Сабырлы елдің салтанаты

Іргемізге індет келіп «жайғасқалы» екі жарым жылда ас пен тойың адыра қалып, үлкен кеніш, зәулім шаһардың мерейтойы тұрмақ, отбасылық қуанышымызды атап өте алмай қалдық емес пе?! Жеке бастың қоршаған ортамен, қоршаған ортаның қоғаммен байланысы үзіліп, әр тағдыр аквариумдегі балықтың, тордағы тоты құстың күйін кешіп кеткенін көзіміз көрді. Ортадан оқшаулану бәріміз үшін орасан игіліктің мүмкіндігін шектегенін қалай ұмытайық?!

Мен бұл жерде аста-төк той жасау игіліктің бастауы деген біржақты пікір айтқым келіп отырған жоқ. Дегенмен, арасы алшақтаған, бірін-бірі сағынған ағайынның басын қосып, бір аумақ тұрғындарын бір мүддеге жұмылдыруда, ұрпақ сабақтастығын жаңғыртуда тойдың орны ерекше екенін атап өткім келеді. 15-16 шілде күні қасиетті Қарқаралы төріндегі кербез Кенттің баурайында Қарағайлы кенішінің 70 жылдығына орай дүбірлеп өткен тойдан осындай ой түйдік.

Бастама – халықтан, қолдау – әкімдіктен. Басты қонағы – Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, бас демеушілері – «Қазақмыс» корпорациясы мен «АрселорМиттал» компаниясы.

Сонымен, әлқисса…

ТАРИХЫ – БАЙ, ТАМЫРЫ – ТЕРЕҢ ҚАЗЫНАЛЫ ӨҢІР НЕМЕСЕ ЖОЛДАҒЫ ӘҢГІМЕ

Тойға шақырту алғаннан ойда маза болған жоқ. Бұл жолғы шараның олжасы – қазақтың һас батыры, Тұңғыш ғарышкер Тоқтар ағаммен сапарлас болуым. Елордадан елдегі тойға арнайы келе жатқан Батыр екі-үш күн бұрын хабарласып: «Менімен бірге жүресің, бірге барамыз, бірге қайтамыз» деп, шегелеп тастаған. Сонымен, Нұраның бойын жайлаған «Петровка» ауылының маңында жолымыз түйісіп, мен Батырдың атына мінгестім.

Әңгіме тиегі ағытылған. Тоқтар аға:

Қарағайлы – тағдырлы мекен. Бір жылдары күйреп қалып еді. Міне, еңселеніп, мерейтойын өткізіп жатыр. Қазақ «мың өліп, мың тірілген» болса, Қарағайлы комбинаты бір ашылып, бір жабылып тағдыр кешті ғой. Әйтпесе, қойнауында Менделеев таблицасындағы элементтердің 99 пайызы бар қазыналы мекеннен құт қаша ма? – деп, әңгіме бастады.

Иә, Қарқаралы, Егіндібұлақ өңірі – пайдалы қазбаларға өте бай мекен. Тіпті, ХІХ ғасырда күй күмбезі Тәттімбеттің өзі Берікқарада кен орнын ашып, металл қорытқаны туралы тарихта таңбаланып тұр емес пе?! Тәттімбет бабаның қазақ өнеркәсібіне сіңірген еңбегі, бұл өлгені қазынасы туралы білгенімді айта бастап едім, әңгімеге жолсерігіміз, Батырдың досы, тойдың мәртебелі мейманы, мерейлі меценат Марат Нәбиев ағам араласты. Өзі бір кездері Лисаковск кен комбинатын басқарған, өнеркәсіп саласын жетік меңгерген білікті инженер болып шықты. Ол аз десеңіз, Балуан Шолақты 38 жыл зерттеп, том-том кітап жазған, ел мен жер тарихын барынша білетін тарихшы, қаламгер.

