Білім

Мұғалім – ел ардақтысы

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген хәкім Абайдың даналық сөзі мәртебелі мұғалімнің абырой-беделін асқақтатып, айшықтап тұр. Жер жаһандағы рухани байлықтың бастау көзі – білім. Елдің ертеңі жас өскіннің санасына білім сәулесін құятын ұстаздың еңбегі – өлшеусіз.

Тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдік өркениет биігіне ұмтылған қарышты қадамына ұстаздар қауымы сүбелі үлес қосып келеді.

Тал бойынан ізгілік пен ілтипаттың, мейірімділік пен парасаттылықтың лебі ескен бала бағбанының қоғам алдындағы биік дәрежесі «Педагог мәртебесі туралы» Заңда тиянақты тұжырымдалған. Осы заң талабына сәйкес, мектеп пен ата-ана арасындағы ортақ міндет – бала тәрбиесін ұлттық салт-дәстүр негізінде бірлесіп, ынтымақтасып атқаруға мол мүмкіндік берілді.

Әлемді жайлаған індет білім саласына да салқынын тигізуде. Бірақ, бұл тұйықтан шығудың оңтайлы жолы – қашықтан оқыту өзін-өзі ақтағандай. Әрине, оқушымен күнделікті жүзбе-жүз дидарласып, өзара сұхбат құрып, емен-жарқын білім нәрімен сусындағанға не жетсін.

Кемеңгер халқымыз «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп бекер айтпаған. Расында, адамзат баласын жарқын болашаққа бастайтын басты рухани құндылық – кітап. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов: «Кітаппен айырылмас дос болмаған адам, өзін зиялымын деп есептемесін» деген екен.

Жақсы кітап – жанды жадыратады, көңілді серпілтіп, сергітеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға «Қандай кітап оқып жатырсыз?» деген челлендж-эстафета да жария етті. Қандай кітап оқудың тізімін де ұсынды. Демек, бұл жақсы жоралғы жалғасын тапса, ғанибет болар еді. Әсіресе, жас балғындарды кітап оқуға бейімдеудің ерекше мәні бар.

Сынаптай сырғыған уақытпен бірге жаңа оқу жылы да келді. Осыған орай ел ардақтылары күллі әріптес-ұстаздарды жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтап, сәттілік тілеймін!

М.АДАМОВ,

Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты.

Басқа материалдар

Back to top button