Бағы жанған отандық бизнес

Бизнес, оның ішінде шағын және орта бизнес экономиканың маңызды ағзасы. Кез келген жағдайға бейімделе алатын, кез келген сын-қатерден шығынсыз шығуға қабілетті бизнестің осы саласы жұмыссыздық проблемасын шешуде де екі тізгіннің бірін ұстап отыр. Ресми деректер дамыған елдерде шағын бизнес өкілдері ұсынатын жұмыс орны 50-ден 90%-ға дейін екенін көрсетеді. Демек, экономикасын дамытуды көздеген кез келген елдің осы салаға жіті көңіл бөлуі керектігін өмір өзі дәлелдеді.

Жалпы, өзге елдермен салыстырғанда Қазақстанда кәсібін дөңгелетемін, өзімді ғана емес, өзгенің де нәпақасыз қалмауына көмектесемін дегеннің алдын орап, жолын кесіп жатқан ешкім жоқ. Мемлекет тарапынан қабылданған әр түрлі бағдарламалар арқылы қалаған ісімен айналысып, ел экономикасына «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болса да сеп жасасаң, құба-құп. «Еңбегіне қарай – өнбегі». Демек, уақыт пен күшті сарп етіп, адал ақша тапқанның алдынан даңғыл жол ашылды дей беріңіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та отандық бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлуде. Әсіресе, орта және шағын бизнес өкілдері бұл шарапатты ерекше сезініп, 2020 жылдан оның даму барысы өзгеретін болған-тын. Яғни, 1-ші қаңтардан үш жыл мерзімге шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде, микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге, профилактикалық бақылауға және қадағалауға жарияланған мораторий күшіне енді.

Одан бөлек, індет салдарынан елімізде карантин жариялауға мәжбүр болғанымызда, болашағына алаңдаушылық танытып, мемлекеттен қолдау күткен отандық бизнес өкілдері өз проблемаларымен өздері бетпе-бет қалған жоқ.

Ал, күн тәртібіндегі негізгі әрі басты мәселенің бірі – бизнес ахуалды жақсарту болған 23 маусымдағы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Мемлекет басшысының тапсырмасымен үш жылға дейін аталмыш бизнес өкілдеріне мораторий енгізілгеніне тоқталып, жылдың соңына дейін бизнестің барлық санаттағы субъектілері үшін жаңа салықтық тексерулер жүргізілмейтінін айтты.

Руслан Ерболатұлының мәліметінше, 2020 жылғы 1-ші қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар, әлеуметтік төлемдер және мүліктік салық бойынша мөлшерлемелер нөлге тең болмақ. Ал, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жыл соңына дейін жер салығының мөлшерлемесі нөлге дейін төмендетілген болатын.

Одан бөлек, асыл тұқымды мал өсіретіндер үшін де жеңілдіктер қарастырылды. Олар қосымша құн салығын импорт үшін есепке алу әдісімен төлесе, биылғы жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын қосымша құн салығы 8%-ға дейін төмендейді.

Шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі де ұзартылды.

Бұған дейін өңір кәсіпкерлерімен мәселелер талқыланып, Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында 43 қосымша іс-шарадан тұратын бизнесті қолдаудың жоспары әзірленген болатын. Жоспарға сай сатып алуды жеңілдету, қазақстандық үлесті дамыту, ауыл шаурашылығы техникасы лизингін қаржыландыру және кредиттерді қайта қаржыландыру мүмкіндігі кеңейе түседі. Одан бөлек, тауарлар экспорты дамып, рәсімдер жеңілдетіле түспек.

Осы орайда, Үкімет басшысы Асқар Мамин осы шаралардың табысты жүзеге асуы кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға серпін беретінін, «Doing Business» рейтингіндегі позицияны жақсартуға ықпал ететін айтты.

Экономиканың іргетасын қаламаса да, қабырғасының мінсіз өрілуіне айтарлықтай үлесі бар шағын және орта бизнес ерекше қолдауға мұқтаж. Бір қарағанда, түкке тұрғысыз тәрізді көрінгенімен, ел экономикасының үлкен бөлігін қамтамасыз етіп отырған да осылар. Қиын-қыстау сәтте де кез келген ел шағын және орта бизнеске арқа сүйейді. Ал, елімізде бизнеске жасалған ауқымды көмек, экономикамен қатар, әлеуметтік жағдайды да тұрақтандыратыны сөзсіз.

Салтанат ІЛИЯШ.