Тоқаңмен бірге Қарқаралы өңірінде қандай той өтсе, қалмауға тырысып, бәріне қатысып келемін

. Дауылпаз Қасымның 100 жылдығына, Қарқаралының 190 жылдығына, Батырекеңнің өзінің мерейтойларына түгел қатыстым. Маған Қарқаралы халқының қонақжайлығы, меймандостығы керемет ұнайды. Ал, енді бұл өлкедегі кен орындарына қатысты айтатын болсақ, кезінде ағылшындар иелігінде болған Константинополь зауытын, өзің айтып отырған Тәттімбет күйшінің өндірісін тілге тиек етуге тиіспіз. Өзіміз мерейтойына бара жатқан Қарағайлы кенішінің аса сирек металдарға өте бай екеніне мақтануымыз керек. Әрине, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазына қазанының қақпағына әркім ие болды да, тұрмыспен бірге өндіріс те тоқырады. Алғашқы инвесторлар керегін алып, қалтасын толтырып кете барғанын жасыруға болмайды. Ал, мына тойды халық өзі ұйымдастырып, қазіргі инвесторлар демеушілік жасап жатыр деп естіп келеміз. Міне, бұл – халықтың еңсе көтеріп, өндіріс қожайындарының жергілікті халық талабымен санаса бастағандығының белгісі, – деп сөз сабақтады Марат аға.

Менің ойыма осы өлкедегі кен орындарының тарихы туралы бұрын-соңды оқыған деректер орала бастады. Қарағайлы қалай қазыналы болмасын?! Іргесіндегі Кент тауларында көне «Алат» кен балқыту пештерінің болғандығы. Одан әріге барсақ, дәл осы өңірден (қазіргі Қасым ауылы маңынан) табылған Алтын адамды қайда қоярсыз?! Яғни, біздің осы атырапты мекен еткен бабаларымыз жер қойнауынан алынған кенді балқытып, байытып, күміс қасықпен ас ішіп, алтын сауыт киінген. Осынша игіліктің бүгінгі ХХІ ғасырда ел қазынасын еселеп, ұрпақ кәдесіне жарығанына қуандық көліктегі үшеуміз. Алдағы той – соның дәлелі. Жол болсын, ендеше!

«ТОЙ АТЫМЕН ТОН ТІГІЛЕДІ»

Баға бұғалық салдырмай, ескі жаңаға алдырмай тұрған күрделі кезеңде дала төсін дүбірге бөлеп мерейтой өткізу оңай емес, әрине. Ауыл тұрғындары алғаш кеніштің мерейтойын өткізу бастамасы көтерілгенде, халық пікірі қақ жарылғанын да жасырмайды. Алайда, ежелден ынтымағы – ырысқа, бірлігі – берекеге бастаған Қарағайлы жұртшылығы ымыраға жүгініп, серпіліс танытқан. Иә, Қарағайлының бір серпілетін жөні бар-ды.

…Өткен ғасырдың 50-інші жылдарында кен қоры анықталып, бұйратты белге бұрғы салынғалы көрмегені жоқ. Алғашында дәуірледі. Тікелей Мәскеу қамқорлығында болып, «үріп ішіп, шайқап төккен» жылдары сағымға айналған. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында кеніш жабылып, фабрика қақпасына қара құлып салынған. Нәпақасын комбинаттан айырып отырған қара халық «екі қолға – бір күрек» таба алмай тарықты. Ел үдере көшті. Көпқабатты үйлердің қаншамасы қаңырап қалған. «Қарағайлы. Қадіріңді кім сенің бағалайды?» деп біз де дабыл қаққанбыз бір жылдары.

Бұл Қарағайлыдан үй тұрмақ, жатақхана алу қиямет болды дегенге кім сенеді? Солай болған. Сабыры сарқылмаған, төзімі түгесілмеген тай төбеліндей жұрт тұрақтап қалып еді қазыналы Қарағайлыда. Сол тай төбеліндей жұрттың жұрағаты жұмылған екен бүгінгі игілікті іске. Сондықтан да, мен той тәбәрігі ретінде ұсынған жазбамды «Сабырлы елдің салтанаты» деп атап отырмын.

Ауыз су – Қарағайлының ежелгі мұңы. Ауыл іргесіндегі бұлақтан шөміштеп тасып, шөл қандырып отыр мұндағы жұрт. Кеніштің 70 жылдық мерейтойлық бағдарламасы ерте көктемде осы бұлақтың көзін ашып, айналасын абаттандырудан басталған екен. Ауыл жастары жігер танытып, қорға жиналған қаражатты әуелі осындай сауапты іске жұмсаған. Одан кейін кент көшелерін күл-қоқыстан тазартып, ауылды ажарландырды.

