Әйел барда биікпіз һәм бүтінбіз

Әйел! Мың бір ғажап, жүз бір құбылыс. Қырық үйден тыйылып, қырық шырағын жаққан әйел заты Тәңірдің жалқы жаратылысы екенін етек жеңін ерте жиған Еуропа да мойындады. Еліміз ежелден әйелге ұлттың қалыбы деп мәртебе берген екен.    Асылында, дала парасаттылары, яғни, жыраулар әйел – адамзат тіршілігінің көзі, құнды бөлшегі екенін әуелден білген. Жыраудың қайсы болмасын, әйелге бір соқпай кеткен емес. Мысалыға Ақтамберді, «Мінезді болса алғаның, Одан артық жар бар ма?!» деп түйсе, Шал ақын «Уа, жігіттер, Әйел алсаң, қарап ал, ақылдысын» дейді. Майлықожа да «Көргенді жерден қыз алсаң, Атыңды ерттер жүгендеп» деп өсиеттесе, Қашаған жырау «Біздің елде сіздердей жас келіндер, Сөйлемейтін еді ғой төмен бұғып» деп әйелдің өрлігін тілге тиек етеді. Бертін келе жазушы Мұхтар Әуезовтің әйел турасындағы тұжырымдары тағы бар. Ол ер адамның қоғамда алатын орнын суреттей келіп, «Қай уақытта, қай халықта болсын, білім жолында жұрт қатарына жетерлік халық болу жолында ең керекті шарт – ақ жүректі екпінді ерлер (Әйелдер). Халықты ілгерілететін солар. Оларсыз мақсатқа жақындау мүмкін емес» деген сипаттама береді.Қазіргі қазақ әйелі байырғы қазақ әйелінің классикалық үлгісін сақтап қалды және жаңа мазмұнмен толықтырды деп нық айта аламыз. Біз үшін қазіргі қазақ әйелі – аса көрікті, ақыл-парасаты артқан зиялы қауым қатарында. Бүгінгі біздің қоғамның ішкі көрінісінде әке-шешеге жаққан сүйкімді қыз, ұжымында үлгілі әрі озық қызметкер, отбасында адал жар, аяулы ана, әулетке сыйлы кемеңгер әже атанып жүрген қазақ әйелін көресіз. Бұл әйелдер ермен тең не асты деген ұғым емес. Бұл екі жаратылыстың тоғысып, толыққан тұсы. Ер намысының әйел арымен өлшенетіндігінің айнымас айғағы ғана.

Әлемдік мәдениеттің ордасы Еуропаның атасы көне римдіктер әйелдеріне теңдік бермеген. Ұлы ойшыл Аристотельдің пайымынша, әйелдер тек ер адамның ұрпағына жан берер жаратылыс деп саналған. Оның түсінігінде, әйел заты сәбидің уақытша қонысы һәм жарық дүниеге шығар жолындағы аялдамасы. Оған қоса әйелдің бойында нәзіктік басым болуы оның адамгершілік жағынан жетілмегендігінің себебі. Сондықтан, әйел ер адамға бағынып, айтқанын мүлтіксіз орындауы тиіс. Бір қызығы, Аристотель қоғамдағы әйел мен ер адамның мұндай жағдайын әлеуметтік теңсіздік деп емес, керісінше қалыпты жағдай деп есептеген. Ал, біз біліміне бас иген Сократтың өзі әйел туралы «үш нәрсені бақыт деуге болады» деп білген. «Сенің жабайы жануар еместігің, сенің грек екендігің және сенің әйел емес, еркек екендігің» деп әйелді адамзаттың қоры көрген секілді. Бұл аз десеңіз атақты француз ойшылы Вольтер жазады, «Әйел – бұл бір адамзаттың киінетін, бос сөйлейтін, шешінетін жаратылысы» – деп. «Жалғыз жарға адалмын, күйемін, сүйемін» деп көпнекелілікке түбегейлі қарсы Еуропаның бұған дейінгі ойы мен пайымы бұл. Ал, қазақ сонау әлімсақтан қабырғасымен кеңесе шешкен істің келте болмасын білген. Сондықтан, «Алпыс басты ақ орданы алпыс еркек толтыра алмайды бір әйел толтырады», – деп бекер айтпаса керек-ті. Біз бүгін «әйел ерден бір саты төмен тұру керек» деген тәмсілді бұра тартып, бұрмалай сөйлейміз. Кешегі Кеңестік дәуірдің таңбалаған тыртығы былай қалды біздің санада «Ер бала туса, оның ынта-зейіні болмаса да, оқытып-тоқыту керек, ал, қызға келгенде, қыз ғой ұят болады деп тігінге, шаштараздыққа бейімдеген жөн, әйтпесе бұзылып кетеді» деген. Бұзылған әйелдің бәрі оқығаннан бұзыла ма екен? Әлде оқу адамды бұза ма? Енді мынаған зейін салайық қыз бала оқыса ол түбінде бала-шағаның анасы болады. Ал, ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере ала ма?!

Қазақ халқы әйелді жоғары бағалағынын қыз күнінде, кейінгі жат жұрттық өмірінде де оны қадірлеп, қолдан келер құрметтің бәрін жасағандығынан біле берейік те. Бәрімізге таныс жағдай тұрмысқа шыққан қыздың төркініне қонаққа келуі. Басқа елдің, басқа отбасының босағасын аттаған қыз туып-өскен үйіне төркіндеп келгенде қазақ құдайындай күтеді. Төріне шығарып, жылы-жұмсағын қызы мен жиендерінің аузына тосады. Оны үй шаруасына да араластырмай, асықпай демалуына жан-жақты жағдай жасайды. Таныс жағдай ма? Бұл бір тағылымға толы салт десек те жаңылмаймыз.

Қорыта келсек, қазақ әйелі қазір бесаспап. Енді тек ғарышқа ұшуы ғана қалды…

Дана халқымыз «Асыл әйел – әрі еркек, әрі әйел» деп бекер айтпаса керек-ті.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.