Инвестиция – игілік формуласы
Біз – даму идеясы қоғамдық құндылыққа айналған дәуірде өмір сүрудеміз. Тұлғалық дамуға қатысты әдебиеттердің көптеп басылуы, оны қамтамасыз етуге уәде беретін бағдарламалар мен тренингтердің танымалдылығы заманауи әлемде тұлға дамуына ерекше мән берілетінін көрсетеді. Даму құндылығының әсерімен әлемдік рейтингте орын алуға ұмтылған елдер өзара бәсекеге түсті. Ал, бұл бәсекелестік олардың даму қарқынын көрсетеді. Сондықтан, даму қажеттілігін жоққа шығаратын адам да, ел де кемде-кем. Соған қарамастан, бірқатар елдер, тіпті, оның тұрғындары дамуға қатысты бірқатар қиындықтарға душар болатынын білеміз. Мәселен, даму проблемасын елдер деңгейінде алар болса, оны түбегейлі әрі табысты шеше білген дамыған елдер қатарына небары отыз мемлекет қана кіреді. Бұл әлемдегі барлық елдердің он бес пайызынан да аспайды.
Жеке даму деңгейінде табысты нәтижелерге қарағанда сәтсіздіктер жиі байқалады. Мұның себебі неде? Себебі – көп. Ал, негізгілерінің бірі – даму феноменін және оған қол жеткізу үшін қажетті факторларды тым жеңілдетіп жіберуімізде. Көп жағдайда даму дегенде көз алдымызға сандық өсу, болмаса, технологиялық өзгерістер елестейді. Бірақ, даму дегеніміздің өзі күрделі құбылыс, оны сандық өсуге немесе технологиялық дамуға апарып тіреу – проблеманы шешпейді. Осыдан бірқатар елдердің дамуындағы көңіл көншітпейтін нәтижелерін көруге болады. Бір мақаланың аясында бұл күрделі проблеманы шешіп тастай алмайтынымыз анық. Сондықтан, табысты дамуды қамтамасыз ететін маңызды фактор – инвестиция факторына тоқталғым келеді. Бүгінгі таңда «инвестиция» термині өте танымал, әрі «даму» түсінігі тәрізді ол да жайдақталып кеткен, бұл оны қате түсінуге алып келді.
Көп жағдайда нәтижеге жету жолында ақша салу деген ғана түсінік қалыптасқан. Бірақ, инвестиция дегеннің өзі қоғам, ұйым, тіпті, жекелеген адам үшін құндылық ретінде мойындалған сапа, дағды, белгілі бір жайттарды дамытуға бағытталатын ресурс. Маңызды ресурстар ақша ғана емес, ол ең алдымен адамның уақыты мен энергиясы. Ол ақшаға қарағанда маңызды әрі шектеулі. Бұл әсіресе қайтарып ала алмайтын уақытқа тікелей қатысты. Ысырапсыз жұмсалған ақшаның орнын толтыруға болады, бірақ босқа өткізген уақытымыз бен негізсіз пайдаланылған күшімізді қайтарып ала алмаймыз. Бұл адамның болсын, компанияның болсын дамуын тежеп, кері сүйрейді.
Өкінішке орай, көптеген елдерде қарапайым адамдар түгілі, элитаның өзі инвестиция құрылымын мұқият ойластыра алмағандықтан, өздерінің салымдарынан ойлаған нәтижелерін ала алмайды. Сондықтан, табыстылықты арттыру үшін уақыт және адам күші тәрізді инвестицияның құрамдас бөлігіне назар аударған жөн. Сонда ғана ұқыптылық пен тәртіпке үйреніп, адамның даму мүмкіндігіне ықпал ететін негізгі фактор ретінде білім мен дағдыны дамытуға көңіл бөлетін боламыз. Егер, дамыған елдер инвестициясының құрылымына талдау жасар болсақ, осы аспектілерге ерекше ден қойылатынын байқар едік. Бұл әлбетте, сәйкес нәтиже де береді.
