АймақСәтбаев

Айуан ауыздықталды

Өткен бейсенбінің кешінде кеншілер қаласы әбігерге түсті. Тұлымшағы желбіреген бес жастағы бүлдіршін жоғалғаны туралы хабар шаһар жұртшылығын дүрліктірді. Оқыс оқиға жөнінде жедел құлақтанған тұрғындар полиция қызметкерлері мен еріктілерге қосылып, жоғалған қызды іздеуге шықты.

Айуан ауыздықталды. Көпқабатты үйдің бірінші қабаттағы пәтерінен табылды. Бұл жерде сол үймен жапсарлас салынған тойхананың бейнебақылау құрылғысының көп көмегі тигенін айта кеткен абзал. Түн ортасына қарай, тойхана иесін шақыртып, бейнежазбаны қарағанда, кешкі сағат 20.30 шамасында інісімен бірге үйдің кіреберісіне енген кішкентай қыз баланың қайтып шықпағанына көз жетті. Бұған дейін бір мәрте пәтерлерді аралаған тәртіп сақшылары тағы бір сүзіп шыққанда, үрейден үні шықпай қалған баланы тапты.

Әлеуметтік желінің әлеуетіне тағы бір куә болдық. Сол аумақта сеңдей соғылысып, таса-тасаны қалдырмай тінтіп жүрген іздеушілер санаулы минутта әлгі үйдің алдына жиналып қалды. Қызуқандылыққа салынған кейбіреуі қолға түскен күдіктіні өздеріне беруді талап кетті. Оның соңы қоғамдық тәртіпсіздікке ұласып кетпеуі үшін қосымша күш тартылып, жағдай бақылауға алынды. Жәбір көрген жеткіншек ауруханаға жөнелтілді. Күдіктінің қолына кісен салынды.

* * *

Жұма күні облыс басшысы Жеңіс Қасымбек кеншілер қаласына келді. Қоғамдық тәртіпті және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті шарасы жан-жақты қарастырылған жедел штаб жиынын өткізді. Мәселені ушықтырып алмаудың жолын ақсақалдармен ақылдасты. Жергілікті телеарна арқылы орын алған оқыс оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады, құқық қорғау органдары әділ және адал тергеу жүргізуі үшін барлық күш-жігер жұмсалатынын жеткізді.

Қазір құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық кодексінің адам ұрлау және жас баланы зорлауға қатысты екі бабы бойынша тергеу амалдарын жүргізуде.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button