26. Озатын жұрт мектеп салады
Қазақстан егемен ел ретінде танылғалы Қарағанды облысында 56 мектеп ашылыпты. Отыз жыл үшін ауыз толтырып айтуға тұрар көрсеткіш дерміз. Әлі де мектеп саны көбейеді. Өйткені, кейінгі жылдары билік білім беру саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Әрине, өзгеден озуды ойлаған жұрт әуелі мектеп салуы керек-ті. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы Жолдауында 2025 жылға дейін 1000 мектеп тұрғызу туралы айтты. Аймақтардағы әкімдіктердің жоспарына қарасақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы уақытында орындаларына шүбәсіз сенесіз. Көмірлі өлкеде 10 мектептің құрылысы басталмақ.
Дегенмен, бүгінгі әңгімеміз салынып біткен білім ордасы туралы. Яғни, біз Президент өзі лентасын қиған №104 мектеп-гимназияға бардық…
ӘЛІ ДЕ МЕКТЕП САЛУ ҚАЖЕТ
Қарқаралылық мүсінші Манарбек Кәрім былтыр ұлы Абайдың мерейтойына керемет тарту жасаған-ды. Кісі бойындай тас бетіне хакімнің суретін қашап салды. Естеріңізде болса, «Орталық» та сүйіншілеп жазды. Міне, сол туынды мектептің қарсы алдында тұр. Мектеп жақын уақытта Абай есімін иеленуге талап қылуда. Түрлі шаралар қолға алынған. Сәл кейін кеңейте жазамыз…
Білім ұясы өткен оқу жылында ашылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы келгенін айттық. Жаңаның аты жаңа. Кіріп келгеннен-ақ кең, биік, шыны шатырлы фойе баланың еңсесін көтеріп тастағандай. Күн нұры құйылып тұр. Жылы. Оның үстіне бала шуылы көңілге шуақ сыйлайды. Кенет күй күмбірлеп қоя беріп еді, бала біткен сыныптарына жүгірді. Иә, бұл мектепте қоңырау орнына күй күмбірлейді. Ashyq-тың сынынан сүрінбеген бізді мектеп директорының орынбасары Айнаш Қамашқызы қарсы алды. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деген ұстаздың әңгімесінен «көретін дүние көп екен» деп ой түйіп келеміз. Қарағанды бойынша мектеп тапшылығы барын білеміз. Проблема Оңтүстік-Шығыста да өткір тұр. Аталған оқу орны 30-шы шағын аудандағы, «Күнгейдегі» балаларды қамтуға күш салып отыр. Бұл туралы директор Жадыра Баймолдина да айтып өтті.
– Мектепті салудағы негізгі мақсат – үш ауысымды білім беру жүйесін жою. Мектептерге түсетін жүктемені жеңілдету. Мысалы, біздің мектеп тұрғызылғанша №81 мектеп үш ауысымда оқып келді. Наурыз айында қазақ сыныптары түгел осында көшті. Біз, тек, қазақ тілінде оқытамыз. Бұл – қала бойынша ашылып отырған он бірінші қазақ мектебі, – деді Жадыра Сабырқызы.
Мектеп 1200 балаға шақталған. Дегенмен, мұнда 1332 бала оқиды. Ел көлемінде урбанизация қарқынды жүріп жатқаны аян. Және 30-шы шағын ауданда келесі жылы бірнеше көпқабатты үйдің іргетасы қаланбақ. Яғни, халық саны көбейеді. «Күнгейде» де құрылыс қарқынды. Демек, әлі де жақын маңнан бір емес, бірнеше мектеп салынуы тиіс біздіңше.
КЕЛЕШЕК ЖУРНАЛИСТЕР – ОСЫНДА
Заманауи білім беру мекемесінде болуы тиіс дүниенің бәрі мектепте бар. 56 мың шаршы метрден астам аумаққа қажеттің түгелі орналасқан. Құрылғылармен жабдықталған оқу кабинеттері, медициналық пункт, кітапхана, хореография, спорт залы, футбол, волейбол, баскетбол, теннис алаңдары, жеңіл атлетика жолағынан бөлек, жаңа үлгідегі кабинеттер де жеткілікті. Мәселен, мұнда мектеп телестудиясы жұмыс істейді. Яғни, келешекте өмірін журналистикамен байланыстырғысы келетін жеткіншектер телестудияда машықтана алады. «Ақ қауырсын» жас журналистер үйірмесінің барлық дәрістері осы студияда өтеді. Жасөспірімдер мұғалім Ақгүл Ашамаеваның жетекшілігімен мектеп жаңалықтарынан хабар жасауды, мәтін жазу ды, дикторлықты үйреніп жүр.
– Үйірмеге 8-11-сыныптар оқушылары қатысады. Бейімі, қабілеті бар балаларды тартамыз. Қазір оннан астам бала келіп жүр. Осында «Өнегелі өмір» жобасының қонағымен кездесуді түсіреміз. Әріптестік тұрғысында «Saryarqa» телеарнасымен байланыс орнаттық, – дейді Ақгүл Ерғалиқызы.
Телехабардан бөлек, оқушылар мектеп газетін де шығарады. Жас тілшілер қаламын ұштауда бұл орталықтың қызметі ұшан-теңіз екені анық. «Star mеdia» медиа орталығында блогерлерді дайындауға көңіл бөлінеді. Яғни, мұнда да 9-11-сынып оқушылары мектепте өткен іс-шаралардан хабарлар әзірлейді. Бірақ, бұл жазбалар әлеуметтік желілерге, ақпараттық сайттарға салынады. Сөйтіп, көзді ашып-жұмғанша хабар тарап үлгереді. Диана Пернебай жетекшілік ететін бұл үйірмеге де он шақты бала қатысады екен.
