Білім

Онлайн оқу – өздігінен іздену

Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ «QAZAQSTAN» ұлттық арнасына берген онлайн сұхбатында «Біз үшін ең маңыздысы – балалар мен ұстаздардың денсаулығы һәм өмірі» деген еді. Ал, ата-аналар білім деңгейіне де алаңдап отыр. Өйткені, ұстазбен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы алған білімнің сапалы болары анық. Десек те, өмірдің талай сынынан өткен қайсар халықтың ұрпағы бұл қиындықта да сүрінбесі сөзсіз…

ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ

Биылғы жаңа оқу жылы жылда мектеп формасын киіп, құшақ-құшақ гүлдерімен Білім күні мерекесіне ағылатын оқушылар мен ұстаздарға оңай соғып тұрған жоқ. Ал, қашықтан оқыту жұмысын ұйымдастырудың да өз машақаты бар. Қауіпсіздік мәселесі – басты назарда.

Абай «Өмірдің мәні – оқу мен білімде» десе, бүгінде сол білімді қашықтан алуға мәжбүрміз. Шындығында, жыл аяғында білімді деген баланың өзі онлайн оқудың әсерінен мұғалімнің қарапайым сұрағына жауап бере алмай қалғанын көрдік. Мамандар бұл жағдайды да ескеріп, білім алушыны сабаққа қызықтыра түсуге, оқыту әдістемесінің түрлі тәсілдерін қолданып, сапалы білім беруге күш салатынын айтады.

ОҚУ ҮДЕРІСІ ҚАЛАЙ ЖҮРЕДІ?

Мектептерде Білім күніне және оқу жылының басталуына арналған жиын онлайн түрде өтеді. Оған оқушылар қолжетімді құрылғылар мен байланыс құралдары арқылы қатысады. Мектепке келмейді. Сынып сағаттары да қашықтан өткізіледі.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Құралай Сүлейменованың мәлімдеуінше, облыста шамамен 200 мың оқушы бар, 503 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Білім ошақтарында 19 404 педагог бар. Биыл 1 қыркүйектен облыстың 280 мектебінде қашықтан білім беру жоспарланған. Бұл – 181 390 оқушы немесе 91,4%-ды құрайды. Штаттық режимде 223 шағын жинақы ауылдық мектеп жұмыс істейді. Ол – 17 234 оқушы немесе 8,6% деген сөз.

Облыс орталығындағы 5-11 сынып оқушылары толық онлайн режимде оқытылады. Ал, 1,2,3,4 сыныптың білім алушылары ата-аналардың өтінішіне сай, бала саны 15-тен аспайтын кезекші сыныптарда оқиды. Дайындық сыныбының бүлдіршіндері алғашында қашықтан оқытылады делінген. Мамандардың айтуынша, ата-аналардың өтінішімен кезекші сыныптар ашылуы ықтимал. Егер, ашылмаса, олар да қашықтан оқытылады.

Кезекші сыныптарда бір кабинеттік жүйе, көшіп-оқу жоқ. Әр сыныпқа қоңырау әр түрлі уақытта соғылады және оқушылар бір-бірімен кездеспеуі үшін сабақ та әр уақытта басталады. Мектеп формасын кию шарт емес, бірақ киім классикалық үлгіде болуы керек. Мұғалімдер бетперде киіп, сабақ жүргізеді. Бір есіктен кіріп, басқасынан шығады. Тамақтануға мүлдем рұқсат жоқ.

«САҚТАНСАҢ – САҚТАЙДЫ…»

Сабақтың ұзақтығы 2-4 сыныпқа 40 минут, 1 сынып оқушылары сатылық режиммен оқиды. Сатылық режим – I жартыжылдықта сабақтың ұзақтығы 30 минут болса, II жартыжылдықта 40 минутқа ауысады. Кезекші сыныпқа созылмалы аурулары жоқ оқушылар қабылданады. Үзіліс ұзақтығы 5 минут, 2-ші сабақтан соң 15 минут. Екі топ арасындағы уақыт 30 минут. Сол уақыт аралығында сыныпта тазалау жұмысы жүргізіледі.

Бір партаға бір бала отырады және олардың ара қашықтығы – 1 метр. Сол үшін әр сыныпта және дәлізде арақашықтық белгілері, нұсқаулықтар орналастырылған. Ата-аналар балаларды қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз (бетперделер, қолғаптар, құтыдағы антисептик немесе бактерияға қарсы дымқыл майлықтар) етеді және оқушыны мектепке әкеліп, алып кеткенде ішке кірмейді. Дене қызуы бар балалар үйіне қайтарылады. Егер, сыныпта бала ауырып қалса, толық сынып қашықтан оқытуға ауыстырылып, мектеп оқуын штаттық режимде жалғастырады.

«БАЛАЛАРДЫҢ ШУЫН САҒЫНАМЫН…»

Биыл бірінші сыныпқа шамамен – 24 147 бала қабылданады. Ата-аналардың өтінішімен 57 795 бастауыш сынып білім алушыларын қамти отырып, 4 872 кезекші сыныпты штаттық режимде оқыту жоспарлануда.

