АймақЖезқазған

Көмекке келді

Қала әкімдігінде облыс дәрігерлерінің қатысуымен “Көпбейінді аурухананы дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспары” деген тақырыпта брифинг өтті. Делегацияны бастап келген облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Гамаль ТОҚСАМБАЕВ жұмыс сапарының мақсаты туралы әңгімеледі.

Металлургтер мекені мен облыс орталығының арасы едәуір жер. Өкінішке орай, аймақта кейбір сырқатқа жоғары кәсіби медициналық көмек көрсетудің мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, көпбейінді аурухананың базасында сол олқылықтың орнын толтыру үшін аталмыш стратегиялық жоспар жасалғалы отыр. Ондағы мақсат — бұрыннан бар емдеу саласын одан әрі жетілдіріп, жаңасына жол ашу.

Стратегиялық жоспар нақты және сапалы болу үшін арнайы келген профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана директоры Д.Құрманғалиев, нейрохирургия және неврология бөлімшесінің меңгерушілері Ғ.Махамбетов пен М.Мазурчак, ситуациялық орталық жетекшісі Е.Шоңбаев, облыстық клиникалық ауруханадағы урология және хирургия бөлімшесінің меңгерушілері С.Жүнісов пен Е.Төлеубаев, Қарағанды қалалық балалар ауруханасының директоры П.Өмірзақова мен перинаталдық орталық директорының орынбасары Б.Оспанов, Саран қалалық орталық ауруханасы директорының орынбасары Ж.Тәліп жергілікті медициналық мекеме қызметкерлерімен кеңесіп, пікір алмасты.

Журналистер сауалына қарағандылық қонақтар мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті өкілдігінің басшысы Ләззат Ранова жауап берді. Стратегиялық жоспарды жүзеге асыру барысында медицина қызметкерлеріне қалыпты әлеуметтік ахуал тудыру, баспанамен қамтамасыз ету, көпбейінді аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі оң шешімін табатын болады. 

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button