АймақҚарқаралы

Арқа баспасөзінің – алғашқы қарлығашы

Арқадағы абыз басылым – «Қарқаралы» газетінің 90 жылдығы барша көзіқарақты оқырманның тойы. 1930 жылдың 7 қарашасынан бастап «Еңбек туы» деген атпен жарық көреді. Кейіннен «Еңбек майданы» болып, аймақтағы Қарқаралы, Баянауыл, Абыралы, Шұбартау, Қоңырат, Шет, Ақтоғай, Балқаш, Жаңаарқа, Қу аудандарына тараған. Кең ауқымды қамтыған газеттің көтерген жүгі де ауыр, журналистердің де жауапкершілігі зор болды. Сол уақытта қызмет атқарып, басылымның деңгейін көтеруге атсалысқан аға буын әріптестерді газеттің бүгінгі редакторы Рымбек СМАҒҰЛОВ былайша еске алады…

– Округтік комсомол комитетінің хатшысы Жұмабай Орманбаев газеттің алғашқы редакторы болды. Оның орынбасары Медеш Оралдиев қаламы жүйрік журналист еді. Газеттің алғашқы жауапты хатшысы Жүсіп Жантөрин екі тілге бірдей сауатты адам болды. Газеттің 30-шы жылдардың орта шеніндегі редакторы Тұмыш Сарғожаев, орынбасары Мақыш Құлмағамбетов және Малгаждар Нұржанов, Қанаш, Ахметжан Тұрғанбаевтар, «Еңбек майданының» оқырмандарға мезгілімен жетуін, корректор Хасен Итбалин газеттің сауатты шығуын қамтамасыз етіп тұрды. Аудандық баспахананы баянауылдық полиграфист Григорьев, Әпсаламов, Мансұр Мажитов, Әміре Мұсатаевтар басқарып, терім цехына Хафиз Салықов жетекшілік жасады. Газеттің әр санында ауылға бетбұрыс кезіндегі ұрандарға сай, коллективтендіру, алғашқы бесжылдықтар, отырықшылық өмір мәселелерін қозғаған мақалалар жарық көрді. Округтік партия комитеті газетке күнбе-күн басшылық жасап отырды, әсіресе екінші хатшы Мансұр Ғатаулиннің еңбегі зор. Округтер таратылып, аудан құрылған кезде «Еңбек майданы» екі беттік болып, аптасына екі рет шығарыла бастады. Оған Әміре Жұманов, Тойбек Әбжәлелов, Мәди Сәрсенбаев, Зәріп Қосыбаев, Айташ Омаров, Қосан Сәдуақасов, Әбікен Бақтыбаев, Оспанбай Орынтаев, Рамазан Сағымбеков және Шәймерден Сатыбалдин, Заманбай Игіліков, Айыпхан Жақатаев, Серік Торыбаев, Назипа Асқаровалар редактор болды, – дейді.

Газет 1956 жылы «Коммунизм таңы» болып аптасына үш рет шыға бастаған. Білімді де білікті редакторлар басқарған тұста газет қаламы қарымды журналистермен толықты. Сол кездер газеттің нағыз шарықтау кезеңі еді. Есімдері бүгінге дейін оқырмандар аузынан түспейтін Ғабдиман Игенсартов, Шаймаран Мезгілбаев, Дүйсенбай Төлепбергенов, Шәкіман Төлеутаев, Сапарғали Ләмбеков, Мақсым Омарбеков, Ілияс Ысқақов, Қырықбай Есеев, Әбікен Бақтыбаев, Әбжан Омарбаев, Серік Ақсұңқарұлы, Дәурен Сүлеев, Самат Жүнісов, Мейрам Сағымбеков, Қарлығаш Құспанова, Жолкен Тайтөлеу, Мақсат Омарбеков, Шаймұрат Оспанов, Ардақ Қабықанов, Саян Несіп, Бекәділ Семқұлов, Гүлім Жақыпхановалар көңілге қонымды материалдармен қатар, мезгіл мәселелерін дөп басып көтере білді. Сол кездегі қаламгерлердің басты мақсаты шындықтың шырақшысы болу еді. Мүддеден шыға білді. Әрбір жазылған материалдарында шын сын айта білді.

Баспаханада, редакцияда түрлі техникалық жұмыстар істеген Нұрғайша Кәмерленова, Әнтай Аймағанбетова, Гүлназия Айтбаева, Алма Абдуллина, Рахима Жүнісова, Оркен Бейсекина, Алма Камерленова, Рымкеш Хамитова, Рая Омарова, Марал Жарылғасымова, Сағира Базылова, Дариға Аманжолова, Ақыбай Жақсылықова, Күлкен Әбәханова, Назкен Хасенова, Сәтбек Ахметов, Тұрсын Нұрсейітова, Анна Губчук, Нина Забродина, Қазыхан Оралбаев, Лаура Оразбаева, Тимур Төлегенов, Әсем Аралова, Эльмира Хайруллиналардың газетке сіңірген еңбегі ерекше.

