Бас тақырып

“Күміс жас”: Елуден кейін керексіз бе?

Статистикалық мәліметтерге сенсек, елімізде 450 мыңнан астам жұмыссыз бар екен. Оның 83 мыңға жуығы 45-54 жас аралығында болса, 65 мыңнан астамы – 55-65 жастағы азаматтар. Зейнет жасына жақындағанда жұмыссыз қалуы жан бағуға да, ертеңгі зейнетақысының мөлшеріне де әсер ететіні сөзсіз. Әлі де экономикалық белсенді бола алатын жаста жұмыссыз жүргендерге көмектесудің жолы бар ма?

Жасы үлкен кісілер көбіне бухгалтерия, ауыл шаруашылығы, логистика, әкімші секілді жұмыстарды іздейді екен. Сонымен бірге, өмірлік тәжірибесі мен жұмыс өтіліне қарай оның ақысының да жоғары болғанын қалайды. Алайда, олардың барлығы бірдей білімі мен білігін арттыратын курс, семинарларға қатысқысы жоқ. Мұның негізгі себебін психологтар 45-50 жас аралығындағылар өзгеріске бейімсіз келетіндігінен дейді. Дәл осыны жұмыс берушілер де алға тартады. Жұмыс іздеушіге қойылатын талаптар арасында өзгеріске бейім, жаңашыл болсын деген талаптар жеткілікті. Оның ішінде жас ерекшеліктері де назарда. – 50-ден асқан шағымда жұмыс істеп жүрген фирмадан қысқартылып қалдым,– дейді Гүлназия есімді қала тұрғыны.

– Бұл карантиннен кейін болатын. Қазір сондай жұмыс болса деп іздеймін, бірақ, ондай жұмыс табылмай жүр. Дегенмен, бос жүрмеймін деп үйден жұмыс істей бастадым. Бірақ, бұдан әлеуметтік аударымдар жүрмейді. Аялдамаларда зейнет жасындағы адамдарды жұмысқа қабылдау туралы жарнамалардан көз сүрінеді. Бірақ, солардың ішінде іліп аларлығы жоқ. Бір-екеуіне хабарласып көргенімізде, желілік сауда-саттықпен айналысатындар болып шықты. Ондай жұмыста зейнетақы жарнасын арттырмақ тұрмақ, күнделікті нәпақаның өзін табу қиындау екені өтірік емес. Ел Үкіметі ушыққан бұл мәселені шешуде «Күміс жас» жобасы көмектеседі деп отыр. Аталған жоба аясында ел бойынша жыл сайын 5 мың адамға жұмыс тауып беру көзделеді. Облыста жоба әлі басталмаса да, оған қатысуға ниет білдіргендер баршылық.

– «Күміс жас» – зейнетке шығар алдында жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталған жоба. Оған қатысу мерзімі 12 айдан аспайды, бірақ, қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жас алдындағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыра алады. Халықты жұмыспен қамту орталығы бюджет қаражаты есебінен жоба қатысушысының жалақысының бір бөлігін субсидиялайды. Сонымен қатар, жобаға қатысу мерзімі еңбек өтіліне есептелетінін айта кету керек. Бүгінде 15 адам жазылып қойды, – дейді Қарағанды қаласы бойынша жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Сыздықов.

Оның айтуынша, жалақыға берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері жалақы мөлшерінің 50%-ын құрайды. Бір жылдан астам уақыт жұмыс істейтін және тұрақты салық және басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізетін, сондай-ақ, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс беруші ретінде қатыса алады. Басшы бұл жобадан бөлек, 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастырудың басқа жолдары барын айтты. Тұрақты жұмыс орындарынан бөлек, уақытша қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері 50 жастан асқан 203 адам жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелсе, оның 123-і жұмысқа орналастырылды.

– Қоғамдық жұмыстарды жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырады. Қоғамдық жұмыстарға қатысу ұзақтығы – бір жыл. Қоғамдық жұмыстарға қатысатын азаматтарға еңбекақы төлеуді халықты жұмыспен қамту орталығы ай сайын кемінде 20 АЕК мөлшерінде жүзеге асырады. Әлеуметтік жұмыс орындары да осылай, бір жылға бағдарланған, – дейді Н.Сыздықов.

БҰҰ мәлімдемесі бойынша 2035 жылы әлемде 65 жастан асқан адамдардың саны 1 миллиардтан асып кетуі мүмкін. Сондықтан, бұл санаттағы адамдардың жұмысы мен зейнетке алаңсыз шығуына жағдай жасау бүгіннен бастап қолға алынуы тиіс.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button