Осынша ұлағатты іске ұйытқы болып, тұтас ауыл азаматтарын, мектептің әр жылдардағы түлектерін ортақ іске жұмылдыра білген жалынды жастарға ауыл ақсақалдары бағытын сілтеп, батасын беріп қана отырған. Міне, патриоттық рух! Міне, туған жерге деген сүйіспеншілік! Міне, ауылға деген жанашырлық!

Тойдың алғашқы күнінде кент орталығынан Металлургтер алаңы ашылып, алыс-жақыннан жиналған ауыл тумалары мен меймандар ерекше қуанышқа бөленді. Алаңның ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Құсайын, байырғы кенші, Қарағайлы комбинатының орденді ардагері Жүкен Нұралин, ұзақ жылдар кен байыту комбинатында қызметін атқарған ардагер Шайза Нафталова, Қарағайлы байыту фабрикасының бас инженер Ұлан Тоқанов қуаныш құшағындағы халыққа ақжарма тілектерін арнады.

Қарағайлының кешегісіне, бүгінгісіне шолу жасап, ертеңінің жарқын боларын болжаған аудан әкімі Ерлан Бейсембайұлы кеніш ардагерлері мен бүгінгі тойды өткізуге атсалысқан ауыл азаматтарына марапаттар тапсырды. Мерейтойды ұйымдастыру алқасының төрағасы Абай Егубаев салтанатты шараның мазмұнды өтуіне қолдау көрсеткен аудан әкімдігі мен ел азаматтарына алғыс білдіріп, бірқатар меймандарды мерейтойлық медальмен марапаттады.

…Осы сәтте ауыл маңы да дүбірге бөленіп жатқан. Тойтөбеде балуандар белдесіп, көкпаршылар сайысының алғашқы кезеңі өтіп жатты.

«ҚАРАҒАЙЛЫ – ҚҰТТЫ МЕКЕНІМ!»

Осылай аталған той салтанатының екінші күніне жоспарланған бағдарлама 16 шілде күні күн көкжиектен арқан бойы көтеріле басталды. Қарқаралының төрі, кербез Кенттің күнбатыс белі рух алаңына айналған десе де болғандай. Қаздауысты Қазыбек бабаның өр рухы – осында. Мәдидің асау мінез, асқақ болмысы – ортамызда. Шығыстан Құнанбай көш құлатып, күймеден Абай түсіп жатыр дерсің. Қараормандай халық Тәттімбеттің күйімен тербеліп, Қасымның қайсар жырымен рухтанып тұрғандай. Дәл осындай рух құшағындағы ортаға қазақтың бүгінгі Батыры Тоқтар ағам ат доғарғандағы елдің ықыласын көрсеңіз…

«70 жылдыққа – 70 киіз үй». Кент тауының баурайына ежелгі қазақ ауылдары көшіп келгендей. Ошақта от маздап, қазанда ту биенің еті бүлкілдеп жатыр. Қыз бен жігіт алтыбақанда тербеліп, ауыл серілері төңіректі ән бесігіне айналдырып жіберген. Киіз үй көлеңкесінде күрпілдеген күбіден қымыз қотарылып, көптен дүбір көрмеген қайран дала жұпар аңқып тұр. Дала – дастарқанға, ат үстіндегі азаматтардың абыройы – асқар тауға айналып кеткен. Ана қырда балуандар белдесіп, сәйгүлік мінген жігіттер той алаңын шаңдатпауға тырысып, салтанаттан жырақ жүр. Ана киіз үйде Біржан Салдың «Айтпайы» шырқалып, мына үйде Тәттімбеттің «Саржайлауы» күмбірлейді. Ұйымдастыру бағытында мін жоқ.

…Біздің қатарымызға Арқаның Атымтайы, белгілі кәсіпкер, бүгінгі тойдың бас демеушілерінің бірі Бақтыбай Жүнісов қосылған. Айтпақшы, Батыр бастаған топ, оның ішінде облыс орталығынан келген журналистердің бір шоғыры Бақтыбай аға иелігіндегі «Жолжақсы» демалыс үйінде қонып шыққанбыз. Қоналқадағы кештің мазмұны тіптен бөлек. Бақтыбай аға жайған даладай дастарқан, ағаның ақ пейіл, кең жүрегі біздерді шабыттандырып, түн ауғанша шертілген әңгіме ойымызды серпілтіп, бойымызды ерекше күйге бөлеген.

