Қарағанды

21 адам үйден дауыс береді

Қарағанды облысында сайлаушылар тізіміндегі бірінші рет дауыс берушілердің саны 6 мыңнан асып жығылады. Ал ең егде дауыс берушілер яғни, 90 жастан асқан сайлаушылар қатары 2 мыңға жуық.

Қарағанды облысы сайлау комиссиясының хабарлауынша, Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Демократиялық институт және адам құқықтары бюросының байқаушы миссиясы өкілдері келді. Сонымен қатар, ТМД елдерінен келген байқаушылар да бар.

Қарағанды қаласындағы №12 сайлау учаскесінде 2467 сайлаушы тіркелген. Бұл учаскеге тиесілі мекен жайларда қаланың байырғы тұрғындары тұрады. Сайлау учаскесінің төрағасы Владимир Приздің айтуынша, учаскеге 2492 бюллетень берілген. Таңғы сағат 6.00-де сайлау учаскесі ашылып, тура 7:00-де жұмысын бастады.

– Біздің №12 сайлау учаскесінде 2467 адам бар. Бізге бір тәулік бұрын 2492 бюллетень берілді. Олар сейфке салынып, күзет қойылды. Таңғы 6-да сайлау учаскесі ашылғанда байқаушы және сенімді өкілдерден құралған 10 адам келді. Оларға сайлау учаскесінде сайлау барысын бақылау үшін барлық жағдай жасалды. Оның ішінде президенттікке үміткерлердің 2-і сенімді өкілі, 8 адам түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардан бақылауда. 21 адам үйден дауыс береді. Бірінші рет дауыс беруші 89 адам бар. Алғашқы келушілер мен бірінші рет дауыс беруші жастарға сый-сияпат жасалды, – дейді Владимир Николаевич.
Байқаушы Нұрлан Наурызов қазіргі уақытқа дейін дауыс беру кезінде ешқандай заң бұзушылық орын алмағанын айтады.

– Қазіргі уақытта Қарағанды қаласындағы №12 сайлау учаскесінде дауыс беру қарқынды жүріп жатыр. Отбасыларымен келіп дауыс беріп жатқандарды көріп отырмыз. Келушілердің көңіл күйі жақсы. Сайлау комиссиясы өз жұмысын тиісті деңгейде атқарып отыр, – дейді Нұрлан Наурызов.

Аталған сайлау учаскесінде сағат 9-ға дейін 130 адам келіп дауыс берді.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Back to top button