– Мектепалды дарялық сыныбында 26 оқушы бар. Ата-аналармен WhatsApp тобы арқылы сөйлесіп отырмын. Даярлық сыныбында 3 пән оқытылады. Сауат ашу негіздері аптасына – 2 сағат, қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру – 1 сағат, қоршаған ортамен танысу – 0.5 сағаттан оқытылады. Індеттен құтылып, алтын ұя мектебімізге аман-есен оралсақ дейміз. Онлайн білім беру қиын емес. Бірақ, мектепте балалардың шуы, қоңырау үні, барлығын сағынамын, – дейді №61 орта мектептің мектепалды даярлық сыныбының жетекшісі Ардақ Қалиева.

МЕКТЕПТЕР ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУҒА ДАЙЫН БА?

Көп ата-аналар «үй тапсырмасы болмайды» деп жүр. «Тапсырма жалпы беріледі. Үй тапсырмасы – оқу тапсырмасы деген сөз. Бұл оқушылардың қалыпты жағдайда сыныпта жаңа тақырыпты бекіту, өткен материалды қайталау кезінде немесе үйде келесі күнгі сабаққа дайындалу кезінде орындайтын тапсырмалары. Олар өзгеріссіз қалды. Қашықтан оқыту жағдайында үй тапсырмалары – оқыту тапсырмалары деп аталады. Барлық білім алушыларға тапсырмалар әр сыныптың өз деңгейлік жүйесімен беріледі» дейді Құралай Сүлейменова. Қашықтан оқытуды ұйымдастыруда SDOT, Bilimal және Daryn.online.kz, Edupage платформалары қолданылады.

– Қашықтан оқыту үшін мектептен жауапты топ құрылды. Үйінде интернет жүйесі қосылмағандарға қалалық білім бөлімі «Қазақтелекоммен» бірігіп, интернет желісін тарттық. Техниканы қолдана алмайтын ата-аналармен онлайн режимде үйрету, қауіпсіздік шараларын ескерту жұмыстары жүргізілді. Бірнеше рет кері байланыс жүйесі тексерілді. Bilimal бағдарламасының смартфондық нұсқасын дайындаудамыз. Ол – өте ыңғайлы. Барлық тарап өзіне қажетті деректі біліп отырады. Мектебіміз ақпараттық базамен толық қамтылған, онлайн білім беруге дайын, – дейді Әлихан Бөкейхан атындағы №76 орта мектеп директорының орынбасары Көбейсін Алдияров.

ЖАҒДАЙЫ ТӨМЕН ОТБАСЫ БАЛАЛАРЫ ҚАЛАЙ ОҚИДЫ?

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін 35,6 миллион теңгеге 2 997 роутер мен модемдер сатып алынады. Сондай-ақ, 3 382 балаға 30,7 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. 15 тамыздан бастап, мектептің компьютерлік техникасын беру бағытында жұмыстар атқарылуда. Ата-аналардың өтініштеріне сәйкес, 10 381 оқушының 9 929-сі компьютермен қамтамасыз етілді. Бұл мәселе қала, аудан білім бөлімдерінің тұрақты бақылауында.

– Қарағанды қаласында тұрамыз. Көпбалалы анамын. 5 балам бар, 4-і №61 орта мектепте оқиды. Жоғарғы сыныпта оқитын екеуіне мектеп 2 планшет бөлді. Кітаппен толық қамтылды. Қыркүйек айының басында мектеп құралдармен, қағаз-қаламмен қамтамасыз етеді. Дайындық қызу. Мұғалімдермен WhatsApp тобы арқылы ақылдасып, бар жаңалықты біліп отырамыз. Шынымды айтсам, онлайн білім алудың қиын тұстары да бар. Ұстаздар еңбегінің ауырлығын түсіндік. Оларға мың алғыс! – дейді Тұмарай Айтуғанова.

ТҮЙІН

Аңғаруымызша, жалпы жаңа оқу жылына дайындық тыңғылықты. Қалғанын іс жүзінде көреміз. Жұртшылық онлайн білім алуға да бейімделіп келеді. Онлайн оқу – көбіне өздігінен іздену деген сөз. Әйтпесе, баланың қасында мектептегідей ұстаз жоқ. Сондықтан, ата-аналар мұғалімнің мойнына бәрін жүктеп қойып, тек тапсырма орындаумен шектелуге болмайды. Баланың жан-жақты дамуы үшін жағдай туғызып, қадағалау керек. Таза ауада бір мезгіл серуендетіп, бар жазу-сызуларын өздеріне орындатқан жөн. Орнына жазып берудің соңы бала санасының дамымай қалуына алып келеді. Масылдыққа душар болуы ықтимал.

Сол себепті, жұмыла жұмыс істеп, еліміздің ертеңі – перзенттерімізді бұл сынақтан аман алып шығайық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button