Сипаты соны субұрқақ

Бұрандалы шүмек бекітілген шыны құбырдың ішімен көтеріліп, сыртқа асып төгілген су көзге көрінбейтін кеңістіктен келіп жатқандай әсер қалдырады. Сарқылмас судың символындай сипаты соны субұрқақты жұртшылық «Есқұланың қайнары» деп атап үлгеріпті.

– Бұл субұрқақ — қаланы сапалы сумен жабдықтау жылнамасындағы жаңа тараудың басы. Қазір облыс басшысы Жеңіс Махмұдұлының пәрменді қолдауымен Есқұла бастоғанында қосымша бірнеше ұңғыманы қатарға қосу бағытында жұмыс жүргізілуде. Жоба жүзеге асқанда қалаға берілетін су көлемі 2-3 есе артады. Ал, аймақ түгіл елде баламасы жоқ ерекше субұрқақты әлгі жобаны жүзеге асырудың алғы шебінде жүрген жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнының ұжымы өз қаржысына орнатып, қалаға сыйға тартты, — дейді, кеншілер қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.

Субұрқақ Ұлытау көшесінің бойында жылуменсумен жабдықтау кәсіпорнының алдындағы алаңға орнатылған. Келешекте саяжолмен шектесетін алаң қала тұрғындары мен қонақтары тынығатын жаңа демалыс орнына айналады. Бүгінде бірнеше шырағдан орнатылып, орындықтар қойылды, қырланған кеспе тас төселді. 

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.