АймақЖаңаарқа

Адамзаттың абзалы

…Біз ес білгелі ауылымызда 4-5 дәрігер ауысты. Ауыспай келе жатқан дәрігер біреу ғана. Ол – біздің ауылдың сүйікті дәрігері Кенжеш БАЙТОҚОВА.

Кейіпкеріміз Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны, аяулы ана, адамзаттың абзалы, дәрігер. Ол кісінің мемлекеттен алған ордені мен медалі жоқ-ау осы… Бірақ, ел ықыласына бөленгені рас. Ақ түтек боранда, нөсерлі жаңбырда, шіліңгір шілдеде 120 үйлі ауылда кім ауырса соның қасынан табылатын жан. Біздің ауыл шашыраңқы жатқан ауыл. Малға ыңғайлы болсын деп әркім әр жерге үй сала берген ғой заманның кең кезінде. Кейініректе көшенің пайда болғаны… Сол үйлерді жаяулап-жалпылап, қолына жылтыр қобдишасын ұстап алып, ақ халаты анадайдан көрініп біздің бала күнімізде аралап жүретін Кенжеш тәтеміз әлі солай шапқылап жүр. Көлігі барлар көлігімен алдырады. Бұл кісі көлік жібер деп кергитіндерден емес. Белсебетпен де, ат шанамен де жүргенін көргенбіз…

Үлкен қаланың бірінде дәрігер болса бұл кісі профессор дәрежесіне дейін көтерілер ме еді, кім білсін… Себебі, бұл кісі қойған диагнозды үлкен қалаларда да дәл солай қойған оқиғалар жиі кезіккен. «Өтірікшінің куәсі қасында» деген сөз бар еді ғой. Жақтыра қоймайтын тіркесім болса да осы жерде қолданғым келіп тұр. Тоқсаныншы жылдардың соңында, қарындасымның 9-10 жасар кезінде Кенжеш тәте стетоскоппен жүрегін тыңдап отырып «Әже, мына балаңыздың жүрегінде шу бар секілді. Есейіп кетпей тұрғанда тексертіп алыңыздар. Кейін қиын болады. Шамасы ота жасату керек», – дегені бар-тын. Ақырында Кенжекең айтқан диагнозды аудан, облыс растады. Алматыға апарып ота жасатқан болатынбыз…

Ауылымызда Кенжекең укол салмаған адам жоқ десек те болады. Кімнен сұрасаң да «Қолы жұмсақ. Білгір адам ғой. Ауылымыздың келесі дәрігері осы Кенжекеңдей болса ғой», – деп жүрекжарды лебізін білдіреді.

Биылғы жыл қарапайым халыққа, оның ішінде медицина қызметкерлеріне қиын болғанын баршамыз білеміз. Кенжеш тәтеміз пандемия кезінде 15-20 адамға система қойып, сол кісілерді күніне екі мәрте егіп жүрді. Сонда бір қабақ шытқанын, кейігенін көрмедім. Құдай сақтады біздің ауылды. Егер де дәл сол кездің өзінде Кенжекең ауырып қалғанда біздің ауылдың қыраттарында жаңадан 5-6 төмпешік пайда болар еді…

Міне, біз осындай жандарды үлгі тұтуымыз керек. Мемлекет осындай жандарды ескеріп, уақытылы ынталандыруы керек.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button