Жаңалықтар

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ: «Бұрынғы аумақтық бөлініс қайталанбауы тиіс»

Қаңтардан бері қоғамның өзгерісті үздіге күткені мәлім. «Реформаның реформа үшін жасалмайтынын» және ескерткен-ді Президент. «16 наурызда реформаларды жария етемін» деген уәдесі де кешегі күні орындалды. Бұқара үшін тосын, тың жаңалыққа толы Жолдау жұртшылыққа жол тартты. Халықтың әлеуметтік һәм экономикалық әл-ауқатын арттыруды көздеген шешімдер жария етілді. Шынтуайтында, ел осы Жолдаудың бұрынғыдан өзгеше екенін мойындап та отыр. Көптің талайдан көкейінде жүрген, бірақ, бүгін-ертең түйіні тарқатылуы қиын ойлар орайын тапқанына куә. Бұл – пафос емес. Шыны – сол.

Көкірегінде көзі барлар Жолдаудың ел болашағы үшін мән-маңызы зорын ұғынды. Оған қоса, Жолдау биік мінберден айтылып, қоя салатын кептен ада еді. Себебі, тетіктері де бүгіннің өзінде белгілі. Тек соны жүйелі, асықпай, аптықпай іске асыруда – мәселе. Әсіресе, Қарағанды облысы аумағынан Ұлытау облысының жеке бөлінуі Жезқазған мен Ұлытау өңірінің тынысын ашарына қуанады қазақ. Қоғамда осы орайда түрлі пікірлер айтылып та жүр. Жолдау көтерген жүк жөнінде қоғам қайраткері ретінде Нұрлан ДУЛАТБЕКОВТІҢ пікірін білген едік…

– «Бұл ән бұрынғыдан өзгеше» дегенді бұқара тілге тиек етіп, жаңа Жолдаудың жақсылықтарына сүйсініп-ақ жатыр. Әсіресе, Жезқазған мен Ұлытаудың енші алуы. Осы орайда Сіздің пікіріңізді білсек дейміз…

– Ел Президентінің Жолдауы – халықты өте қуантқан Жолдау болды. Жасыратыны жоқ, мұнда айтылған идеялар нағыз Президент аузынан шығуы тиіс, тек Президент айтуы тиіс ойлар еді. Соның ішінде, бірнеше бағытқа ерекше тоқталғым келеді. Бірінші, елдің жүрегі жарылардай қуанғаны – ол көптен күткен, аңсап жүрген Семей, Жетісу, Ұлытау облыстарының құрылатындығы. Біз ел аралағанда, жұртшылықпен жүздескенде халықтың арман-тілегі – осы екеніне көзіміз жеткен еді. Міне, сол арман-тілек орындалды. Бұған халық дән риза. Оның экономикалық, саяси-әлеуметтік те маңызы бар. Кейбір скептиктердің пікірін де естіп, біліп отырмын. «Бұл қазіргі күрделі экономикалық кезеңде қалай?» деген сұрақ қоюда олар. Меніңше, бұл – бекер. Мысалы, бір Жезқазғанның өзін алайық. Онда облыс орталығының, мемлекеттік органдардың орналасуы сондағы алып өндірістерді одан сайын жұмыс істеуге итермелейді. Ашықтық пайда болады. Шағын және орта бизнес қарқын алады. Салық артады. Бұдан басқа да оң әсері жетерлік. Бос тұрған нысандарға қан жүгіреді. Іске қосылады. Құрылыс қанат жаяды. Сондықтан, бұл арада скептикалық көзқарастың қажеті жоқ. Қобалжу, тіпті, орынсыз.

– Президент саяси трансформацияны ұсынғаны белгілі. Сол арқылы барлық саланы сауықтырып, саяси және экономикалық монополияны жою көзделетінін жеткізді. Президенттің Парламенттік сайлауға қатысты ойы туралы не айтасыз?

– Президенттің Парламент сайлауына қатысты ойлары көңілге қонады. Шынында да, партиядан, партиялық тізімнен тағайындалған депутаттар көбінесе, өзінің емес, партияның пікірін ұстанады. Бұл Заңда қабылданған ережеге сәйкес. Ал, мына мажоритарлы жүйеде олар халықтан сайланған соң ештеңеге алаңдамайды. Яғни, партияға, оның көзқарасына жалтақтамайды. Қазір депутаттарға сын жиі айтылады ғой. Мажоритарлы тізіммен келсе, халықтың атынан сөйлеуге құқы бар. Бұл мемлекеттің демократиялануына ықпал етеді.

