Бас тақырыпҚарағандыОблыс әкімі

NEET: жұмыс жастарды іздеп жүр

Жастар жұмысты емес, жұмыс жастарды іздеуге кірісті. Түсінікті болуы үшін әңгімемізді әрі өрбітейік. NEET санатындағы жастарды ауладан тауып алып, жұмысқа орналастыруға амал жасауға кірісті. Кім дейсіз ғой? Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма әр өңірдегі ресурстық орталықпен бірлесіп. Бұл – жалғыз Қарағанды ғана емес, басқа да аудан, қалаларда да жүзеге асатын жоба. Егер, бұл іс орта жолдан қалмай, қарқын ала түссе жұмыссыз жастар үшін оңтайлы болары сөзсіз. Мамандар ауланы, «питактарды», базарларды аралап, жастарды тауып, өзара әңгіме өрбітіп, NEET санатының санын барынша азайтуды көздеп отыр.

NEET жастар
Фото: Ашық дереккөз

Иә, дәл қазір «екі қолға – бір күрек» таппай жүрген жастар өте көп. Бұл мәселе бұрыннан өзекті күйінде келе жатыр. Үкімет түрлі шара ұйымдастырса да беті қайтар түрі жоқ. Ал, бұл жаңа жобаға сенім артуға болатын секілді. Яғни, жер-жерден жұмыссыз жастарды іздеп, табуға білек сыбана кірісті. Құр санын анықтамай, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді басты мақсат тұтқан. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көруге үгіттейді. Тіпті, оқуға түсіруге де бағыт-бағдар көрсетеді.

Иә, жаңа жұмыс нәтижесінде біз NEET-жастар санатына кіретін 400-ге жуық адамды таптық. Тізімдегі әр жаспен кездесіп, кеңестік. Кімге қандай көмек керек екенін мамандар анықтап, арнайы тіркеу жасалды. Жұмыс жалғаса береді. Енді, сол жастардың жұмысқа орналасуына, уақытын бос өткізбеуге күш саламыз. Бұл шаруаны біз үнемі назарда ұстаймыз, – дейді облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов.

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, бұл жоба үздіксіз жұмыс істейді. Осылай бос жүрген жастардың жол табуына бағыт көрсетсек дейді. Көбіне жастарға психолог пен адвокаттардың көмегі қажет болады екен. Мұны да ұйымдастыра аламыз деп отыр басқармадағылар. Айтпақшы, аталмыш жоба ел бойынша Қарағанды облысында алғаш болып ұйымдастырылып отыр. Сондықтан да, нақты жұмысқа кіріскендері көп елді қуантары анық…

Жоба нақты мынадай бағыттарды қолға алады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру үшін әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өкілдерімен, ірі өнеркәсіптік және өндірістік кәсіпорындар өкілдерімен кездесулер өткізеді. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастырады. «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» және тағы басқа да осы секілді жобалар туралы толық ақпарат береді.

Кәсіпке икемі болса, оны оқытып, грант алуына жағдай жасайды. Яғни, жұмыспен қамту орталығы желісі бойынша қала, аудан әкімінің, облыс әкімінің гранттық бағдарламаларына қатысу үшін «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде оқуға жұмылдырады.

Ал, белгілі бір себептермен дипломға қол жеткізе алмаған, оқымаған жастардың білім алуына да қол ұшын созады. Жасыратын несі бар, мұндай санаттағы жастар да жоғарыдағы тізімде бар екен. Тіпті, уақыт жоғалтқысы келмейтін жастар үшін қысқа мерзімді оқу курстары бар. Сала-сала бойынша. Содан кәсіп игеріп, жұмысқа да орналасуға болады. Осы және басқадай көмектерді NEET санатындағы жастарға көрсетеді. Ниет – біреу ғана. Жастардың қоғамға бейімделу сапасын арттырып, жұмыссыз жастардың санын азайту.

Сөз соңына қарай, статистиканы сөйлете кетсек. Былтыр NEET-жастар үлесінің көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда 0,5%-ға ұлғайды. Түрлі кешенді шаралар қолға алынса да кемитін түрі жоқ. Қарағанды облысы осы көрсеткіш бойынша соңғы бірнеше жыл бойы рейтингте көш бастап тұр десек те болады. Ал, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін пайызбен шақсақ 5,5%-ды құрап отыр. Бұны да өткен жылмен салыстырсақ, 1,7 пайызға жоғары. Яғни, Алматы облысы (5,5%), Нұр-Сұлтан (4,5%) қаласы секілді ірі мегаполистермен иық тіресіп тұр…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button