Араға сан жылдарды салып, салиқалы жасқа жеткен басылым, жыл өткен сайын мазмұнын өзгертіп келеді. Ұжым қаламды серік еткен қарымды журналистермен толыққан. «Қарқаралы» деген атпен бұқара халықты ақпаратпен сусындатуда оқырман көңілінен шығып келе жатқан басылым. Газет басшысы Рымбек Смағұлов интеллектуалдық, психологиялық, шығармашылық қабілетімен және толық, табанды, әділ қасиеттерімен танылған басшы. Газеттің жұмысы қашан да қайнап жатады. Басқалар сияқты апталық жоспармен жұмыс жасамайды. Сәт сайын өзгереді. Кез келген тақырыпқа бас қойып жаза береді. Айналдырған жан-жақты 5-6 журналист түрлі тақырыпты қозғайды. Өнеркәсіпті, ауылшаруашылығын да, мәдениет пен өнер тақырыбында да еркін қалам тербейді. Олардың ерекшілігі де осында. Ой-өрісі кең, талғамы биік, сөзі шымыр осы аудандық газеттің журналистері деп айтуға болады. Бір аптада 5-6 материалдан жүктеме алып, оны апталық нөмірге дайындауға да үлгереді. Журналист қашанда көреген. Кез келген нәрсеге сыни көзбен қарай отырып, обьективті ақпарат беруде оқырман көңілінен шығуда. Басылымда бүгінде еңбек етіп келе жатқан әрбір журналистің еңбегі ұшан-теңіз. Әрқайсысының газеттің өркендеу тарихында өзіндік қолтаңбасы бар. Аудан көлемі ауқымды болғандықтан, интернет желісі қол жетімсіз екені жасырын емес. Осындай сәттерде халық газетті күтеді. Ондағы ақпараттың шынайы екеніне сенеді. Әр тілшінің материалын тұщына оқиды. Бүгінде газеттің үздіксіз, сапалы шығуына еселі еңбек сіңіріп жүрген Бану Мұқашева, Дулат Жүнісбеков, Аян Кизкин, Данияр Ыдырысов секілді журналистер қандай мәселені көтермесін халықтық тұрғыда қозғауға, халықтың сөзін сөйлеуге күш салып келеді. Қоғамның игілігі үшін жан аямай күресу, пешенелеріне жазылып қойғандай, әркез түрлі оқиғалар мен деректердің сырына терең үңілетін барлық саладан хабардар зерделі жандар. Халықтың тыныс-тіршілігі мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан хабардар етіп отыратын аудан айнасының таралуы жолында қалтқысыз қызмет жасап келе жатқан-операторлар Диана Күзембаева, Ләйла Сыздық, Өнер Рымбай, фотограф Тишбек Хамитов, есепші Гүлмира Ералина, кіші қамту қызметкері Қымбат Байбосыновалардың да еңбегін атаусыз қалдыруға болмайды. 90 жылдық тарихы бар басылым бүгінде көзіқарақты, көкірегі ояу, парасатты жандардың қарашаңырағы. Уақыт көшінен қалыспай, тарихын тасқа жазып келе жатқан газет өміршең. Алайда, ақпараттық технология дамыған заманда «бәрін әлеуметтік желіден біліп аламыз» деген кейбір адамдардың жаңсақ пікірі көңілге қонбайды. Газетте қасиет бар, кие бар. Көзбен көріп, қолмен ұстағанға не жетсін. Осы орайда, басылым таралымының да жыл санап азайып бара жатқаны өкінішті. Оның үстіне жыл сайын ойнатылатын тендерден ұтылып қалсаң, «жығылғанға жұдырық» сонда болады. Бұл жайттар аудандық басылымның басынан өтуде. Биыл екінші мәрте газет конкурстан ұтылды.

90 жылдық тарихы бар, басылым үшін бұл ауыр соққы болды. Қашанда газетпен жанымыз бір деп, мамандығына адалдық танытып отырған журналистер қауымы төтенше жағдай кезінде ақысыз демалысқа жіберілді. Заман талабы – бәсекеге қабылеттілік дейтін болсақ та, осы конкурсқа келгенде түсінбейтін жайттарымыз көп-ақ… Жазушы Шерхан Мұртазаның «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» дегені, байырғы басылымның бүгінгі жағдайын суреттесе керекті…

Сағыныш Әбіл.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button