Білім иманды нұрландырады

Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобына кіретін 80- нен астам маман жуырда өткен діни тақырыптар талқыланған семинар жұмысына қатысты. Шарада исламтанушылар, ғалымдар сөз сөйлеп, қатысушыларды қызықтырған сан алуан сұрақтарға жауап берді. Шешендік өнерге баулып, иман нұрымен сусындатты.

Мамандардың мәліметінше террористердің бойындағы жантүршігерлік әрекеттерге бастайтын ауытқулар жай ғана радикалды әрекеттерге икемділіктен немесе лингвистика ғылымының кейбір жанрларын білмегендіктен пайда болады екен. «Лингвистиканың дінге не қатысы бар?» деп ойлауыңыз мүмкін. Ал, егер, дін жолында адасушы араб тілін білмесе, онда ол арабтың мәдениетінен де хабары жоқ деген сөз. «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университеті жанындағы экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры Асқар Сабдиннің айтуынша, Құран мен хадистен хабары жоқ, Исламның іргелі төрт мәсһабының бірін де білмейтін әсіредіншілдер осылайша, өздері байқамай тығырыққа тіреліп, қате бағытқа түсіп кетеді. Алматы қаласынан келген әріптестерімен бірге ол да арнайы радикализацияның негізгі мәселелерін түсіндіру үшін Қарағандыға ат басын тіреген.

Шара спикерінің атап өткеніндей, соңғы жылдары қанқұмар жиһадшылар қатары азайып, ал оның орнына біртіндеп саяси заңдарды қолдаған сыңай танытуға бейімделген исламшылар пайда болуда.

– Зорлық-зомбылықты жақтайтын радикалды экстремистер көлеңкеге кеткен уақытқа келдік. Олардың орнына көпшілік алдында роль ойнайтын, қоғаммен өз тілінде сөйлесе алатын жастары келді. Сондықтан да, біз тамырын дөп басып, олардың экстремистік арандатушы сөздеріне дер кезінде жауап беріп отыруға тиіспіз, – деді теолог.

Асқар Сабдиннің айтуынша, радикалдар арасында үш айқын бағыт бар. Алғашқысы – Исламда құпталмайтын және халифтер мен діндарлар арасындағы басты проблема дінді саясиландыру. Екіншісі – эсктремизм күшейген сайын, сәләфизм бағытындағы діндарлар арасында сыбайлас жемқорлық тамыр жая түседі. Үшінші және қауіптісі – алдыңғы екеуінен кем емес – астыртын әрекет ету мәселесі. Бұл жағдайда адамның сыртқы келбеті алдамшы болып, зайырлы құндылықтарға бейімділігін көрсетеді. Ортасын сөзіне сендіреді, ал шын мәнінде іштей жасырын жаман ойын іске асырып, деструктивті әрекеттерге барады. Дәл осындай теріс пиғылды адамдар қазақстандық қоғамның мемлекеттілігі мен бірегейлігін бұзып, берекесін қашыруға барын салады» – деді ол.

Жиында осы тақырыпты талқылай отырып, діндарлар санасының салафитизациясына да назар аударылды. Бұл өз кезегінде бірнеше тұжырымдамада көрінеді екен. Ол діни сауаттылыққа немқұрайлы қарау, дүниетанымын түкке тұрмайтын нәрселерге бұру немесе дұрыс ғылым жолын «ескірген» деп танып және жанжалды қатынастарды насихаттау. Бұған қазіргі қоғам үшін өзекті проблема – сапалы контенттің аздығын қосу қажет.

Діни мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіте отырып, дәріскер теологияның екі түріне тоқталды. Олар: авторитарлық және ұтымды. Екіншісінің жақтаушысы әлемнің екінші ұстазы атанған көрнекті ойшыл бабамыз әл-Фараби болса, қазіргі Ислам әлемінде бірінші түрі басымдыққа ие екен. Сонымен қатар, авторитарлықтың рөлі күшеюде. Сондықтан да, дінтанушылар үшін радикализм сияқты ұғымдарды терең білу – маңызды. Өйткені, бұл ұғымдар кез келген астыртын әрекеттердің алдын алуға көмектеседі, қоғамның әлеуметтік және мәдени кодтарын жақсы жағына өзгертеді. Ал, астыртын әрекеттерді жақтаушылар жат жұрттың құндылықтарын санамызға орнықтыруға тырысатынын ұмытпаған жөн.

Теологтың мәлімдеуінше, тағы бір басты мәселе – адамның өзіне сенімсіздігі. «Көбінесе экстремистік көзқарастағы адамдар діни мәтіндердің мағынасын жете түсінбейді. Олар өздері оқыған бір дерекке сүйеніп алып, сол пікірін өзгертпейді. Бірақ, олар бір сөздің түрлі астарлы мәні болуы мүмкін екендігін ойламайды. Лингвистика ғылымының жанрларымен таныс емес радикалдар метафора, аллегория, сөздің көпмағыналылығы сынды сөз түрлендіру тәсілдерін мүлдем білмейді» деді ол.

– Мәселен, діндарлардың көпшілігі «умма» сөзінің Мұхаммед (с.ғ.у.)пайғамбардың ізбасары деген мағынасын ғана біледі. Ал, негізінде бұл сөз – «уақыт», «көшбасшы», «топ» және «дін» сияқты басқа да ұғымдарды аңғартады. «Джихад» сөзінің де «жаман әдеттермен күресу», «Құранды түсініп оқу», «ата-ананы сыйлау», «туыстарға қол ұшын беру» сияқты 12 түрлі ізгілікке бастайтын мәні бар. Радикалдар бұл сөздерді теріс мағынада түсініп, қоғамда сондай теріс пиғылдағы ұғымдарды қалыптастыруға күш салды. Осылайша, радикализация проблемаларының түбірі семантикалық заңдылықтарға барып тіреледі, – дейді теолог.

Ислам дініндегі құндылықтар тек бір мағыналы догма ғана болады дейтін шала сауатты діндарлар – асыл дініміздің адамзатты адастырмайтын іргелі төрт мазхабын көбірек насихаттау керектігін есімізге салады. Ол мазхабтарды Мухаммед (с.ғ.у.) пайғамбардың үзеңгілестері қалыптастырды және әрқайсының Ислам туралы дербес көзқарастары болды. Сондықтан да, діни мәтіндерді тек бір қырынан ғана қарастыру – қате… Алайда, әр мазхабтың дінді ұстануы әр түрлі болғанымен, олар дінді бұрмаламай, Ислам арқылы адамдарды тек жақсылыққа жетелейтінін, жалғыз жаратушы Құдайды тануға баулитынын ұмытпаған жөн.

Семинардағы сан алуан пікірлерді терроризм мен экстремизм мәселелерін зерттеу жөніндегі республикалық орталықтың директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Кәкімжан Бишманов қорытындылады. Ол өңірлерден келген жаттықтырушылармен жұмыс жасаудың жаңа әдістері туралы айтты.

– Біздің тәжірибеміз оң нәтиже берді. Бірақ, бір орында тоқтап қалуға болмайды. Сондықтан да, біз өз жұмысымызға тек теологтарды ғана емес, экстремизмнің алдын алуға өз үлесін қоса алатын қоғам және мәдени қайраткерлерді тартуды жөн көрдік, – деп атап өтті ол.

Түрлі пікірлер мен көзқарастарға толы болған шара, асыл дініміздің ақиқат жолы екендігіне баса назар аударумен мәресіне жетті.

Жәлел ШАЛҚАР.