Жаңалықтар

Шырайлан, ЖЕЗҚАЗҒАН!

Туған жер әркімге де ыстық. Бұрынғы Жезқазған облысы «Ұлытау» атауымен қайта құрылатынын естігенде қуанышым қойныма симай, қолыма қалам алдым. Жезқазған облысы кезінде қалай күтпеген жерден таратылса, қайта құрылуы да мен үшін аяқ астынан шешілгендей әсер етті. Тәуба!

Қазақтың Қарашаңырағы атанған, академик Қаныш Сәтбаев еңбек жолын бастаған Қарсақбай кентінде орта мектеп бітіріп, бір жыл еңбек етіп, Алматыдан жоғары оқу орнын тәмамдап келгенде Жезқазған облысы жаңа құрылып жатқан. Қызметті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында қатардағы маман болып бастап, кейін екі облыстық ауыл шаруашылығы құрлымына жетекшілік жасадым. Жезқазған Қарағандыға қосылғанда екі ауданнан біріктірілген (Ағадыр, Шет) Шет ауданын басқардым. Демек, бұл аймақтың облыс болғандағы және бұл мәртебеден айырылғандағы біраз жәйттен біршама хабардармын.

Жезқазған құрылғаннан, тарағанға дейін К.Лосев, Қ.Жұмабеков, Н.Давыдов, Е.Ежиков-Бабаханов, А.Саламатин, Ш.Шардарбеков, Қ.Нағыманов, Е.Смайылов облыстың бірінші басшысы болды. Әсіресе, облыс құрылғаннан бастап, оны өркендетуде ерекше басшылық, ұйымдастырушылық қабілеттімен ерекшеленген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Константин Семенович Лосевтің, облыстық атқару комитетінің төрағасы Қамзе Бижанұлы Жұмабековтің, нарыққа өтпелі кезеңде еңбек еткен облыс әкімі Қажымұрат Нағымановтың есімін ерекше атағым келеді.

Облыс аумағында одақтық бағыныштағы Қ.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия, Ақшатау кен-байыту, Балхаш кен-металлургия, Жәйрем кен-байыту комбинаттары, Жезді марганец және Атасу темір кені басқармалары толық қуатында жұмыс істеді. Ауылшаруашылығы саласында 61 мемлекеттік құрылым (совхоз), үш құс фабрикасы азық-түлік өнімін өндірді. Мал саны, орта есеппен: қой – 1 200 мың, ірі қара – 110 мың, жылқы – 45 мың, құс – 900 мың, шошқа – 1 мың бас болды. Мысалы, сол кезде Жезді ауданының бір ғана Байқоңыр совхозында 100 мың қой бағылды. Бүгінде бұл өңірдегі жалпы қой саны бұған жетер ме екен?

Негізінен, бұрынғы Жезқазған облысы аумағында шалғай жайлымдық (отгонное животноводство), әсіресе жылқы, қой шаруашылығын өркендетудің арқасында одақ деңгейінде өте сапалы, өзіндік құны мейлінше төмен мал өнімі өндірілді. Қазір халық арасында “Жезқазған өңірінің мал өнімдері дәмді, нәрлі болып келеді” деген сөз жиі айтылады. Ел бойынша жоғарғы баға иеленіп жүрген құнды, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар да облыстың Ұлытау, Жезді, Жаңаарқа, Шет аудандарында қалыптасты. Бұл өңір қайта түлейтін кезең келді. Ендігі мәселе бұған дейін біршама ескерусіз, шеттеп қалған өңір мүмкіндіктерін қайта жандандыруда болса керек.

Жезқазғанда облыс әкімдігінен бастап, бұрын облыстық мекемелер отырған ғимараттың көбі азды-көпті әрлеп-сырлағасын қайта пайдалануға жарамды деп ойлаймын. Өндіріс орындары да өзіне тән ерекшелігіне сәйкес қызметін атқара беретіні анық. Басты мәселе, аймақтың ауылшаруашылығы саласын өркендетуде сияқты. Жасыратыны жоқ, бұл аймақ кезінде ауылшаруашылығы реформасында, жекешелендіруде асығыстықтан жіберген көптеген кемістіктің зардабын бүгінге дейін тартып отыр. Не істеу керек?

Жоғарыда айтылғандай, жаңа облыс аумағы мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Бірақ, бүгінгі шағын, орта шаруашылық құрлымдарымен бұл маңызды іс-шараны толықтай игеру мүмкін емес, оны отыз жылдық тәжірибе де дәлелдеп отыр. Демек, менің көптен айтып жүргенімдей, бос жатқан шалғай жайлымдықта мемлекеттік бола ма, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік негізінде ме, әйтеуір ірі шаруашылық құрлымдар ұйымдастырса, тиімділігін көп күттірмес еді деген сенімдемін. Осыны болашақ облыс басшылары ескерсе екен.

Енді бір күрделі мәселе, облыстың шекарасын анықтауда болатын сияқты, ол да түсіністікпен шешіледі деген ойдамын.

Кәкімжан САРХАНОВ,

ауылшаруашылығы академиясының

академигі, ауылшаруашылығы

ғылымдарының докторы.

Басқа материалдар

Back to top button