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – БАСТЫ ҰСТАНЫМ
Бізді тағы бір қызықтырғаны ART-студия сыныбы болды. Түрлі портреттер, натюрморттар мен мүсіндер толған кабинет – құдды музей. Тәжірибелі ұстаз Арайлым Қуанбаева дәріс береді. «Сиқырлы қылқалам» үйірмесін жүргізеді.
– Балаларды бейнелеу өнеріне үйретеміз. Сыныпқа суретке құштарлығы бар баланы аламыз. Қатысушылардың ынтасы жақсы. Барлығы елу шамасында бала қатысады. Тәуелсіздік мерейтойына тыңғылықты дайындық жүргізіп жатырмыз. Үлкен көрме ұсынбақпыз, – деген Арайлым Қуанбаева көрмені басқа мектепке челлендж ретінде жолдау да жоспарда бар екенін жасырмады.
Сондай-ақ, мектепте робот техникасы, STEM кабинеті, Coworking орталығы оқушылар кәдесіне жарап тұрғаны айтпаса да түсінікті болар. Кітапхана әдеби кітаптармен толығуда. Әдетте, мектеп кітапханасында оқулықтан өзге кітап бола бермейді. Білім ордасының басшылығы осы олқылықтың орнын толтыруға тырысуда. Мектепке алғашқылардың бірі болып белгілі кәсіпкер Ерлан Әшім қолдау көрсетіпті. «104-ші мектепке – 104 кітап» акциясын бастаған кәсіпкер 104 туынды тарту етіпті. Бұдан кейін де меценаттар, оқушылардың ата-аналары кітапхана қорын толтыруға үлес қосқан. Қазір 800 әдеби кітап бар екен. Өзге де үйірмелер туралы ауыз толтырып айтуға болады. Толқын Мұстафинаның «Жас шебер» үйірмесінде қыздар іс тігіп, ою ойып үйренеді. Белгілі өнерпаз Жұмагелді Әбдіровтің ән үйірмесінде балалар ән өнерінің тереңіне бойлап, шеберлігін арттырады.
Жоғарыда қоңыраудың сыңғырын күйдің күмбірі алмастырғанын айттық. Мектеп басшылығы ұлттық тәрбиені оқушылар бойына сіңіруге күш салып келеді. «Домбыра – дастан» үйірмесі жүздеген баланың басын құрап отыр. «Домбыра барлығы үшін» ұранымен жұмыс істейтін үйірмеге кез келген бала қатыса алады. Ата-аналар да балаларын домбыра сыныбына беруге ынталы.
Тағы бір атап өтері – асық ату, жамбы ату, садақ ату, айтыс, поэзия үйірмелері оқушыларды ұлттық құндылықтарымызға баулып отыр. Тоғызқұмалақты да үйрене аласыз. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жандос Рысқұловтың балаларға тоғызқұмалақ дәрісін өткізіп жатқан сәтіне куә болдық.
– Тоғызқұмалақ – баланың ой-өрісін дамытуға өте пайдалы. Және бұл – біздің ұлттық өнеріміз. Қосымша шахмат пен дойбыға үйретемін балаларды. Қазір алдыма отызға жуық бала келіп жүр. Ата-аналар қолдау көрсетіп тұрады. Мәселен, Қайыртай Кенжебек есімді азамат кісінің белінен келетін ірі-ірі шахмат фигураларын жасап берді, – дейді Жандос Аманұлы.
Мектеп қабырғасында ұлттық мұраны танытатын үйірмелердің жұмыс істегені дұрыс, әрине. Қарапайым мысал, бала тоғызқұмалақты ойнау арқылы құмалақтың не екенін біліп өседі.
АБАЙ ӨСИЕТІНЕ АДАЛ ҰРПАҚ
Мектеп ұжымы Абайды тануға бет бұрыпты. Әр сыныпта абайтану курстары жүргізіледі. Дәліздің қабырғасына басылған QR-код арқылы кез келген оқушы Абайдың қарасөздерін оқи алады. «Абай жастары» жобасы аясында мектептің жас мамандары аптаның бір күні бас қосып, оқыған кітаптарын талқылайды. Абай кабинеті ашылған. Мұра жай да жасақталуда. Қазіргі таңда Абай атындағы мектептер альянсын құру жұмыстары басталды. Орталығы ретінде облыстың білім басқармасы тарапынан осы №104 мектеп-гимназияға таңдау түсті.
– Жақын уақытта мектебімізге Абай есімі беріледі деген үмітіміз бар. Желтоқсан айында «Абай жаққан бір сәуле сөнбесі үшін» атты құрылтай өткіземіз. Бұл дәстүрлі құрылтай болмақ. Тәуелсіздік мерейтойы аясындағы ауқымды жобаның біріне айналады деген сеніміміз зор. Келешекте Абай мұрасын дәріптеуде, ақынды ұлықтауда біздің мектеп алдыңғы қатарда жүреді деген ойдамын, – дейді Жадыра Сабырқызы.
«Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге». Бүгінгі ұрпақ Абай өсиетіне адал. Ертеңін бүгінгі білімнен өрбіткен ұрпақ өсіп келеді. Өсеміз десек, мектеп салуымыз керек. №104 мектеп-гимназия сынды.
СУРЕТТЕРДЕ: 1. 1 «Г» сыныбының жетекшісі Бақыт Қағанақова сабақ өткізуде. 2. «Сиқырлы қылқалам» үйірмесінің жетекшісі Арайлым Қуанбаева жас суретшімен бірге. 3. Телестудиядағы жұмыс сәті. 4. Жандос Рысқұловтың шәкірттері тоғызқұмалақты шебер ойнайды.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.
Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.