Сол түні бойы сарқылмаған әңгіменің жетегінде той алаңына да табан тіредік. Сәнді сахна тойбастар сәтке сайланып-ақ тұр. Халық пен сахна арасына төселген қызыл кілемше елді кешегі қиын күндерден бүгінгі жарқын сәтке бастап шыққан алтын көпірдей көрінді маған.

Той басталды! Сахна төріне облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов шақырылды. Ербол Шымкентбайұлы жиылған қауымға облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің ыстық ықыласқа толы сәлемін жеткізіп, сан мәрте замана дауылына шалдықса да, қиындыққа мойымаған, жігерін сенімге жанып, бүгінгідей шырайлы сәтке қажырлы қайратымен жеткен Қарағайлы халқын 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, өндіріс ардагерлері мен Қарағайлы кен байыту фабрикасының, «Өркен-Кентөбе» кеніші кеншілерін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Қазақ металлургиясының қара қазаны Қарағайлы кенішінің бүгінгі 70 жылдық мерейтойы Металлургтер мерекесімен тұспа-тұс келіп отырғанына ерекше тоқталған облыс әкімінің орынбасары:

Қарағайлы, жалпы, Қарқаралы ауданы – облысымыздың дамуына, республикамыздың дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан іргелі аймақ. Кешегі тоқырау жылдарының қиындығына мойымаған, сағы сынбаған Сіздердей жігерлі елге бүгінгі салтанат – әбден лайықты әрі керек. Мұндай шаралардың елді бірлікке жұмылдыруда, қиындықпен күресуде маңызы ерекше екенін барлығымыз жақсы білеміз. «70» деген санның өзі – киелі. Сондықтан да, бүгінгі мерейтойларыңыз құтты болсын! Ұзағынан сүйіндірсін! – деді.

Келесі құттықтау сөз қазақтың Тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қарағанды облысының және Қарқаралы ауданының Құрметті Азаматы Тоқтар Әубәкіровке берілді. Туған жердің ыстық құшағын, туған елдің шынайы ықыласын сезінген Батыр теңіз толқынындай толқып, тағдырлы мекеннің ертеңіне жарқын сәттер тіледі. Тебірене сөйлеген Батырдың тереңнен қозғап, биіктен шолып айтқан ақжарма тілегі халықты да толқытып, жанарларға жас үйіргеніне куә болдық. Туған елдің құрметі ретінде өзіне жабылған оқалы шапанды алдынан амандасуға шыққан ақсақалға жапты. Сол сәттегі ақсақалдың еңкілдеп жылағанын көрсеңіз… Батырдың туған елге жасаған тағзымына деген ақсақалдың кіршіксіз құрметі мөп-мөлдір моншақ тамшы болып, омырауына тамып жатқанын көргенде, біз де көзге еріксіз жас алдық.

Батырдан кейін сөз алған Атымтай ағамыз, Қарағайлының тумасы, белгілі кәсіпкер Бақтыбай Жүнісов ақ пейіл, адал тілегін әнмен жеткізді. Ауыл ақсақалы Хамит қажы Тоғаев қария тойға бата беріп, салтанатты шара соңы мерекелік концерт, ақындар айтысына ұласты.

«БАЗАРЫҢ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, АРДАҚТЫ ЕЛІМ!»

Біржанның «Айтпайы». Шырқап тұрған – Сержан Сері Мұсайын. Сержан – Қарағайлының өз баласы. Әйгілі Голивудта Әміренің даусын жазған Сержан Сері ғой бұл. Той түндігін әнмен түріп, Біржанның «Айтпайын» нақышына келтіре орындады.

