Жаңалықтар

«Амал келді, жыл келді!»

Қыстың қарымен бірге көңілдің де тоңын жібітіп, адамзат атаулыны айрықша күйге бөлейтін ұлық мереке келе жатыр. Көктемнің алғашқы нышаны сезіліп, жер-дүние жаңарғанда бір жылды артқа тастап, жаңа жылдың жаршысындай болып келеді-ау бұл айыңыз. Ескінің жұрнағы болып қалған Көрісу мерекесі – сол Наурыздың алғашқы күні. «Амал келді, жыл келді» деп ел қуанатыны содан. 14 наурызда басталған Көрісу мен 21 наурыздың арасы – тұп-тура бір апта. Ескінің жұрнағы дедік қой. Мұның батыс өңірлерде тойланатыны белгілі. Ал, Орталық Қазақстанда бұл мерекенің лебі сезіле ме?

Көрісудің мән-маңызы неде? Бұл туралы әр жерде айтылып та, жазылдып та жүр. Дегенмен, мұның 22 наурызбен қандай байланысы бар деген сұрақ туындайды. Мұны Қазақстанның басқа аймақтары неге тойламайды деген сұрақтар да санада тұр.

– Көрісу мерекесі – исі қазаққа ортақ. Бірақ, бұл батыс өңірлерде сақталып қалды. Батыста мұны «Амал мерекесі» деп те айтады. Дәл осы күні біздің ауылдың үлкендері (батыс аймақ) жастарды 7-8 шақырым жердегі көрші ауылдарға «көрісіп кел», «Қыстан аман шықты ма екен, хал-жағдайларын сұрап, амандасып кел» деп жіберетін. Байқасақ, мұның үлкен мән-маңызы бар. Бұл күн бәріне қуаныш сыйлайды. Көктем табиғатты жаңартады ғой, сол сияқты бұл күні көңілдің де кірбіңі кетіп, адам жаны тазарады, бауырласады. Тіпті, «жыл келді» деп үйді, айналаны тазартады, ағаш егеді.

Қазақстанның әр өңірінде көрісу әртүрлі сипат алған. Мысалы, оңтүстік аймақтарда тек қара жамылған отбасына ғана көрісуге келеді. Орталық Қазақстанда көрісу мерекесі аса тойлана қоймайды. Дегенмен, соңғы 4-5 жылда осы мерекені атап өтуге ден қойды, – дейді театр тарланы Кеңес Жұмабеков.

Рас, Наурыздың алғашқы күні осылай мәре-сәре болып көрісіп, құшақтасып, амандасудан, жылдың келгеніне қуанудан басталады.

Амал мерекесін барша қауым болып тойлауға еш кедергі жоқ. Тек, көрісудің санада сарсылып қалғаны болмаса… Кең көлемде тойланбаса да, биыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ата-бабаларымыз ежелден «Амал келді, жыл келді» деп ерекше қуанышпен қарсы алатын мерекемен құттықтауында үлкен мән бар.

«Бұл мерекенің практикасы – батыста, теориясы – шығыста» деп белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали айтқандай, расында да жазылған көп деректен осыны байқауға болады.

Ұлы Абайдың:

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Көрісіп, күлімдесіп, құшақтасып» деген өлеңінде көрісудің бар екенін аңғартса, Шоқан Уәлиханов астрономиялық күнтізбені сызғанда, жылдың басы наурыздан басталатынын көрсеткен», – деп мысал келтіреді мәдениеттанушы.

Сонымен қоса, Мәшһүр Жүсіптің жазғандары мен Ахат Шәкәрімұлының жазбалары да осыған дәлел.

«14 наурызды жылдың басы деп атау керек. Наурыздың бірінші күні – Көрісу болса, ол наурыздың рәсімі, ғұрпы, жоралғысы. Амал деген күн жыл бойына он екі шоқ жұлдызды аралап өтеді. Осы күні тоқты шоқжұлдызындағы амал, хамал деген жарық жұлдызға келіп жақындайды. Сонда жерден қараған жұлдызшаға күн мен амал жұлдызы беттесіп кеткендей көрінеді. Былай айтқанда олар астрономиялық жағдайда көріседі. Міне, осы күні көктем басталады. Күн жылынады», – дейді ол.

Қазақ халқы жыл басын 22 наурызда күн мен түннің теңелуінен бастайды. Ал, батыс аймақтарда 14-нен бастап тойланады. Біз сөзбен айтқанда, Наурызды отыз күн ойынмен, қырық күн тойымен өткізеді. Ал, Орталықта аса тойланбайтынын атап өттік. Алайда, соңғы кездері мектептер мен кітапханаларда іс-шара ретінде ұйымдастырып, атап өтетінін байқадық.

Бұл күн – қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілікке, татулық пен бауырмалдыққа шақырады. Тек батыста ғана емес, басқа аймақтарда да қарқынды тойланса, адамдарды бір-бірімен жақындастыра түседі.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button