Спорт

Шәріпова – әлем чемпионы

Қазақстандық Фируза ШӘРІПОВА (10-1, 5 КО) IBA тұжырымы бойынша бірінші орта салмақта әлем чемпионы атанды. Ресейдің Қазан қаласында өткен кәсіби бокс кешінде танзаниялық Хэппи ДАУДИДІ (8-6-1, 4 КО) айқын басымдықпен жеңді. Мемлекет басшысы Фирузаны әлем чемпионы атағымен құттықтады.

«Талантты спортшы Фируза Шәріпованы IBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін өткен бәсекедегі сенімді жеңісімен құттықтаймын. Алдағы уақытта да табысқа жете беруіңе тілектеспін!», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де.

Бұл кеште қазақстандық боксшы бəсеке тізгінін бірден қолға алып, соққыларын қарсыласына дəл дарыта білді. Аяғымен де жылдам қимылдаған Фирузаның басымдығы айқын көрінді. Оның жойқын соққысына шыдай алмаған Х.Дауди бесінші раундта жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Осылайша кəсіби боксқа қайта оралған 25 жастағы Ф.Шəріпова қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.

Фируза бұған дейінгі жекпе-жегін 2019 жылдың сәуір айында өткізіп, ресейлік Анастасия Тришеваны (0-1) үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын. Хэппи Дауди айқастардың барлығын өз отанында – Танзанияда өткізген. Ол рингке соңғы рет желтоқсанда шығып, алты раунд нәтижесі бойынша отандасы Сиджали Рашидиді (0-1-1) төрешілердің бірауызды шешімімен ұтқан еді.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button