Бас тақырып

«Әр қазақ – менің жалғызым!»

Бұл сұрақ мені жиі мазалайды… Бірде түрік халқын тұтас ұлт деңгейіне көтеруші тұлға атақты Ататүрік шет елдік жоғары лауазым иесімен ас ішіп отырады. Байқаусызда әлгі қонақтың шанышқысы жерге түсіп кетіпті. Оны көрген түріктің даяшы қызы алып бермек болып еңкейе бергенде, Ататүрік оны тоқтатып: «Шанышқыны құлатқан адам өзі алсын» дейді. Мұны көрген қонақ шанышқысын өзі көтеріп: «Ол жәй ғана даяшы ғой, жұмысы емес пе?» дейді. Сонда Ататүрік: «Мен түрік баласының ешкімнің алдында еңкейгенін қаламаймын!» деп жауап беріпті. Бұл түрік көшбасшысының түрік азаматына деген жанашырлығы, патриоттығы һәм ұлттық рухының биіктігі. Кейде, ұсақ-түйекке мән бермейміз. Бәленің бәрі сол кішкентай нәрседен басталады…

Соңғы кезде байқаймын, қарапайым қазақтар бірін-бірі аямайды. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп еді хакім Абай. Мұны түсінуге де көп ақылдың қажеті жоқ. Ал, оған мойын бұруға қазір елде құлық жоқ. Мына мысал сөзіме тұздық болсын.

Бір танысым көлігін соғып алды. Кішкентай жері ғана сырылып, ептеп майысқан. Жөндетуге апарып еді, 140 мың теңге сұрады. Негізінде, соның жартысына жөндеп беруге болады. Бірақ, мұнда тағы да сол қазақтың қазаққа жаны ашымайтындығы, тек бас пайдасын ғана ойлайтындығы жеңіп кетті. Пәтерден-пәтерге көшіп жүрген 6 баласы бар әлгі танысым 140 мыңды жылап-еңіреп әзер тауып берді. Анау мыңқ етпей шытырлатып тұрып санап алды.

«Ақшасы жоқ болса өз кінәсі, мен оған соқ дедім бе?» дейтінін біліп, үндемедім…

Ал, Қарағандының орталық базарына бара қалсаңыз әзірбайжан ағайындар бір-бірі үшін өліп кете жаздайды. Қырғыздар мен өзбек көршілер де солай. Талай куә болдым. Олар, біріншіден, өз тілінде ғана сөйлейді және іштей жік-жікке бөлінбейді, аяғынан шалмайды.

«Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» деген сөз бар қазақта. Сол өкпенің өзі адамның жанына жара салады. Қарапайым мысал, бірде сенім артып жүрген жақын әрі жанашыр досымнан қатты көңілім қалды. Кейін мұсылман баласының 3 күннен артық өкпе сақтауына болмайтыны есіме түсіп, оны іштей кешірдім, ренішімнен азат еттім. Бірақ, көкейімде бір сұрақ қалып қойды. Неге оны мұсылман деп емес, қазақ болғаны үшін, бауырым болғаны үшін кешіре алмаймын?

Сөйтсем, қаншама жыл бойы Құдайсыз қоғамда өмір сүріп, ұлттық санамыздан, мінезімізден айырылуға шақ қалған екенбіз.

Өз ойымызды еркін айта алмауымыз, бауырымызды өткінші боқ дүние үшін өкпеге қия салуымыз, қара басымыз үшін қажет болса, қандасымызды құрбан етуге дайындығымыз да осы өзімізді ұлт ретінде толық сезіне алмауымыздан болса керек. Демек, ұлт ұғымы – өте үлкен әңгіме.

Шындығында рулық, тайпалық деңгейден ұлттық, мемлекеттік, елдік деңгейге көтерілуіміз керек. «Осы жердің иесіміз, бар қазақ – осы үлкен үйдің баласы» деген ұғымды миға сіңіру қажет. Бұл адамның жеке тәрбиесіне де байланысты. 1930 жылдардағы аштыққа дейінгі қазақ – басқа қазақ. Олар жалпыхалықтық, гуманистік санамен өмір сүрген. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және хақ жол осы деп әділетті» деген Абайдың адамзаттық адамгершілік философиясын ұстанған. Әлихан, Ахметтер неліктен мықты болды? Олар – қазақ аштықты, құдайсыздықты сезінбей тұрғанда негізі берік қаланған ұрпақтың өкілдері. Олардың шығармаларын оқып отырсаңыз «Елім, жерім, қазағым!» деп еңіреп тұрғанын байқайсыз. Кеңес үкіметі қазақты тапқа, бай мен кедейге бөлді. Ағайынның арасын айырды. Діннен, ділден алыстатты. Коммунистік тәрбие осы ұсақталуға алып келді. Бұл жаман қасиеттердің түп тамырын отаршылдық пен совет үкіметінің ұлтсыздандыру саясатынан іздеуіміз керек. «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» дейді. Енді, бұл ауру мысқылдап қана шығады, – дейді ҚарУ-дың тарих факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұртас Смағұлов.