Президент шешімін тапқан тағы бір айта кететін жайт бар. Бұрын Қазақстан Халқы Ассамблеясынан тоғыз депутатты Мәжіліске сайлап отырдық. Заңгер ретінде айтсам, осында бір принцип бұзылып келді. Заң жүзінде әр адам бір ғана дауысқа ие. Мысалы, ассамблея мүшелерін өздері сайлайды. Сонымен қатар, Парламент сайлауында да олар тағы дауыс береді. Демек, бір адам екі дауыс иеленеді. Мұның заңдылығы сол уақытта күмән келтіретін. Енді ол шешілді.

– Президент өкілеттілігі де Жолдауда назардан тыс қалған жоқ. Сонда бұл суперпрезиденттік циклдың толық аяқталғаны ма?

– Бұрын Президенттің құзыреттіліктерін көбейтуге басымдық берілсе, енді Президентті көп құзыреттілігінен айыру арқылы еліміздің саяси жаңғыру үдерісінің ілгері басатынын айтты Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мемлекет басшысы өзіне Президенттік билік емес, соңғы нәтиженің маңызды екенін ескертті. «Елдің тұтастығы мен амандығы керек» деді.

– Ендігі мәселе Жолдаудың жүзеге асуында ғой…

– Жолдауды жүзеге асыруда «Бас-басына би болған, өңкей қиқым» сауатсыздық танытып, жеңіл-желпі пікір айта салатын адамдар кедергі келтірмеуі тиіс. Мұнда парасаттылық керек. Көптеген әлеуметтік мәселелер осыдан соң өзінен-өзі шешімін табады. Оған уақыт керек.

Президент Жолдауда жүйелі жаһандық мәселелерді көтерді. Бәрі сапалы жүзеге асады деген ойдамын. Ол үшін бірлік қажет.

– Турасын айтайық, Ұлытау облысы құрылатындығына байланысты ел ішін түрлі болжам кезіп жүр. Түрлі бейресми пікірлер айтылуда. Сіздің ойыңызша Қарағанды облысынан шыққан Ұлытауға енші қалай берілген жөн?

– Әкімшілік-аумақтық бөліністе аса сабырлы саясат, тиімді қадамдар жасалуы тиіс. Әрине, Қарағанды облысынан Жезқазған аумағында Ұлытау облысының құрылуы – өте қуанышты жағдай екенін жоғарыда атадым. Президент мұның халыққа, экономикаға тиімділігін ерекшелеп айтты. Мақсат – идеяны салиқалы салмақты түрде іске асыру.

Мына жағдай еске түседі. 1973 жылы Жезқазған облысы құрылғанда Ақтоғай, Шет аудандары секілді бірқатар аудан Жезқазған өңірінің құрамына кірді. Сонда бұл үлкен проблемаға ұрындырды. Қарағанды облысына қосылғанға дейін бұл аудандар қаншама қиындық көрді. Облыс орталығынан 1 мың шақырым шалғайда жатқан ақтоғайлықтар қандай қиналды. Аудан дамымай қалды. Өйткені, аудан шалғай болған соң медициналық көмек, өзге де көмекке олар жете алмады. Бар мәселелері Жезқазғанға барып шешілетін. Ауданда көптеген қиындықтар белең алғаны рас.

Енді жаңа облыстардың ашудағы мақсатқа келейік. Мұндағы мақсат – аудандардың облыс орталығына жақын орналасуы. Демек, аудандарды облысқа бөлгенде бұған дейінгі әкімшілік-аумақтық бөліністі қайталамау – міндет. Егер автоматты түрде бұрынғы территориясымен Ұлытау облысына Ақтоғай, Шет ауданы берілсе, қиындыққа тап келеді. Оны да ұмытпау – парыз.

Кейбіреулер Балқаш қаласын, Ұлытау, Шет аудандары Ұлытау облысы құрамына өтпесе, жаңа ашылған облыста халық саны азаяды деген уәж айтады. Олай емес. Жаңа облыста халық саны өседі, өйткені, облыс орталығы емес пе?

Мұндайда бір өңірге жақсылық жасап, екінші өңірдің мүддесіне қайшы келмеу қажет. Мысалы, Ақтоғай ауданының Айыртас ауылы мен Жезқазғанның арасы мың шақырым екен. Сонда бұл сондағы халыққа тиімді ме? Мұны ойдан шығармаған абзал.

Қазір халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз десек, әрбір тұрғынның, әр сайлаушының пікіріне құлақ асу керек. Болашақты екшейтін істе мұқият болған жөн. Республикалық комиссия зерттеп, зерделеуде әр мүдденің, әр мәселенің тамырына үңілуі тиіс.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АЙТЖАН. 

Басқа материалдар

Back to top button