Білім

Нұрмақов есімі – мәңгілік

ХХ ғасырдың басында Алашорда үкіметінің қайраткерлері қазақ халқының болашағы үшін бар ерік-жігерімен күресті. Алайда, кеңестік жүйе кезеңінен кейін әділдік бағасын алса да, әлі терең зерттелмей жатқан тұғырлы тұлғаның бірі – Нығмет НҰРМАҚОВ. Туғанына 125 жыл толған ұлт перзентінің қайраткерлік жолы мен тұлғалық болмысын насихаттау мақсатында, жалпы орта білім беретін тірек мектебінде «Нығмет НҰРМАҚОВ – халық игілігіне қызмет еткен күрескер» атты дөңгелек үстел онлайн түрде өтті.

Ол жеке басына қауіп төнсе де, қазақ ұлтының мүддесіне аянбай қызмет етуді борышы санады. Үкімет басшысы болып қызмет еткен кезінде, еліміздегі оқу-ағарту саласына көп көңіл бөледі. Нығмет Нұрмақов – қазақ халқының экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірінің дамуына елеулі үлес қосқан, тарихта орны айрықша тұлға. Сол уақыттағы солақай саясаттың қатаң режиміне бағынбай, халық игілігіне қызмет етті. Оның қайраткерлік тұлғасының қалыптасуына Омбыда оқығанында М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Ә.Бөкейханов, Ә.Досов және Г.Потанин сынды ғұламалармен танысуы оң әсерін тигізді. Оның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты отандық тарихшылар, өлкетанушылар, зерттеушілер тың деректер қамтылған мақала-кітаптар жазды.

Биылғы мерейтой аясында көптеген шаралар ұйымдастырылуда.

Дөңгелек үстелдің өтуіне аталған мектептің тарихшы мұғалімдері ұйытқы болды. Шараға Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Тұлғатану» ғылымизерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова бастаған бірқатар мамандар қатысты. Ол аса ірі мемлекет және қоғам қайраткерінің 1920-1930 жылдардағы өмірі мен қызметі жөнінде өз зерттеу жұмысымен бөлісті. Оның басшылық қызметі жайында тың деректер келтірді. Ал, ҚарУ-дың тарих факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұртас Смағұлов қайраткер тұлғасына жеке тоқталып, оның кеңестік қызметте жүріп, қазақ халқының мүддесі үшін жан аямай еңбек еткені жайлы тағылымды әңгіме өрбітті.

Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Сәтбек Сламбеков оның өмірі мен қызметі туралы өз білгенін ортаға салса, облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының қызметкері Ардақ Әділбаев қайраткердің ата-тегі, туып өскен ортасы және ұрпақтары жайында тартымды деректер ұсынды. Мектеп оқушылары тарихи тұлғаның Қазақстан үкіметін басқарған кездегі қызметіне тоқталды.

Аса көрнекті ұлт тұлғасының есімін ардақтау үшін Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қарқаралы қалаларындағы көшелерге, Қарағандыдағы №2 дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа, Қарқаралы ауданындағы ауыл округіне есімі берілген. Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған. Біздің ұсынысымыз осындай аса ірі мемлекет және қоғам қайраткеріне Қарағанды шаһарында бір ескерткіш-мүсін орнатылса екен дейміз. Сонымен бірге, қаладағы көшесін де көрінетін көріктілеу тұсына ауыстырса нұр үстіне нұр болар еді.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ интеллигенциясы кешкен тағдыр тауқыметін Н.Нұрмақов та басынан өткерді. Арманда кеткен арыстардың қиын тағдырын кейінгі ұрпақ көрмесін деп тілейік. Н.Нұрмақовтың есімі мәңгі ел жадында сақталары анық.

Ақжол ТІЛЕГЕНОВ,

педагогика ғылымдарының магистрі,

Үштөбе тірек мектебінің тарих пәні мұғалімі.

Басқа материалдар

Back to top button