Шыны керек, кейде үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзге ұлт өкіліне немесе билікке өкпелеп, бұлқан-талқан боламыз. Ал, өзіміз, қарапайым халық, бір-бірімізді аямай, қажет болса кенедей сорамыз. Қазақтың қазаққа жаны ашымаса, бөтен қайтсін бізді…

Негізі жақсылық жасауға шын ниеттенген адам айтпай-ақ жасайды екен. Елдің сен туралы не дегені де оған маңызды емес. Бұл – оның жүрегінде титтей болса да «қазақтың баласы ғой» деген жанашырлық жатқанының белгісі. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деп қазақ атам еріккеннен айтпаған болар…

Жуырда көрші жігіт Балқаш қаласындағы шапан тігетін тігіншіге тапсырыс берді. Дайын болған соң, таксиден салып жіберетін айтыпты. Сосын әлгі шапанды әкелген таксист көршімнен 3 мың теңге сұрағанын естіп, таң қалдық. Балқаштан бір адамның таксимен келуі әрі кетсе 4-5 мың теңге. Мен болсам, шапанды жолай әкелгенім үшін 3 мың теңге сұрауға ұялар едім. Алматыға индрайвер арқылы талай сәлемдеме жібердік. Көп болса, 800-1000 теңге алады бір пакетке. Ал, іргеде жатқан Балқаштан Қарағандыға бір пакетті ала келу үшін 3 мың теңге сұрау деген бұқара халықты тонау емес пе? Жағдайы бар адам болса түк етпес. Айлығы шайлыққа жетпей отырған қарапайым қазаққа бұл әжептәуір қаржы ғой.

Сырт көзге ұсақ-түйек дүние сияқты. «Пәленбай батырдың ұрпағымыз» деп мақтанғанда, ұрандатып, алдымызға жан салмаймыз. Ал, қазақтың баласының жағдайына қарап, жанашырлық танытуға шамамыз келмейді. Әркім күнделікті өмірде осылайша қазақ баласына қол ұшын беріп, әр қазақты өз бауырындай көрсе, мұндай қанаушылыққа жол берілмес еді. Сонда бізді ешкім де басына алмас еді.

Ғаламторды ақтарып отырып, мына бір жазбаға көзім түсті. Шет елде жұмыс істеп жүрген қазақ жігіті Арман Рахметтің мына сөздері ойымның үстінен түсті.

«Одан бұрынғы елдегі 15 жылдық тәжірибеммен салыстыра отырып, біраз нәрсені түсіндім. Біздің елде өзім істеген мұнай-газ саласында қазақтар бір-бірін аямайды екен. Көмектесу, қолдау, жағдайды түсіну, мейірімділік деген өте аз. Бәрі емес, бірақ көбі сондай қатал. Соның кесірінен ұрыс-керіс, жанжал, бір-бірін жамандау, жұмыстан шығарту көп. Өкініштісі, соның бәрін жасап жатқан өз қазағың, басқа ешкім де емес. Шетелде жұмысқа жаңадан тұрғанымда басқа ұлт өкілдері жұмысты меңгеруіме көп көмектесті. Күні бойы жағдайымды сұрап, қолдау білдіретін. Соның арқасында жұмысты меңгердім. Ешкімнің туысы немесе бауыры емеспін, демек бұл жәй ғана адамгершілік. Ал, біз неге бір-бірімізге қатыгезбіз? Қайда бауырмалдығымыз бен жанашырлығымыз? Қысқасы, біз қашан бір-бірімізді талап, жеуді қоямыз, сонда ғана ел боламыз. Жетімін жылатпаған үлкен жүректі халық едік, сол жүректі қайта табайықшы», – деп ағынан жарылыпты.

Ал, кинорежиссер Қаршыға Иген біз әлі өзімізді таба алмай жүрміз деп есептейді. «Іске қарағанда сөз көп. Мен фильм түсіру барасында осындай қазақтың қазаққа жаны ашымайтынына талай куә болдым. Сеніп жүрген дөп-дөкей адамның өзі жеме-жемге келгенде қара басын ойлап шыға келеді. Жанталасқан өмір. Елдің миын ұлттың болашағы емес, жақсы үй мен жайлы көлік, мол табыс жаулап алған. Алдағы уақытта осы бір жағымсыз қасиет туралы фильм түсіру ойда бар. Қазақтың ұлттық жадын, рухын оятуға атсалысуымыз керек» – деді ол.

Байқасақ, ұлттық сана-сенімнің өсуі мен рухымыздың көтерілуі һәм жұдырықтай жұмылып, Мәңгілік ел болуымызда – қазақтың қазаққа деген шынайы бауырмалдығы, жанашырлығы ауадай қажет. Ендеше, бір-бірімізді қанамай, сынап-мінемей, сүйеп, демеп жүрейік.

Арқалы ақын Сабыр Адай айтпақшы, «Әр қазақ – менің жалғызым!».

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button