Жаңа автобус – балалар игілігіне
Балалар жылы аясында ауылдық жерлердегі оқушылар мектепке жаңа автобуспен барып-қайтуға мүмкіндік алды. Абай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарының шалғай елді мекендеріндегі 5 мектепке жаңа автобус кілті табысталды. Ай соңына дейін тағы 22 автобус берілмек.
Шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Автобус кілттерін «QazTehna» ЖШС бас директоры Арғұлан Майконов табыс етті.
Автобустар барлық заманауи талаптарға сай. Қауіпсіздік белдіктері, оқушы сөмкесіне арналған сөрелері бар. Есік ашық кезде қозғалысты тежейтін механизмі де қарастырылған. Одан бөлек, 60 км/сағ жылдамдықты шектегішпен жабдықталған.
Т.Бигелдинов атындағы мектеп директоры Жанар Жанпейісованың айтуынша, Садовое мен Гагарин ауылдары арасында осы уақытқа дейін жүріп келген ПАЗ автобусы әбден ескіріпті.
– Бұқар жырау ауданы бойынша тасымалданатын баласы көп біздің ауыл. Садовое ауылында қазір мектеп жоқ, ондағы 52 бала тасымалданады. Екі ауылдың арасы 7 шақырым. Автобус күніне 7 рет барып келеді. Сабақ кестесіне сай тасымалданады, балалар күтіп отырмайды, сабағы біткен бетте алып кетеді, сол себепті 7 рет барып келеді. Оның жанар-жағармайы, жүргізушінің жалақысы білім бөлімінен беріледі, – дейді Жанар Жанпейісова.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, аймақта мектептері жоқ 121 шалғай елді мекен бар. Олардағы 1 628 оқушыны тасымалдау ұйымдастырылған. Оның 397-сі интернаттарда оқып жатыр. 1 231 бала күн сайын тасымалданады.
– Оқушыларды жайлы және қауіпсіз тасымалдау – негізгі мәселелердің бірі. Білім басқармасы 27 мектеп автобусын сатып алды, оның бесеуі берілді. Қалған автобус айдың соңына дейін табысталады. Олардың ішінде бірнешеуі 40 орынға есептелген. Бүгінде тасымалдау жұмысы Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Шет, Осакаров аудандары мен Теміртау қалаларында жүзеге асырылады. Бұған барлығы 70 автобус тартылған. Тасымалдау мәселесі толығымен шешілді, – дейді облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.
Автобустар білім басқармасы мен «Индустриялық даму қоры» АҚ және «Hyundai Trans Auto» ЖШС және «QazTehna» ЖШС жеткізушілері арасында қаржылық лизинг аясында сатып алынған айту керек.
Жансая ОМАРБЕК.
Суреттерді түсірген А.МАРЧЕНКО.