БілімЖаңалықтар

Биыл ҰБТ қалай өтеді?

Мектеп бітірушілерге ҰБТ-ны жылына 4 рет тапсыруға мүмкіндік берілгені талапкерлердің қайтсе де жоғары білім алуына негіз болып отыр. Биыл ата-аналар мен талапкерлердің өтініші бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеудің уақытына 10 минут қосылды. Бұл облыста 21-30 маусым аралығына жоспарланған тестілеудің уақыты 4 сағатқа созылады деген сөз.

ҰБТ ФОРМАТЫ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ

Облыстың білім басқармасының мәліметінше, биыл облыста тестілеуге қатысуға 6625 түлек тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға артық. Тестілеуді тапсыру механизмі өзгеріссіз қалды. Тапсырмалар бұрынғыша міндетті және вариативті блок бойынша 120 сұрақтан тұрады.

5 – жоғары оқу орны базасында, 10 жалпы білім беретін мектеп базасында өткізілетін тестілеуді әрбір тілек білдіруші онлайн көре алады. Мемлекеттік білім беру гранттары да білім беру бағдарламаларының топтары бойынша оқыту тіліне қарамай берілетін болады.

КАРАНТИНДІК ТАЛАПТАР – ҚАТАҢ

 Қазіргі таңда коронавирус инфекциясына қатысты карантин іс-шараларғына байланысты облыста ҰБТ өткізу пункттерінің тікелей орындарында санитарлық ережелер қатаң сақталған. Коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайту мақсатында тестіленушінің дезинфекциялық тоннель арқылы өтуі – міндетті. Сондай-ақ, санитайзермен қолды сүртуі тиіс. Мамандар температура өлшеп, бір реттік бетперделерді ұсынады. ҰБТ өткізу кезінде қатысушыларды аудиториядағы қашықтық кемінде – 2 метр. Медициналық пунктердің, жедел жәрдем көліктерінің жұмысы жоспарланып, қоғамдық тәртіп, өрт қауіпсіздігін қорғау қамтамасыз етіледі. Тест өтетін аудиторияларда ауаны желдету және залалсыздандыру жүйелері жұмыс істейді, сондай-ақ пайдаланылған бетперделер үшін урналар орнатылған.

КАЛЬКУЛЯТОР ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАДЫ

 Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, ҰБТ талабы жыл өткен сайын жеңілдеп келеді. Биыл барлық тест тапсырушы талапкерлерге қарапайым арифметикаға арналған калькуляторлар қолдануға рұқсат берілді.

2017 жылдан бастап жоспарлы түрде былайша айтқанда, тест тапсырмалары «жаттанды» түрінен алыстап, біліктілікті бағалауға, ойлау қабілетін дамытуға және талдау жасауға жетелейтін жадыны жаттықтыруға мүмкіндік беруде. Осы орайда Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес тестілеуде калькуляторды қолдануда бірқатар зерттеулер жүргізілген. Тест тапсырмалары, калькулятордың көмегімен, білім мен дағдысыз сұраққа жауап беруге болмайтындай құрылған. Бірақ, түлектерге өзімен бірге калькуляторды алып келуге тыйым салынады.

– Формулаларды, пропорцияларды, аксиомаларды, математиканың теоремаларын, физика заңдарын қалай қолдану керектігін білмей, химиялық реакциялардың процестері мен жағдайларын түсінбей, тест тапсырмаларына жауап беру мүмкін емес. Сонымен қатар, біз халықаралық тәжірибеге талдау жүргізіп, көптеген емтихандарда (SAT, ACT, GRE) калькуляторды қолдануға рұқсат етілгендігін анықтадық. Осылайша, «ҰБТ – 2020» кезінде барлық тестіленушілер қарапайым арифметикаға арналған калькуляторлармен қамтамасыз етіледі, – деді Дидар Смағұлов.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button