Қамшыбек жарады

Бокстан ұлттық құраманың капитаны, ауыр салмақтағы саңлағымыз Қамшыбек ҚОҢҚАБАЕВ кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін Иса АҚБЕРБАЕВҚА қарсы өткізіп, сәтті аяқтады.

Қоңқабаев дебюттік жекпе-жегін өткізіп тұрса да тәжірибелі қарсыласынан еш қаймықпады. Бірінші нөмірмен жұдырықтасқан ол қарсыласын соққының астына алумен болды. Бірінші раунд Қамшыбектің пайдасына жазылды. Екінші раундты екі боксшы да ширақ бастады. Екеуі де соққылармен алмасып отырды. Раундтың орта тұсына келгенде Қоңқабаев сол қолымен Исаның бүйірінен соғып, нокдаунға жіберді. Исаның сол сәтте жекпе-жекті жалғастыра алмайтыны белгілі болды. Осылайша Қамшыбек кәсіпқойдағы дебютті жекпе-жегін сәтті бастады. Десе де ол алдағы уақытта Ұлттық құрама сапында қалып, әуесқой бокста да өнер көрсете береді. Келесі жылғы Токио Олимпиадасынан кейін толыққанды кәсіпқой боксқа ауысуы да мүмкін.

Бокс кеші Алматыда «МТК Global Kazakhstan» менеджерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтті. Бұл айқастың басқа кештерден бір ерекшелігі, пандемияға байланысты жекпе-жектер көрерменсіз және екі Беларусь боксшысын есепке алмасақ, тек қазақстандық боксшылардың қатысуымен өтті.

Қасымхан ҒАЛЫМ.