Тұлға

Әр туындысы – қымбат қазына

Ауыл тақырыбын әр жазушы жазады. Туған топыраққа деген сағынышын, оның киесін, құдіретін жеткізуге тырысады. Ал, саналы ғұмырын ауылда өткізіп, ауыл адамдарының бейнесін айнытпай сомдау, оқырманның жүрегін солқылдата, жеріне жеткізе жазу екінің біріне бұйырмайтын бақ. Осындай батпан жүкті арқалап, жан дертін жазумен емдеп жүрген, 80 жасқа келсе де қолынан қаламы түспеген жампоз жазушы – Өмір КӘРІПҰЛЫ.

Оның әр туындысынан тынымсыз еңбек пен ұйқысыз түндердің, күлкісіз күндердің жұпар иісі аңқиды. Созылып жатқан қазақ даласының қақ жүрегі саналатын Сарыарқа жері оған мәңгі шабыт тұлпарын сыйлады. Өмір аға сол туған топырақтың аманатына адал бола білген мәрт жүректі бірегей қаламгер. Әлі де тың шабысынан танбай, құлдилап келеді. Оқырманын таң қалдырып, осқырынып желеді. Қалың қазақ аман болса оның әлі талай шаһқар туындысын көреді.

Өмір ағаның шығармашылығы туралы ұзақ айтуға болады. Бірақ, қанша айтсақ та өзі сынды көсіле алмаспыз. Оны сезіну үшін ауылдағы әжелердің кебежесінде жылдап сақталған сықпа құрттың таңсық, түршек дәміндей тұщымды дүниелерін жата-жастана оқу керек. Әсіресе, ғаламторға шырмалып, қазақтың шұрайлы тілінің киесін сезінуден қалып бара жатқан жас буын оқып, бойға сіңіруі қажет. Оның әр шығармасы таптырмайтын, қолға түсе бермейтін қымбат қазына.

Шығармаларымен жақын таныспын. Бір жаңа дүниесі жылт ете қалса, қалт жібермеуге тырысамын. Кейіпкерлері соқталы, замана тамырын дөп басқан, әдеби талаптарға толық жауап беретін көркем дүниелер. Біз Өмір ағадай қаламға адал жазушылармен мақтанып, ардақтауымыз керек. Мерейтойы қарсаңында белді басылымдардан түйдектүйдек сұқбаттары мен тың дүниелерін оқуға асықпыз.

80 жасыңыз құтты болсын, Өмір аға!

Қаламыңыздың қуаты артып, шабыт тұлпарыңыз шабысынан танбағай!

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,

жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button