кәрі құрлықта атының ауыздығын ағытқан Бату да айбынды байрағын осы Ұлытауда көтерген. Қырым мен Үрімнің үрейін ұшырған көшпенділер көші дәл осы Ұлытаудан басталған. Айта берсек, аңызбен астасып, шындықпен шырайланған әсерлі әңгіме таусылмайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қасиетті топырақта елдік пен бірліктің байрағын желбіретіп, Ұлттық құрылтай шақырды. Ұлы Даладағы ұлық кеңесте сөйлеген сөзінде жиынға арнайы шақырылған делегаттарды құттықтап, күні кеше өткен республикалық референдумда үлкен өзгерістерге ниет білдірген, дауыс беріп қолдаған халыққа зор алғысын жеткізген Мемлекет басшысы:

– Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүр. Маңызды мәселелер осындай алқалы жиында талқыланған. Халық өзара ақылдасып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешім бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен талай құрылтай болған. Оның көбі халық үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан соң Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртты ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз, – деді.

Ұлттық құрылтайдың басты міндеті, қаңтар оқиғасының сабағы, ұлтты ұйыстыратын құндылық, жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызы, қазақ тілінің мәртебесі, қоғамды толғандырған тағы басқа келелі мәселелер төңірегінде терең толғаған ол: «Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім», – деді.

Ұлттық құрылтай ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына сенім білдірген Мемлекет басшысы: «Бұл жерде барлық рудың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабалар ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты.

Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз», – деп Алты Алаштың баласы бас қосқан алқалы жиында алғашқы тапсырмасын берді.

Тәуелсіздік мейрамының мәнін өзгертпестен, кейінгі кезде атаусыз қалған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

Алқалы жиынның соңы көпшілікті күрт серпілткен жағымды жаңалыққа ұласты. Ақынын ардақтаған Мемлекет басшысы: «Жақында Шәмшінің іні-досы Мұхтар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім» дегенде, жиналған жұртшылық дуылдата қол соғып, дүр етіп орнынан көтерілді.

Ұлттық құрылтайға Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден құралған 117 адам қатысты. 13 адам (10-ы алдын ала жазылған) сөйлеп, ой-пікірін, азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесі мен жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын ортаға салды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҰЛЫТАУ облысы.

Басқа материалдар

Back to top button