Сахнаға айтыс ақтаңкерлері Тілеген Әділ, Айтбай Жұмағұл, Мақсат Ақанов, Дидар Қамиев көтерілгендегі қиқуды айтыңыз. Төрт ақын қатар тұрып шырқағанын (Құлманбет айтысты) көріп жүрміз ғой. Бірақ, бүгінгі айтыс – бөлек сарын, соны сорап. Жүлде үшін емес, халықтың ықыласы үшін сөз шарпысудың жөні бөлек болады екен. Арнаулары – айшықты, әзілдері – астарлы, жауаптасулары – шебер. Шешендік өнердің шебер үлгісімен дараланған айтыс тойшыл қауымның делебесін қоздырып, жан дүниесін бір серпілтіп тастады.

Айтыстан кейінгі ерекше сәт сахна төріне қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, жұлдызды жұп Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева көтерілген шақ болды. Жиылған халықты мерейтойымен шабыттана құттықтаған Тоқтар мен Бейбіт бірнеше ән жолдап, ел мерейін тасытты. Сезімге толы сыршыл әндерімен көрермен көзайымына айналып жүрген қос әншіге деген елдің ықыласы мен алғысында шек болған жоқ. Айта кету керек, жұлдызды жұпты Қарағайлы мерейтойына шақырып, туған еліне осынша әсерлі қуаныш сыйлаған – мерейлі меценат Бақтыбай Жүнісов.

Сайын даланы салтанатқа бөлеген мерекелік шара Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік пен Қарқаралы аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне ұласты.

Күн тас төбеге көтерілген шақта ауа температурасы 40-ты алқымдамаса да, сынап бағанасы 34-35 гардусқа қарай сырғыды, білем. Кезінде бұдан да ыстыққа күйіп, суыққа шалдығып шыңдалған төзімді халық той төрінен ығыспады сонда да. Салтанатқа да, ән мен жырға да әбден шөліркеп қалған көрініп тұр.

Түс әлетінде мерейтойға арнайы тігілген 70 киіз үйден мерекелік дәм ұсынылды. Айта кетейік, киіз үйлерді ауданның әр ауылдары, Қарағайлы кентінің әр жылдардағы түлектері және аудан аумағындағы өндірістік кәсіпорындар тіккен. Бірыңғай ақшаңқан үйлердегі салтанат та, ән думаны да – өз алдына бір мереке.

…Түс ауа халық шоғыр-шоғыр болып, көшкен бұлттай той алаңының әр тұсына жөңкілген. Сахна ымырт үйірілгенге дейін ән ордасына айналып тұрды. Көкпар додасына ағылған жұртта есеп жоқ Балуандар белдесуінің де жанкүйері – қарақұрым. Тай жарыстырып, құнан жүгіртер, топ бәйге мен аламан өтер атшабар алаңына да ағылған жұрт киіз үй мен сахна маңындағы халықты азайта алмады. Барша қазаққа сауын айтылған салтанат екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Тай жарыс басталған тұста қара дауыл көтеріліп, жел күшейіп ерсін. Әбігерленген ешкім жоқ. Кеңестік жүйенің дауылынан ықпаған, келімсектер көшті екен деп, қараша үйін жықпаған қайсар халыққа табиғаттың дауылы деген не, тәйірі. Қас-қағым сәтте басыла қалған дауыл соңы жауынға ұласты. Алланың көл-көсір нұры жауып берді. Таңнан басталған той бағдарламасы мен табиғаттың тылсым мінезі мен үшін Қарағайлының 70 жылдық тарихынан сыр шертіп өткен киносценарийге ұқсап кетті. Басы – думан, шалқар дәулетпен басталған. Бұл сәт Қарағайлының ашылып, дүрілдеп, Мәскеуден кілем мен үнді шайын тасып жүрген кезеңіне дөп келеді. Әлгі қысқа ғана уақытта ұйқы-тұйқымызды шығарған дауыл – кешегі 90-ыншы жылдардағы тоқырау кезеңі. Одан кейінгі көкпар додасы мен аламан бәйге – өндірісті өлкенің бүгінгі бәсекеге қабілетті болуға ұмтылған беймаза жылдары. …Сонымен, балуан күресті. Тай жарысты. Құнан жүгірді. Топ бәйгені тамашаладық. Аламанның алдын тағатсыздана күттік. Жүлде қоры – қомақты. Шындығын айтайық, бюджеттен бір тиын бөлінбей, халықтың өзі ұйымдастырған той деп айтқанға сенуіңіз қиын. Бірақ, шындығы – солай.

