Қайсар мінезді Анар

Әйел затының жаны нәзік, табиғаты сұлулық пен көркемдіктен тұрғанымен тұла бойына қайсарлық пен батылдық қасиеттерін ұштастыра білетін арулар баршылық. Қазақстан полициясының қатарында қызмет атқарып жүрген ержүрек қыздарымыз аз емес. Бүгін солардың бірі туралы әңгіме өрбітпекпіз.

Тарихтан белгілі небір батыр қыздарымыз жаудан жасқанбай, намысты қолдан бермей батыл қадамдар жасаған. Сондай батыр да, батыл қыздарымыз бүгінгі бейбіт заманда да бар. Ерлермен иық тіресе жүріп, нақты шешімдер қабылдап, қызмет мүддесін жеке басынан әлдеқайда жоғары қоятын ер мінезді офицер қыздарымыздың бірі, табандылықты ту еткен Қарағанды қаласының полиция басқармасы Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің басшысы, полиция майоры Анар Сәдуақасова.

«Бала арманы бұлыңғыр» демекші, бала кезімде қиялшыл, арманшыл болатынмын» дейді Анар Абзалқызы. «Бойжеткен шағымда, шамамен үшінші курста оқып жүргенімде полиция қызметкері болуды армандай бастадым. Шыны керек, сол кезден бастап, болашағымды бағдарлауды қолға алдым. Полицейдің жүріс-тұрысы, киген киімі маған қатты ұнайтын. Даладан полиция қызметкерін көргенде өзімнің болашағымды көргендей болатынмын» деп еске алады ол. Сөйтіп, қиялын шындыққа айналдырып, арманына қол жеткізу үшін Анар Абзалқызы көп ойланбастан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне заңгер мамандығы бойынша оқуға түседі.

Ішкі істер органдарындағы қызметін Михайлов полиция бөлімінің ақпараттық-аналитикалық тобының технигі лауазымынан бастайды. Ақпараттық базалар жүйесін жетік меңгеріп, сол жерде инженер, кейін аға инженер болып бірте-бірте жоғарылай бастайды. 2010 жылдың сәуір айынан бастап, 2019 жылдың тамыз айына дейін Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің инспектор-кезекшісі қызметін атқарады. Осы уақыттарда өзін жинақы, тапсырылған жұмысты асқан жауапкершілікпен орындайтынын көрген басшылық кезекші бөлімнің басшысы лауазымын ұсынады. 2019 жылдың тамыз айынан осы күнге дейін кезекші бөлімнің басшысы лауазымын абыроймен атқаруда.

Полиция майоры Анар Абзалқызының қызметтік міндеттері аз емес. Ол кезекші бөлімнің жұмысын тиімді ұйымдастырып, қарамағындағы қызметкерлердің жұмысын бақылайды. Қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы келіп түскен хабарламалар мен арыздардың уақытылы тіркелуін қадағалап, кезекшіліктегі жедел тергеу тобының қызметкерлеріне нұсқаулық жүргізеді. Сондай-ақ, қызмет көрсететін аумақтық криминогендік жағдайға талдау жасау сынды міндеттерді абыроймен атқарып жүр.

Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің кезекші бөлімінде 4 жедел кезекші, 4 инспектор-кезекшісі, 4 кезекші көмекшісі қызмет атқарады. Осы 12 қызметкерден басқа күн сайын тергеу жедел тобына кезекшілікке түсетін 12 қызметкердің жұмысын бақылау да оған сеніп тапсырылған жауапты іс. Қаншалықты жаны нәзік болса да, қызметте қайсарлық пен табандылықты қолдан бермейтін Анар Абзалқызын әріптестері «Қайсар мінезді – Анар» деп атайды.

Индира ЕРДАНҚЫЗЫ,

Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімі, ішкі және сыртқы коммуникация тобының инспекторы.