Сан ғана емес, сапа да маңызды

Былтыр құрылыс салудан рекорд жасадық. Мақтанышпен айттық. Биыл да тұрғын үй салудың жоспары айтарлықтай. Дегенмен, сапасыз салынған кейбір баспана «бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» керін келтіріп тұр.
Қазір сылтау бар «баға құрық салғызбай тұр» деген. Әйткенмен, баспана кезегінде тұрған халыққа сапалы да жылы үй керек.


Өткенге оралайық, «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі үй 2009 жылы пайдалануға беріліп, 2012 жылы жанына қарай «қисая салған» уақытта тәуелсіз зерттеу жұмыстарын жүргізген «Береке-Каб» ЖШС бас директоры Құмар Мұсаев: «Бәрінен бұрын іргетасы болмағанына таңғалдық. Үй қираған жердегі нысандарды фотоға түсірдік, ригельдер қалай қойылғанын, ригельдер мен колонналар арасындағы тігіс қалай салынғанын қарадық. Дәнекерленбеген тігістерді көрдік, бағандар жай ғана ригельдердің үстіне қойыла салған. Оның үстіне, ол жерде жерасты суы бар екенін де ескеру керек еді, топырақ дымқыл. Сол ылғалды ескермей, іргені жерге мықтап бекітпеген» деген еді. Ал, ресми қорытынды жұмсақтау әрі қысқа да нұсқа болды: «Үйдің құлауына дымқыл топырақтан үйдің іргетасы шөгіп кетуі себеп болған» дей салды. «Іс бітті, қу кетті» дегендей, құрылыс жүргізген компания басшысы миллиондаған қаржыны қалтасына басып қашып кетті. Ал, үйді қабылдаған басшылардың басына қара бұлт үйірілді. Әрине, артынан «Бүкіл кеткен қаражатты орнына қойдырамыз! Жапа шеккен тұрғындарда үй де, күй де болады» деп күшенді жауапты органдар. «Енді құрылыс саласында мұндай олқылық болмайды, жемқорлықты түбімен құртамыз. Қазақстанда жаңа салынған үйлер стандартқа сай болады! Басынан бастап құрылыс біткенше, барлық үйді бақылауда ұстаймыз» деп шенділер шімірікпестен жар салды. Сендік! Бірақ…

«Бесоба» құлағаннан кейін, бұл саладағы жұмыстар қалыпқа келіп, сабасына түседі ғой деп ойладық, бекер екен.

Содан бері сапаға қарамаған бірнеше құрылыс орнында шу шықты. Мысалы, былтыр Ақтоғай ауданы Шашубай кентінде бірнеше отбасы үйлі боламыз деп шашетектен шығынға батқандарын айтты. Үйге үш ай бұрын көшіп келген жұрт жаңа баспананы өздері жөндеп, кем-кетігін түзеп алған. Үй иелері жөндеуге жұмсалған ақшаны қайтарып беруді талап етті. Олар- дың айтуынша, үйге еден салынбаған. Қабырғалары сыз тартып, көгерген. Кейін, жергілікті әкімдік өкілдері құрылыс барысында кемшілік кеткенін мойындады. Айта кету керек, бұл жалдамалы үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. Оның әрқайсына қазынадан 7 миллион 400 мың теңге жұмсалыпты.

Ал, алты жыл бұрын пайдалануға берілген «Шапағат» тұрғын үйінде жақында тағы шу шықты. Тұрғындардың сөзінше, тоғыз қабатты үйдің қаптамасы құлай бастаған. Егер, керомагранит өтіп бара жатқан адамға түссе, салдары қиын болуы мүмкін.

«Бұл – адам өлтіретін үйлер. Білесіздер ме, күндіз далаға шығуға қорқамыз. Керамогранит құласа, күлкілі нәрсе емес, салдары қиын болады», – дейді тұрғын Меруерт Садуова.

Тұрғындар сотқа жүгінген. Шенеуніктер ең алдымен керамогранитты жөндеп беретіндерін айтып отыр. Бұл, айтылған бір-екі мысал ғана… Айтпақшы, өткен аптада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Бірыңғай құрылыс порталын әзірлегенін жеткізді. «Аталған жүйе бірыңғай цифрлық ортада құрылыстың барлық қатысушыларын шоғырландыруға мүмкіндік беріп, жұмыс сапасын қадағалауға зор ықпалын тигізеді. Осының арқасында Қазақстанда құрылыс сапасына бақылау күшейтіледі» – деді министрліктегілер.
Сонымен қатар, портал жобалау-сметалық құжаттарын ведомстводан тыс сараптама порталынан автоматты түрде алып, барлық құрылыс құжаттарын цифрлық (актілер, журналдар, нұсқамалар) рәсімдеуге мүмкіндік бермек.
«Қазіргі күнде жүйеге елімізде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандары туралы деректер базасы жүктеліп, сарапшыларды тестілеу бойынша модульдер іске қосылды. Жүйе тест тапсырушы маманды автоматты түрде тексереді. Осы арқылы тест тапсыруы тиіс маманның орнына басқа адамның кіруінің алдын алады», – делінген министрлік таратқан хабарламада.
Техникалық қадағалау ұйымдары ЭЦҚ арқылы құрылыс барысы туралы мәліметтерді және фотоматериалдарды тіркей отырып, ай сайын есеп бермекші.
«Жақсы жоба», дедік біз де. Дегенмен, он жыл бұрын айтылған сөздей дала да қалмаса деп тіледік…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.