Жиырмаға жуық жоба бар

Сәтбаев қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы үш млрд. теңгеден астам 18 жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы қала әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВ онлайн-конференцияда мәлімдеді.

Қалада жол картасы бойынша мектептер мен балабақшаларды жөндеу, оқушылар сарайы мен 320 орындық жаңа балабақша салу, жолдарды жөндеу және салу, №3 сорғы станциясын инженерлік-техникалық нығайту жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, жұмыстарға 800-ге жуық адам тартылмақ. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 361 жұмыс орны ашылды.

– Біз облыс басшылығының тапсырмасына сәйкес, карантин кезеңінде азаматтарымызды қолдау үшін барлығын жасауға тырысамыз. Қиындықтарға қарамастан, жұмыс орындарын құрып, экономикалық әлеуетті арттырудамыз, – деп атап өтті Асқар Ыдырысов.

Ол жұмыс іздегендерді жұмыспен қамту орталығына жүгінуге шақырды. Ең төменгі жалақы – 85 мың теңге.

Сондай-ақ, Сәтбаев қаласының әкімі карантиндік шараларды сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

– Барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтауға, маскалар киюге, антисептиктерді пайдалануға және әлеуметтік қашықтықты ұстауға шақырамын. Қазір біздің қалада адамдар өз денсаулығына ерекше мән бере бастады, – деді ол.

Өз тілшімізден.

СӘТБАЕВ қаласы.