БілімЖаңалықтар

Қазақстан дипломы – Еуропада жарамды

Келер жылдан еліміздегі жоғары оқу орындарының түлектеріне жаңартылған қосымшалары бар диплом беріледі. Қосымшада елімізде алған жоғары білім біліктілігінің еуропалық біліктілік санатымен сәйкес екені көрсетілмек.

Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, еліміздің жоғары білім беруге қатысты ұлттық біліктілік шеңберінің өздігінен сертификаттау бойынша есебін Болон процесінің хатшылығы қабылдады. Болон процесі хатшылығы қабылдаған есепті дайындау үшін Білім және ғылым министрінің бұйрығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы, салалық қауымдастықтар және қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері кірді.

Өзін-өзі сертификаттау бойынша есеп Жоғары білім беру үшін ұлттық біліктілік шеңберінің Еуропалық жоғары білім беру кеңістігімен (ҚР ЕЖБК) үйлесімділігін және салыстырмалылығын көрсетті. Бұл Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жөніндегі ұлттық жүйенің еуропалық жоғары білім беру кеңістігінің білім беру жүйелерімен сәтті үйлесімділігінің айқын дәлелі. Нәтижесінде еліміздегі жоғары оқу орындарының дипломдары Еуропа елдерінде жарамды болып танылды. Сондай-ақ, бұл шетелдік азаматтар тарапынан қазақстандық жоғары білімге деген қызығушылықты арттырады деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Болон процесі еңбек нарығында азаматтардың ұтқырлығын дамыту, еуропалық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жоғары білімнің ұлттық жүйелерін үйлестіру мақсатында 1999 жылы 29 елдің білім министрінің бастамасымен құрылған.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button