Уақытымыздан, күш-жігеріміз бен қаражатымыздан тұратын ресурстарымызды сала отырып, инвестиция қайтарымдылығын арттыру үшін оларды қайда жұмсайтынымызды нақты ұғынуымыз керек. Инвестицияны бөлу кезіндегі нақты талдау өзімізге не аламыз, өміріміздің қай тұсын бекемдей түсетінімізді айнықтауға мүмкіндік береді. Ресурсымызды бөлудегі мұндай талдау нақты әрі объективті картинаны көруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, күшімізді, уақытымызды және қаражатымызды дұрыс бөлу оны қайда жұмсаудың керек еместігін де көрсетеді. Егер ресурсымызды той тойлауға, қымбат заттар сатып алуға, ал, уақытымыз бен күшімізді біліміміз бен кәсіби деңгейімізді арттыруға емес, бос әңгіме мен қажетсіз қарым-қатынастарға жұмсар болсақ, онда дамудан кенже қаларымыз сөзсіз.
Адам өзін-өзі алдауға және тоқмейілсуге бейім. Келеңсіз іс-әрекетімізді жасырып, танымал коуч Клейтон Кристенсен айтқандай, «өзі жасамаған инвестициялардан пайда табуды» армандайды. Бірақ, табыстың бұлжымас заңдылығы бар. Ол – үздіксіз және тұрақты түрде күш жұмсау, салым салу. Бұл – айнымас шындық. Қазақ даналығы «Еңбегіне қарай – өнбегі» десе, орыстар «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» дейді. Ал, ағылшындар үшін «Тегін ештеңе келмейді, әрі оның құны да жоқ». Өздеріңіз көргендей, уақытың мен күшіңді сарп етіп, еңбек етпей, нәтижеге жету мүмкін емес.
Бірақ, инвестициялардың өнімсіз түрлерімен қатар, біраз адамдар тәжірибелеріне енгізген деструктивті салымдар да бар. Айтпағымыз, күш-жігерімізді сарқатын көреалмаушылық пен өкпе-реніш жайында. Мұндай адамдар айналасындағыларға, билікке, қоғамға, тіпті, ауа-райына, уақытқа да өкпелеп, өздерінің жігерсіздіктері мен жалқаулықтарын осы арқылы ақтауға тырысады. Жақсыға ұмтылып, өмірін сәл де болсын жақсартуға тырыспайды. Ал, айналадағының бәріне өкпелеу адамның негізгі және басты мақсатына айналғанда ол өзін даму мүмкіндігінен айырып қана қоймай, бірте-бірте құлдырауға ұшырайды.
Инвестицияны роботтар емес, өзіндік құндылықтары бар адамдар жинақтайды. Сайып келгенде, әрқайсымыздың инвестициямыз өміріміздегі құндылықтарға, өзіміз үшін маңызды дүниелерден құралады. Мәселен, адамдар белгілі бір әлеуметтік мәртебеге қол жеткізу үшін осы қоғамдық позицияларға қол жеткізуге және орнығуға мүмкіндік беретін атрибуттар мен қатынастарға көп көңіл бөледі. Оны бірінші қажеттілікке айналдырады, ал әлеуметтік мәртебеге қатысы жоқтың бәрін керексіз қылып, тіпті, елең де қылмайды. Басқалай айтқанда, өздерінің көңілдері қалаған құндылықтардан басқаларды елеуден қалады. Джо Диспенза «назарыңыз ауған жаққа энергияңызды да жібересіз» дейді. Сондықтан, дамимыз десек, басты артықшылығымызды анықтап, заманауи әрі табысты адамға айналу үшін энергиямызды дұрыс бағыттауды үйрену керек. Ал, елімізде өз ресурсын дұрыс инвестициялайтындар көп болса, дамыған елдер қатарына кіретініміз сөзсіз.
Есет ЕСЕНҒАРАЕВ,
Қазтұтынуодағы ҚЭУ экономикалық және зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері.