Суды үнемдеп, газ тарту – өзекті мәселе

Суармалы жерлерді қалпына келтіру күн тәртібіндегі басты мәселе. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретін газдандыру жұмысын аймақ басшысы ұдайы бақылауында ұстап отыр. Сонымен қатар, аймақта газға қосылуға субсидия төленеді. Бүгінгі таңда газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Аталмыш мәселелер жөнінде облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ жетекшілігімен өткен аппараттық жиында егжей-тегжейлі айтылды.Ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерді шешудің тетіктері жан-жақты қаралды. Соның ішінде ағымдағы жылы аймақтағы суармалы жерлерді қалпына келтіруде жасалып жатқан жұмыстар тілге тиек етілді. Биылғы жылы 2400 га жерді айналымға енгізу жоспарланып отыр. Осы орайда, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 7 жобаны іске асыруда. Әсіресе, суармалы жерлерді қалпына келтіруде су ресурстарын тиімді пайдаланғанның маңызы зор.

– Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беретін үш ұйым жұмыс істейді – бұл «ҚазСуШар» РМК, Қ.Сәтбаев атындағы канал, «Красная поляна» ӘКК. Сонымен қатар «Қарағанды су қоймалары» КМК-де суармалы жерлерге су беру мәселесі пысықталуда. «ҚазСуШар» РМК-ның суды жұмсау және бөлу есебін тиімді жүргізу үшін сандық технологиялар енгізілді. GSM-модемдері бар 11 бекет орнатылды, – деп баяндады облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрбек Серіков.

Алдағы жоспарлар да айтылды. Мәселен, су ресурстарын есепке алу жүйесін жаңғыртумен қатар Нұра, Солонка және Ақбастау өзендерін санациялау бойынша бес жобаны іске асыру, 2023-2024 жылдары облыста «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша 73 шақырым суару каналдарын қайта жаңарту жоспарланған. Аймақта үш жаңа су қоймасын салуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.

Биыл Саран және Шалғы су қоймалары, Манақ бөгеті күрделі жөндеуден өтеді.

Бұл жобалардың барлығы суармалы егіншілік бағытын кеңейтуге арналған. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров суды үнемдеуге мүмкіндік беретін технологиялар туралы айтты.

— Облыс бойынша суармалы жерлер алқабы 93,1 мың гектарды құрайды. Оның 62,7 мың гектары ауыл шаруашылығы құрылымдарына бекітілген. Осы алқаптың бүгінгі күнге 24,6% пайдаланылады. 2021 жылы ауыл шаруашылығы жерлері айналымына енгізілген суармалы жер көлемі 1308 гектар. Ағымдағы жылы қосымша 2400 гектар алқапты айналымға енгізіп, қолданыстағы суармалы жер көлемін 27,6% жеткізу жоспарлануда, -дейді басқарма басшысы.

Суармалы жерлерде дәнді дақылдардан бөлек көкөніс, картоп және азықтық дақылдар да өсіріледі. Егістік алқапқа қажетті суды облыс бойынша 5 ауданға қарасты 50-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұтынады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жаңбырлатып суару әдісімен жүзеге асырылуда. Қажетті 214 техника пайдаланылуда. Оның 9-ы биылғы жылы сатып алынған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарына су беру қызметін көрсету құны субсидияланды.

– Жұмыс істеп тұрған су қоймаларын қайта жаңарту суармалы судың қосымша көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрақты суару кезінде шығынды азайту есебінен қолданыстағы су балансын барынша сақтау қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Аймақта 2019 жылдан бері газдандыру жұмысы жүргізілуде. Көгілдір отынның келуі осыған дейін от жағып, көмір тасып, күл шығарудың машақатын көрген тұрғындардың тұрмысын жеңілдетумен қатар, табиғаттың зиянды түтіннен тазарып, экологияның жақсаруына да ықпалын тигізеді.

Былтырғы жылы газдандыруға байланысты бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап өтерлігі, газға қосылуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Көмекті азаматтардың әлеуметтік осал санаттары ала алады. Бүгінгі күні 4 қалада газдандыру жүріп жатыр. Үш қалада бірінші кешен бойынша жұмыстар аяқталды. 2705 тұрғын үйге газ жеткізіліп берілді. Биылғы жылы екінші кешен бойынша жұмыстар аяқталу үстінде. Бүгінгі күнде Жезқазғанда жұмыстар аяқталды. Қарағанды мен Теміртауда бір айдың көлемінде аяқтау көзделуде. Үшінші кезең бойынша үш қалада жұмыстар жүріп жатыр, жыл соңына дейін аяқталады. Саран, Дубовка, Ақтас, РТИ-ға газдандыру жұмыстары жеткізіледі, – дейді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ұ.Үсенов.

Аймақтағы газдандыру науқанының үшінші кезеңін жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 9,1 млрд. теңге қаражат бөлінген.

Жиын барысында облыс басшысы Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалалары әкімдерінің атқарып жатқан жұмыстарын тыңдап, салаға жауапты орынбасарларына бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.

Сағыныш ӘБІЛ.