Бас тақырып

ҚАРҒЫННАН ҚАУІП БАР 158 елді мекенді су басуы мүмкін

Соңғы екі аптаның ішінде Табиғат-Ана жұртты сынаққа алған сыңайы бар. Наурыздың соңында қар қалың түсті. Ақтүтек боран әлекті салды. Талай жан далада қалды, жолынан жаңылды.

Іле-шала күн күрт жылынды. Енді, сол мол қар еріп, дала мен қалаға қарғын қауіп төндіріп тұр. «Бұйыртса, аузымыз аққа жариды» деп алдағы күнге үмітпен қараған елге бұл тосыннан киліккен уайым болды. Ішіндегі дүние-мүлкін былай қойғанда, су іргесін шая берсе, баспананың қабырғасы қақырап түсері белгілі. Тасқын ауылдық жерлерді қойып, Қарағандының шеткі аймақтарын да әбігерге салуда. Өкінішке қарай, адам шығыны да тіркелді. Алтын асықтай ұлдың ажалы арықтан келді…

Өкініштісі – тоғыз жасар бала қарғын судың құрбаны болды. Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға 3 сәуір күні түс мезгілінде Сұрыптау елді мекенінде орын алды. Ойнап жүрген ұл бала Серов көшесіндегі арыққа батып кеткен. Қайғылы оқиға туралы хабар департаментке сағат 15.45-тің кезінде түсіпті. Құтқарушылар бір сағат шамасында баланың денесін жарты шақырым жерден тауып алды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек баланың туған-туыстарына көңіл айтты. Сонымен қатар, аудандар мен қалалар әкімдіктеріне қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.

– Жергілікті жерлердегі барлық әкімдіктер халық арасында алдын алу жұмыстарын күшейтуі тиіс. Мұндай қауіпті жерлерде ескерту белгілерін қою қажет. Қазіргі басты міндет – осындай қайғылы жағдайдың қайталанбауы үшін барлық жағдайды жасау. Қазір қар тез еріп жатыр. Тиісінше, су тасқынына қарсы іс-шаралар да жүріп жатыр, Жауапты қызметтер кез келген оқыс жағдайға дайын болуы керек, – деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек, облыс әкімі ата-аналарға балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу жайлы өтініш жасап, облыстың білім басқармасына мектептерде қауіпсіздік ережелері туралы іс-шаралар өткізуді тапсырды.

Дегенмен, кеше облыс билігі жағдай бақылауда екенін айтып, көпшіліктің алаң көңілін бір басып қойғандай болды. Облыс әкімінің орынбасары Вадим Басинге сенсек, үрейге бой берудің қажеті жоқ.

– Қыс бойы қар аз болды. Сондықтан, біз бұған дейін көктемнен қауіп күтпедік. Алайда, өткен айда қар қалың жауды. Мәселен, Қарқаралы ауданында былтырғы наурыз айымен салыстырғанда 209 пайызға артық түсті. Өзге аудандарда да сол шамалас. Салдарынан жер-жерде күрделі жағдай қалыптасқаны рас. Осы аптада облыс көлемінде күн жыли береді. Сәйкесінше, өзен-көлдердегі су деңгейі көтерілетіні анық. Елді мекендерге, автокөлік жолдарына қауіп төнуі мүмкін. Бірақ, барлық жағдай бақылауда. Тиісті жұмыстар қолға алынды. Әйтсе де, биылғы көктем бұрынғы жылдарға қарағанда қауіпті емес. Бір мысал келтіре кетейін… Мәселен, 2016 жылы көктемде Самарқанд су қоймасынан секундына 1500 текше метр су жіберсек, биыл 20 текше метрді құрап отыр. Айырмашылығы жер мен көктей. Сол себепті, тұрғындардан сабыр сақтауды сұраймын, – деді Вадим Борисович.

Кешегі мәліметке сәйкес, облыс көлемінде 158 елді мекенді су басу қаупі бар. Тасқынға қарсы штабтың телефонында маза жоқ.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпановтың айтуынша, 31 наурыз-4 сәуір аралығында аулаларды су басуына қатысты 125 қоңырау, жолдарды басу бойынша 18 хабарлама түскен. Оқиғалардың басым бөлігі Қарағанды қаласына тиесілі. Шаһарда 77 аула су астында қалып отыр. Бұқар жырау ауданында – 21, Саран қаласында – 6, Теміртау қаласында – 5, Қарқаралы ауданында – 5, Шахтинск қаласында 3 үйге қауіп төнген. Бұл қатарда Абай, Осакаров, Шет, Ақтоғай, Нұра мен Ұлытау аудандары да бар. Төтенше жағдай қызметі бүгінде 114 ауладағы судың бетін қайтарған. Қалған 11 оқиға орнында 251 адам мен 106 техника жұмыс жүргізуде.

Автожолдардағы жағдай реттелгенімен, әлі де екі жер бақылауда тұр. Бүркітті-Егіндібұлақ-Қоянды жолы барлық көлік түрлері үшін жабылды. Теміртау-Қызылқайың жолындағы ахуал ептеп тәуір.

Облыс әкімдігі мен департамент тарапынан тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр. Аймақ басшысы, департамент басшылығы облысты тікұшақпен жиі аралап келеді. Мұрат Қасенұлы өзендердегі су мөлшері айтарлықтай артқанын тілге тиек етті.

– Кеше Нұра өзені Шешенқара ауылы тұсында – 1 метрге, Петровка ауылы тұсында 1,4 метрге көтерілді. Көкпекті өзенінде – 87 см-ді, Жаманкөң өзенінде 26 см-ді құрады. Өткен аптада Нұра, Жарлы, Сабырқожа, Жаманкөң өзендері мен Қарасор көліндегі мұзды жардық. Бұл өзендердің ендігі «мінезі» судың жерге сіңуіне байланысты болмақ, – деді департамент басшысы.

Ал, облыстағы үш су қоймасының маңында отырған елге қауіп жоқ екен. Департамент бастығы атап өткендей, сыйымдылығы 250 млн. текше метрлік Самарқандта бүгінде 180 млн. текше метр су бар. 274 млн. текше метрлік Шерубай-Нұрадағы су көлемі – 117 млн. тек метр. 108 млн. текше метрлік Ынтымақтағы су қойманың бел ортасынан келеді. 52 млн. текше метр тіршілік нәрі тұр.

Мұрат Қатпанов арықтарға қатысты да сөз қозғай кетті.

– Облыс бойынша мыңдаған арық жүйесі бар. Техникалық сипаты бойынша оның үсті жабылуы міндетті емес. Тек, баланы ағызып әкеткен арықтағы судың көлемі мол және ағысы қатты болған. Өте өкінішті жағдай, әрине. Баланың отбасына қайғыра көңіл айтамын, – деді Мұрат Қасенұлы.

Жоғарыдай айттық, 158 елді мекенді су басуы ғажап емес. Қолдағы мәліметке сүйенсек, бұл өңірлерде 21785 адам тұрады екен. Қазір тиісті мекемелер тас-түйін әзір тұр екен. дегенмен, облыс билігі мен құтқару қызметтері тұрғындардан да қарап отырмауды сұрайды. Әркім өз ауласындағы арықтарды тазартып, қар мен мұздан аршып жіберуі қажет. Және маңыздысы – буырқанған ағыстан аулақ жүруді өтінеді. Баланы да назардан шығармаған жөн.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ. 

Басқа материалдар

Back to top button