Қазақша күрестен ересектер арасындағы (74 кг дейінгі) белдесуде Қарағайлының палуаны Сүйіндік Серіктің бағы үстем болып, «Қазақмыс» корпорациясы тіккен автокөлікті тізгіндеді. Ал, екінші орынды қарқаралылық палуан Едіге Сыздықов еншілесе, үшінші орынды ақадырлық Мәрлен Жанғабыл мен қарқаралылық Қобылан Жиенбек өзара бөлісті.

Көкпар додасында Қарағандының «Бәйтерек» командасы жеңіске жетсе, екінші орын «Қарқаралы-Қарағайлы» құрама командасының шеберлігіне бұйырды. Екі үшінші орынды Қарағандының «Көрпетай» және Егіндібұлақтың көкпаршылар командасы еншіледі.

Дауылмен қарбалас шақта сөреден ұзаған 22 тайдың арасынан қара үзіп мәреге бірінші жеткені – Шет ауданынан келген А.Тұрлауовтың «Бақторысы». Екінші болып Сарыобалы ауылының атбегісі Медеттің тайы, үшінші болып Қасым ауылының (Д.Ақбергенов) «Қараторғайы» келсе, төртінші-бесінші орындарды Қарқаралының (Ш.Еркебұлан) «Гауһартасы» мен Бақты ауылының (Балағазы) «Ханзадасы» иеленді.

Қазақстанның әр түпкірінен үкілі үмітпен келген 14 құнанның ішінен бағы жанғаны – Сарыобалының (атбегісі – Мико) «Нұртөбелі» болды. Шахтинскіден келген Хайролла есімді атбегінің «Д-2» құнанына екінші орын бұйырды. Жаңаарқалық атбегі Қайрат Көпбаевтың «Ақботасы» мәрені үшінші болып қиса, төртінші орын Жамбыл облысынан келген «Киік» атты құнанның еншісіне тиді. Қордайлық атбегі Ә.Молдасейітовтің «Бүркіті» бесінші орынды місе тұтты.

Топ бәйгеде теміртаулық атбегі Қ.Мединовтің екі сәйгүлігі бірдей келді. Үшінші орынды Аққора ауылының атбегісі А.Исиннің тайы иеленсе, төртінші орын Бақты ауылының Орал есімді атбегісінің «Самұрық» атты тұлпарына бұйырды. Жаңаарқалық атбегі Саламат Көпбаевтың «Алтын Қарасы» мәрені бесінші болып қиды.

Елдің тағатсыздана күткені – аламан бәйге. 35 шақырымдық аламанға 22 ат тіркелген екен. Қорытындысы: бірінші орын – Қарағанды, Төлеубектің «Вертолеті», екінші орын – Павлодар, Әділдің «Сұңқары», үшінші орын – Қарағанды, Дулат Баешевтің «Қамбары», төртінші орын – Алматы, Ұзынағаш, Мұрат Қозыбаевтың «Ақмоншағы», бесінші орын – Қарағанды, Мұрат Исмағанбетовтің «Бақторысы».

ТОЙТАРҚАР

Той тарқады. Ой тарқамай тұр. Біреулер «Осынша қымбатшылық қысқан заманда той жасағаны несі?» деді. Екіншісі «Еріккен екен» деді екіленіп. Бірақ, Қарағайлы халқы елдік танытты. Сонау жылдардың тоқырауында құлдырап, кешегі індет кезінде еңсесі еңкіш тартқан елдің рухы көтерілді. Жастар жігер танытып, қария батасын берді. Елдік мұратқа жұмылған елдің екі күндік тойынан тамаша әсермен тарқастық. Аудан әкімі Қарағайлы кентінің жылдарға жүк болып келе жатқан ауыз су, жол мәселесі жуырда шешілетінін айтты. Әрине, елдіктің еңселі үлгісін танытқан елді ештеңеден тарықтыруға болмайды. Уақыт бәсіресі молынан бұйырар күн жақын екен. Ойқы-шұйқы жаман жолмен барып, жақсы тойға қатысып қайттық. Қайтар сапарымызда жол тегістеліп қалғандай сезілді. Той дүбірінің әсері болар. Сабырлы елдің салтанаты сарқылмасын!

Ерсін МҰСАБЕК.