Жаңалықтар

Заманының заңғар ақыны

«Ата-ананың ақылы – қазулы қара жолмен тең» деп жырлапты Дулат БАБАТАЙҰЛЫ. Ақынның ұлтының әлеуметтік үнін, халқының азаттығын замандастарынан оқ бойы озық жырлағанын Қажым ЖҰМАЛИЕВ, Рәбиға СЫЗДЫҚОВА, Құлмат ӨМІРӘЛИЕВ секілді көрнекті әдебиет зерттеушілері кеңестік идеологияның екпіні басылмай тұрған кезде зерттеп, зерделеп кетті. Иә, Абайдың алдындағы бүтіндей бір әдеби дәстүрдің бастауы болған Дулат БАБАТАЙҰЛЫНЫҢ туғанына биыл 220 жыл. Екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, тасқа басылған сөздері мәңгілік мұраға айналды. Заңды да.

Академик Рәбиға Сыздықова: «Дулат – жыраулық мектептен шығып, ақындық мектепті күшейткен суреткер. Дулаттың өлеңдері бұрынғы жырауларды былай қойғанда, тіпті кешегі Бұқар толғауларынан, одан қалды өзімен тұстас ақындардың туындыларынан мүлде өзгеше дүниелер» дейді. Міне, қазіргі алдыңғы қатарлы ғалым үлкен баға беріп отырған хас суреткердің жырларындағы халықтық үлгі, әлеуметтік үн, көркемдік шындық, өлең құрылысы өзінен кейінгі ақындарға айнымас алтын қазық болғанын бағамдаймыз. Сөз жоқ, Дулат Бабатайұлы өзіне дейінгі сөз қайнарынан қанып ішіп, өзінен кейінгі ізбасарларына тыңнан түрен салып берген тұлға. Біз мұны жоғарыда айтқан ғалымдарымыздың пікіріне һәм ақынның өткір туындыларына сүйеніп, айтып отырмыз.

Бұған дейін әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов те Дулаттың ақындық өнеріне оң баға берген. Тіпті, Абай жолы романындағы Барлас ақынның негізгі прототипі Дулат Бабатайұлы екенін де аңғаруға болады. Өйткені, романдағы ақынның мал байлығынан жан байлығын, өнер күшін, шындықты хош көріп, өзіне біткен өнердің күшімен өмір сүрген, сол өнеріне дақ түсірмей сақтауға тырысқанын білеміз. Осыдан-ақ жазбай танимыз. Ал, дәйекті дәлел қажет десеңіз, Мұхтар Әуезовтің мынадай айтқан түсініктемесі бар:

«… Екі түрлі орынды себеп, дәлел бойынша мен Дулат атын романнан мүлде өшірдім де, оның орнына жаннан шығарылған, жиын бейне ретінде суреттелетін Барлас деген ақын қолдандым. Бұның бірінші себебі; 1951 жылы қазақ тарихы мен қазақ әдебиеті тарихын зерттеудегі жіберілген идеялық саясаттық өрескел қателіктер жөнінен партиялық әділ сын, қаулы-қараулар туды… Соның бірі осы Дулат, Шортанбай сияқты феодалдық салт-сананың жоқшыларын зиянды түрде зерттеу болатын”… “Абай” романының осы тұсында жаңағыдай кертартпа сананың халыққа жат бірнеше ақындарының атын орынсыз атауды туғызған Дулат соның бірі болғандықтан өшірем, бұрынғы қатемді түзеу ретінде өшірем. Екінші себеп, романдағы бейнеленген Дулат образы автордың өзі жасаған, еркін суреттелген, жазушылық қиялдан туған образ болатын. Абайға жас кезінде жақсы әсер етерлік халық ақынын көрсетем деп, көп жақсы сипаттарды жинап шығара жазған болатынмын… Дулат атынан өзім тудырған тың образды тазартып, арылтып алу үшін бұрын ойдан шығарған образға енді ойдан шығарған адам атын бердім. Өзім жасаған шартты образ Барласқа енді өзім жазған ауызша өлеңдер қостым…»

Мектеп қабырғасында сүйсіне оқыған дастанымыз «Еспембет» еді. Шағын сюжетке құрылған «Еспембет» шығармасы ілгерідегі ғалымдарымыздың зерттеуінде қазақ поэмасының алғашқы үлгісі ретінде дәлелденіп жүр. Формасы жағынан қазіргі поэма деп жүрген жанрға өте жақын келеді дейді. Ол жайында академик Қажым Жұмалиев: «Олақ ақындардай көп сөзділікке салынбай, поэмада суреттелетін көп оқиғаны аз жолға сыйғызып, көрсетейін деген образын, айтайын деген идеясын шебер түрде, ойдағыдай етіп бере білген» , – деп атап көрсетеді.
Жетім баладан ел қамын жейтін дулығалы батырға айналғанға дейінгі Еспембеттің өмір жолын суреттеуге арналған поэмада шиеленіс пен тартыс, батырлардың ұрысы кезіндегі суреттеулер өте шебер сомдалып, бояуы қанық шешен тілмен кестеленген.

«Дулат жырларының күш-құдіреті оның көркемдік қуаты, мазмұн байлығымен қатар, замана келбетін бар бедерімен көрсете білген шыншылдығында», – дейді заңғар жазушы Мұхтар Мағауин. Жалпы, Дулат ақынның қайғысы — отар ел ретінде басына зіл-батпан ауыртпалық түсе бастаған қазақ елінің қайғысы еді. Сол қайғыдан тұнық жырмен сейіле отырып, Дулат ұлт бойына сыналап кіріп, дендей бастаған жағымсыз мінез, көріністерді жиі сынады, ұнамсыз кейіптегі бейнелердің жасады. Мысал өлеңдерді де өрді. Өкінішке орай, Дулат жырау шығармалары күні бүгінге дейін оқырман назарынан қағаберіс қалып келді. Өз заманының «байғыз қарты» аталған дүлдүл жыраудың ақыл сарайына, ой əлеміне біз тек соңғы жылдары ғана бойлап келеміз. Бұған да тәубе.

Жыршының аты жыршы ма,
Әркімнен өлең жаттаса?
Сөз – жібек жіп, жыр – кесте,
Айшығы айқын көрінбес
Өрнексіз тігіп баттаса, – дейді ақынның өзі. Зар-заман ақындарының дүлдүлі атанған Дулаттың өлеңдерінде таңдай қақтырар түйін көп. Әңгіменің әлқисасын сонымен бастаған соң, түйініне мына сөзді хош көрдім. «Жақсысы кеткен ауылға мейман келіп қона алмас». Түйеден түскендей түйдек-түйдек…

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button