Облысқа коронавируспен күресу үшін жабдықтар мен жедел жәрдем көліктері берілді

Қарағанды облысының медициналық мекемелері жаңа жедел жәрдем көліктерін пайдалануға алды. Бұған дейін облысқа ӨЖЖ аппараттары, пульсоксиметрлер және оттегі концентраторлары бар гуманитарлық жүк келген болатын.


Жалпы айта кетер болсақ, Қарағанды облысына 5 өкпені жасанды желдету аппараты (ӨЖЖ), 5 оттегі концентраторы және 80 пульсоксиметр жеткізілді. Сондай-ақ, облысқа Shevrolet Damas маркалы 5 жедел жәрдем көлігі келді.

Бұл көмек «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында көрсетілді. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қайырымдылығының бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қажетті жабдықтарды сатып алып, оларды өңірлерге жіберді.

Мұндай жиынтықтарды әрбір облыс, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар алады.

«Биыл дәрігерлердің иығына ауыр сынақ түсті. Ұзақ уақыт бойы олар демалыссыз, отбасыларынан алыс коронавирустың таралуына қарсы, адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін күресті. Жедел түрде инфекциялық және провизорлық госпитальдар ретке келтіріліп, медициналық жабдықтар, дәрілік препараттар сатып алынды. Бей-жай қарамайтын азаматтардың, меценаттардың және кәсіпорындардың жан-жақты қолдауының арқасында көп нәрсе жасалды және осылайша одан да үлкен мәселелердің алды алынды. Көрсетілген көмек үшін облыс тұрғындары атынан ерекше алғыс білдіреміз», – дейді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

«Бұл шаралардың барлығы біздің медицинамыздың жұқпалы аурулармен, соның ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциямен күресуге дайындық деңгейін арттыруға және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған», – дейді «Samruk-Kazyna Trust» Қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Еске сала кетейік, Меморандум аясында республикамыздың Денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыруға 100 жедел жәрдем көлігі, 1 000 оттегі концентраторы, 50 ӨЖЖ аппараты, 1 000 пульсоксиметр жеткізілетін болады.