Әлемге танылған саундтрек
Лос-Анджелес қаласында қазанның 23-і мен 28-і аралығында өтетін халықаралық «Hollywood Film Festival» кинофестивалінің бірінші кезеңінде «Әміре» фильмі Silver Screen Award жүлдесіне ие болды деп хабарлайды «Baq.kz» ақпараттық порталы.
Қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы Әміре Қашаубаевтың ғұмырын баяндайтын фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген.
Ал, сол фильмнің саундтрегін жазған қазақ халық әндерін орындаушы, Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің жетекші солисі. Республикалық байқаулар мен фестивальдердің Гран-при иегері және лауреаты – Сержан Мұсайын.
Яғни, АҚШ-ғы дыбыс жазу студиясында жерлесіміз «Әміре» фильмінде шырқалатын «Балқадиша», «Үш дос», «Бес қарагер» және «Дударай» композицияларын домбырамен орындаған.
Айта кетсек, фестивальдің алғашқы кезеңінде Silver Screen Award жүлдесіне үміткерлер қатарына байқауға қатысатын әр елдің бірнеше фильмдері ұсынылған болатын.
Бірінші кезеңнің жеңімпазы, Silver Screen Award жүлдесінің иегері «Әміре» фильмі енді Франция, Германия, Чили, Жапония мен Швеция сынды басқа да 16 мемлекеттен қатысатын фильмдермен бірге фестивальдің басты жүлдесі үшін күреске түседі. Бұл фестивальде фильмді режиссер Джефф Веспа таныстыратын болады.
Ендеше, жерлесіміз Сержан Мұсайынның мұхит асып, алты құрлықты шарлап кеткен асқақ үнімен мақтана білейік.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»