Жаңалықтар

Самарқанның көк тасы жібіген күн

Наурыз тойы. Шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, яғни ұлыстың ұлы күні. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын Шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Наурыз шығыс елдері үшін – бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі болып саналады. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек. Қазақ халқы да жыл басы мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды әдетке айналдырған.

Бұл осы мерекені тойлайтын халықтар үшін аса зор салтанат, ұлы жиын. Орта Азия мен Қазақстан тұрғындары бұл күнді “Самарқанның көк тасы жібіген күн ” деп те дәріптейді. Бұл да наурыз күніне байланысты сөз. Бұл қыс бойы қатып жатқан табиғаттың көктем келгенде еріп, жаңа түрге енуі сияқты адамдардың да мінезі мен пейілі кеңіп, мейірімі оянып, кек сақтамай, табиғаттай болып, жайнап жасарып, рухани жаңаруы дегенді білдіреді. Оның бірнеше мәні бар. Бірінші, аңызда әйгілі астроном Ұлықбек (1394-1449) обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22 наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді – мыс. Екінші, бұл күні әр адам қателігі болса кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірмесе, «бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен. Сол сияқты бұл күннің әлемге жылулық әкелетін сәтінде бейнелеп айтқан. Үшінші, ертеде наурыз күнінде өз қатесін түсініп, кешірім сұраған қылмыскер мен жазаға ұшырағандарға да кешірім жасалатын болған. «Меніңше, Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылылығымен байланыстырып өткізген дұрыс. «Самарқанның көк тасы еритін күн» деумізге себеп – Самарқанда әйгілі Ақсақ Темірдің тағы бар, бұл күні қаһарлы ханның қаһары жібиді, егер біреу өлім жазсына кесілсе, соған өлім бұйыртпай аман алып қалатын райынан қайтаратын күн бұл» (М.Арын). Осыдан әз наурыздың қасиеті мен шапағаты ізгілік пен жақсылықа бастайтын ерекше күн екенін аңғаруға болады.

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 –наурыз түні даланы Қызыр (Қыдыр ) аралайды екен. Сол себепті осы түн – «Қызыр түні» деп аталды. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял – ғажайып персонаж. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен.

Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да сібірлеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді. Сондықтан да, қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күнгі таңғы сағат 3-те қарсы алады, дәл осы сәтте даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасын ерітетін болса керек. «Самарқанның көк тасы» – ұлтымызды рухтандыратын, Наурыз мейрамының әдемі бір бояуын бойында сақтаған сөз. Сондықтан Наурыз мейрамы ұлттық мейрам болып аталып өтетін болғандықтан, мейрамды халықтың бір күндік шеруі қылмай немесе Латын Америкасындағы халықтардың карнавалы сияқты емес, келер ұрпаққа берер тағылымы мол ұлттық мереке ретінде өткізу қажет (Н.Алдашев). «Самарқанның көк тасы еритін күн» дегенде ата – бабаларымыз осыны меңзеп айтқандай.

Ата – бабаларымыз үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты, кешіріммен қарауды, ұрпаққа өнеге болатындай іс істеуді, даналық пен ұлағаттылықтың үлгісін көрсетуді және салт – дәстүрлерді, әдет – ғұрыптарды сақтап қалу бағытындағы дәстүрді қай сөзінде де ылғи өнеге етіп қолданған.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ, тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button