Руханият

Жаңа жинақтың тұсауы кесілді

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы қазақтың ұлы ақыны Абай ҚҰНАНБАЕВТЫҢ 175 жылдығына орай ZOOM платформасында «Абай жолы – дана жол!» атты ХIV Абай оқуларын өткізді.

Абай оқулары бұл кітапханада 2006 жылдан бастап өткізіліп келеді. Биылғы байқау ерекше өрбіді. Осы 13 жылда аймақтың талантты жастары хакімге жүрекжарды жырларын арнаған. Кітапхана ұжымы сол өлеңдер мен прозалық жұмыстарды қабылдап, «Абай жолы – дана жол» атауымен жинақ қылып шығаруды қолға алыпты. Осы шарада сол жинақтың тұсауы кесілді.

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын насихаттау, жастардың бойына адамгершілік және патриоттық тәлім-тәрбиені сіңіру мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысушыларды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов құттықтады. Шара барысында Тәттімбет өнер колледжінің студенттері күмбірлете күй орындаса, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» ансамблінің әншісі Ришат Шәбденов «Көзімнің қарасы» және «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әндерін әуелетті. Жас ақындар өздерінің Дала кемеңгеріне арнаған өлеңдерін оқыды. ХIV Абай оқулары аясында ақынның 175 жылдығына арнайы жасалған баннер төңірегінде «Ұлт таныған – Ұлы Абай» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ақын ескерткішіне гүл шоғы қойылды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button