БАЙРАҚТЫҢ бастауы – БАБАЛАР таңбасы

«Абылайдың ақ туы», «Бөрілі байрақ», «Алаш туы» осы бір үш тудың атауы үш ғасырдың келбеті секілді. «Абылайдың ақ туының» астына жиналған үш жүз, үш ұлыс. «Бөрілі байрақтың» қазақ санасындағы басты атрибут екенін жаңғыртқан Сүйінбай АРОНҰЛЫ, ал, «Алаштың туы» Алашорда тұсында бодандықтың бұғалығынан босанғысы келетін өр рухқа пара-пар болды.

Қазақ тарихында байрақ пен тудың бастауы сонау ата-баба таңбасында. Сол таңбадан таратылған үш белгі бар. Оның бірі айдаһар, көк бөрі һәм ай-жұлдыз. Айдаһардың бейнесі тотемдік белгі ретінде сарматтар мен ғұндардың байрағында бейнеленген.

«Күндіз отырмадым, Түнде ұйықтамадым, Қызыл қанымды төктім, Қара терімді ағыздым, Түркі ұрпағы үшін» деп келетін Күлтегін мен Тоныкөк жазбасын ақтарсаңыз түркі байрағында бөрінің бейнесі барын аңғарасыз. Ол дәуірдің де туының түсі көк болған. Бір аңызда ғұндар (түркілер) өзінің күншығыстағы көрші елінен қатты жеңіліс тауып, тегіс қырылатыны айтылады. Жау әскері тек бір сәбиді ғана өлтірмей жаралап тастап кетеді. Сол баланы көк бөрі бағып, өсіреді. Міне, сол баланың кіндігінен ғұндар мен түркілер тараған-мыс. Түркілердің алғашқы көсемі Ашина орда қақпасына бөрінің суреті бар байрақ байлаған. Содан бері бөрілі байрақ түркі ұрпағының белгісі болып мәңгіге мөрленді.

Тағы бір деректерде Қараханит дәуірінде түркілер қызғылт қоңыр реңдегі ту ұстағаны, оған жебенің, тарақтың суретін салғаны жайлы жазылған.

Алайда, Қараханның ұлы Уыз (Оғыз) хан бөрiлi байрақты алтыннан құйдырып сақтаған екен. Осы бөрілі байрақ па, әлде кейінгі шыққан көшірмелері ме, әйтеуір Эрмитажда тұрған бөрінің басы бейнеленген байрақ Елордаға жеткізілген еді. Сүйінбайдай тұлғаның жырға қосқаны осы байрақ па екен, кім білген?! Бәлкім осы байрақтың кейінгі үлгісі шығар, ал, бұл бөрілі байрақ Шапырашты батырға тиесілі болған екен. Мұны «Бөрiлі байрақ көтерсе, Жоқты жонып табамыз, Бөрілі байрақ астында, Ту түсіріп, жау алған, Шапырашты батыр бабамыз» деп Сүйінбайдың өзі де растайды.

Тарихшы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Алтын Орда, Ақ Орда дәуірінде туымыздың түсі ақ болыпты. «Абылайдың ақ туы» деген атау осыдан шықса керек. Туда Шыңғыс әулетінің таңбасы – тарақтың және жарты айдың белгісі бейнеленген екен. Атақты итальян картографы Aнжелино Дулцерт 1339 жылы құрастырған сызбасында Алтын Орданың туы деп дәл осы туды көрсеткен. 1375 жылы Абраам Крескес құрастырған каталондық атласта да осы байрақтың суреті бар.

Орыс хан заманында қазақ даласында үш түсті байрақ кең таралған. Сарай хандары – қызыл ту, Шағатай әулеті – ақ ту, Үгедей әулеті көк тумен дараланған деседі. Орыс ханның қызыл туын кейін Есім, Тәуке, Болат, Әбілмәмбет хандар мемлекеттік ту етіп бекітіпті. Кейбір деректерде Абылайдың жасыл ту ұстағаны айтылады. Ханның немересі Кенесарының да байрағының түсі жасыл болған көрінеді. Тереңіне бойлап, соңғы хан Кенесары деп алсақ туымыздың түсі жасыл болуы да мүмкін бе еді?!

Қазақта ақ ту көтеру дәстүрі бұрыннан бар. Дешті Қыпшақтың да туы ақ болған деседі. Ол кезеңнің һәм бүгінгінің де ұғымында ақ түс – тазалықтың, әділдіктің нышаны.

Абылай ханның да жауға ұстар сүңгісінің тамағына ақ байрақ ілгені тарихта бар. Хан байрағы ұзындығы үш құлаш найзаға сапталған. Кейінде тарихшылар ол тудың биіктігі – 150, ені 70 сантиметр деуде.

Оған дәлел Абылайдың ақ туы 1930 жылға дейін Арыс қаласы маңындағы «Хан қорған» мекенінде сақталып келген деген дерек бар. Абылайдың ақ туы табылса алты Алаштың да ақ таңының атқаны ма?!

Халқымыз Ислам дінімен қауышқан кезде туымыздың түсі жасыл болған екен. Бұл дерек Алашорда үкіметіне де әсер еткен болуы әбден мүмкін. Себебі, Алашорда үкіметінің де туының түсі – жасыл. Сұлтанмахмұттың «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз! Енді Алашты ешкімнің, Қорлығына бермейміз!» деген зарында бүкіл Алаш қайраткерлерінің жанайқайы жатқандай сезіледі. «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтарындағы санында: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаш баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді… Жасасын Алаш автономиясы!» деген Әлімхан Ермековтің рухты жолдары жазылғаны бар. Осы мақалаға арқау болған жасыл байрақтың жоғары жағында төте жазуымен «Жасасын Алаш автономиясы!» деген ұран бар. Ал, ортаңғы бөлігінде арабша жазылған «Лә-иләһа иллаллаһ, Мухаммадур расулуллаһ», яғни «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген кәлима жазылған. Өкінішке орай, Алашорданың арқалы туы көкке ұзақ көтерілмеді. Бір қуанарлығы, арыстарымыздың үкілеген үмітіндей болған сол жасыл ту әлі де сақталған екен. Алаштың туы қазіргі күні Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты кентіндегі Сырым Датұлы атындағы музейдің «Алаш» залында сақтаулы тұр.

Тәу еткен Тәуелсіздікке қол жеткізген соң Қазақстан өзінің көк Туын көкке көтерді. 1992 жылдың 4 маусымында қазіргі көк байрағымыз мемлекеттік Ту болып жарияланды. Әуеліде туға конкурс жариялаған кезде 600 адамнан 1200 тудың үлгісі келіп түскен. Соның ішінен Шәкен Ниязбеков дайындаған Ту таңдалып алынды.

«Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып, Өмірде еш нәрсе жоқ Тудан биік!» деп ақын Несіпбек Айтұлы жырлағандай, тәуелсіздігіміздің айғағына айналған һәм көп тудың тарихынан туған көк туымыз тарихта мәңгі желбірегей!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.