Бәрекелді!Жаңалықтар

Білімпаздарда – рекорд

Президенттің қолдауымен биыл тұңғыш рет оқушылар 4,5 млн. теңгеге дейін қомақты сыйақы алды. Осыған дейін Қазақстан оқушылары халықаралық пәндік олимпиадада ел қоржынына 21 медаль салды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ өз әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

– Бүгінгі күнге дейін ең беделді халықаралық олимпиадаларда оқушылар 5 пәннен 21 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 13 күміс және 5 қола медаль бар. Яғни, 23 қатысушының 21-і жүлделі орындарға ие болды, – деп жазды министр.

Ведомство басшысының айтуынша, биыл тұңғыш рет Президенттің қолдауының арқасында оқушылар 4,5 млн. теңгеге дейін қомақты сыйақы алды. Одан бөлек, ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға грантқа түсу мүмкіндігін иеленді.

– Математикадан халықаралық олимпиадада (IMO) Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола жүлдені жеңіп алды. Командамыз 174 ұпай жинап, еліміздің олимпиадаға қатысу тарихындағы жаңа рекордын орнатты. Командалық есепте еліміз 17-орында. Бұл – 12 жылдағы үздік көрсеткіш, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Оқушылар жыл сайын физика, география, биология, химия, математика, информатика пәндерінен халықаралық олимпиадаларда топ жарып келеді.

Оқу-ағарту министрі зияткерлік сайысқа қатысқан жас химиктердің жұмысын өте жоғары бағалайтынын жеткізді. Олар 1 алтын және 3 күміс жеңіп алды. «Бұл 2017 жылдан бергі алғашқы «алтын» болды. Салыстырмалы түрде алсақ, былтыр командамыз 3 күміс және 1 қола медальмен марапатталған еді», – деді министр.

Білім саласында оң өзгеріс бар. Бұл балалардың дайындық деңгейін көрсетеді.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button