Ресми

Қарағанды облысының ауыл мектептеріне 27 автобус сатып алынады

Қарағанды облысында ауыл мектептерінің автопаркі жаңаруда. Қыркүйек айының соңына дейін олар 27 жаңа автобуспен толықтырады.

Алғашқы бес автобус 15 қыркүйекке дейін Абай, Бұқар Жырау және Қарқаралы аудандарының мектептеріне беріледі.

Жақында Қарағанды облысының білім басқармасының басшылығы арнайы көлік қабылдаудың алғашқы актілеріне қол қойды, қажетті құжаттарды ресімдеу бойынша жұмыс басталды. Тағы 14 автобус айдың соңына дейін ауылдық жерлерге беріледі.

“Білім министрлігінің еліміздегі мектеп автопаркін жаңарту жөніндегі республикалық жобасы аясында лизингтік қаржыландыру есебінен 27 автобус сатып алу жұмыстары жүргізілді. “Өнеркәсіпті дамыту қоры” АҚ мен “Hyundai Trans Auto” ЖШС және “QazTehna” ЖШС жеткізушілері арасында келісім-шарттар жасалды”, – деп хабарлады Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова Facebook-тегі парақшасында.

Жаңа автобустар заманауи талаптарға сай келеді. Олар қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп рюкзактарына арналған сөрелермен, есік ашық болған кезінде қозғалысты бұғаттау механизмімен, сағатына 60 км жылдамдық шектегішпен жабдықталған.

Жаңа оқу жылында өңірде мектептері жоқ 121 шалғай елді мекеннің 1628 оқушысы білім беру объектілеріне күн сайын және апта сайын жеткізумен қамтамасыз етілді.

Орталық коммуникациялар қызметі. 

Басқа материалдар

Back to top button